«Бір айда электр қуатына 52 мың теңге төледім»: Алматылықтар электр энергиясы тарифінің күрт өзгергеніне наразы

30

“Осы айда 83 мың теңге көлеміндегі төлем келіп тұр”

Ал Alma City тұрғыны тамыз және қыркүйек айларындағы төлемдерін жолдап, электр қуатының төлемі төрт есеге жуық – 20 мыңнан 83 мың теңгеге дейін өскенін көрсетті.

«Жалпы бізде 3 бөлмелі пәтер, 88 шаршы метр. Балаларды санамағанда үйде 5 адам тұрамыз. Негізі бұрынған ақырындап қымбаттағанын білеміз. Айдың соңынан қарай төлеп үзбей төлеп жүрдік. Ал осы айда 83 мың теңге көлеміндегі төлем келіп тұр екен. Соның ішінде 52 мыңы тек электр энергиясына кеткен. Пәтер иелері кооперативіне хабарласып, жазып та көрдім. Олар «сіз бірнеше айдікін төлемегенсіз» деп айтты. Әр ай сайын 20-25 мың теңге шамасында шығатын. Баспананың көлемі үлкен болғандықтан бұл орташа баға деп есептейтінбіз» – деп күйінді Марат.

Осы жолы келген төлемін былтырғы коммуналдық есебімен салыстырдық. Онда ол электр энергиясының өзіне 9 780, 84 теңге төлепті. Ал жалпы шығын 23 335 теңге.

Фото Мараттың жеке архивінен

Алматылық тұрғын Раушан болса тариф өспегенге дейін көп төлемейтінін айтты. Ол тамызда 15 мың теңгеге жуық,  ал қыркүйекте 14 833, 85 теңге төлеген. Ал қазан айында төлем 6 911,24 теңгеге азайған. Оның айтуынша, 2023 жылы сәйкесінше қыркүйекте коммуналдық қызметтерге жалпы 1 891,06 теңге, ал қазан айында 5 691, 44 теңге берген. Соның 1 065,24 теңгесі тек электр энергиясына кеткен.

«Өзім ғана бір бөлмелі пәтерде тұрамын. Пәтердің аумағы 30 шаршы метрге жуық қана. Неліктен сонша көп есептеп жатыр? Одан кейін тамыз айында еңбек демалысында болдым. 1 айдай үйде ешкім тұрмады. «ЭнергоСбытқа» хабарласып едім, нақты ақпарат бере алмады», – деп ашуланды Раушан.

Фото Раушанның жеке архивінен

Раушан электр энергиясының бағасы артуының күнделікті шығындарға әсер еткенін, әсіресе, қысқы кезеңде жылыту құралдары мен тұрмыстық техниканы қолдану қажеттілігі туындағанда, шығынның одан сайын көбейетінін алға тартады.

Фото Раушанның жеке архивінен

Сонымен қатар Нұркент ықшам ауданында тұратын Арман (аты өзгертілген) шығын қыркүйектің соңында едәуір өскені байқалды деп отыр.

«2024 жылдың сәуіріне дейін бір бөлмелі (39 шаршы метр) пәтер үшін 20 мың теңгенің шамасында коммуналдық қызмет ақысын төлеп жүрдім. Екі адам ғана тұратын біз үшін бұл сома көптеу еді. Пәтер иелері кооперативімен байланыса келе ыстық су, суық су және газ есептегішінің уақыты өтіп кеткенін білдім. Соның әсерінен сол уақытқа дейін жоғары тарифпен төлеп жүрген екенмін. Әр есептегішті 5 жылға создыру үшін (Су есептегішті тексеру қызметі) 5 мың теңге қаражат жұмсадым. Қазір қанша жұмсасам, сонша төлеймін. Шамамен әр айда 10-12 мың теңге коммуналдық қызметке жұмсалады. Бірақ қыркүйек айында тамыздан қарағанда әлдеқайда бағаның өскені байқалды», – деді Арман.

Арман да былтыр 2024 жылға қарағанда әлдеқайда аз төлегенін айтады. Ол 2023 жылдың қыркүйек айында 9 208,62 теңге, соның 1 829, 40 теңгесін ғана жарыққа берген. Ал қазанда жалпы шығын 17 401,47 теңге болған. Соның 374, 51 теңгесі – жарық.

Фото Арманның жеке архивінен

Тұрғындардың пікірінше, қазіргі тарифтер аз қамтылған отбасыларға қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан жергілікті биліктен әлеуметтік қолдау шараларын қарастыруды сұрайды. Электр энергиясына бағаның өсуі қаладағы жалғызбасты зейнеткерлер, студенттер және басқа да әлеуметтік топтар үшін айтарлықтай ауыртпалық әкеліп отыр дейді алматылықтар.

“Күндізгі уақыттың қысқаруы себеп”

Алматылықтардың шағымына байланысты «АлматыЭнергоСбыт» компаниясына жазып көрдік.

«Қыркүйек немесе қазан айларындағы төлем сомасының екі-үш есе жоғары болуының себебі – шотта алдыңғы кезеңдерге есептелген төлемдердің қосылуында. Яғни, қыркүйекте тұтынушыға келетін шотта тамыз айындағы есептеу құрылғыларының көрсеткіштері негізінде төлем есептелген. Шілде-тамыз айларында электр энергиясын тұтынудың өсуінің негізгі себептері – ауа температурасының аномальды жоғары болуы, бұл кондиционерлер мен желдеткіштердің барынша қолданылуына байланысты. Сондай-ақ күндізгі уақыттың қысқаруы, жазғы демалыс кезінде балалар мен студенттердің үйде көбірек уақыт өткізуі тұтынуға әсер етті», – деді баспасөз хатшысы Индира Дүйсенбаева.

Сонымен қатар «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындары үшін 2024 жылғы 15 қазаннан бастап тарифтердің өзгеретіні туралы хабарлады. Өңірде электр плиталарын қолданатын және қолданбайтын жеке тұлғалардың электр энергиясын тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтерді атап өту керек.

Мысалы, 1 киловат үшін 25,06 теңгеден 28,08 теңгеге дейін өседі. Ал екінші деңгейдегі тариф 33,11 теңгеден 37,08 теңгеге артпақ. Индира Дүйсебаева үшінші деңгейдегі тариф – 41,39 теңгеден 46,36 теңгеге қосылатынын атап өтті.

“Ескі инфрақұрылым тозып, жаңартуды қажет етеді”

Ал қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев бұлай тариф көтерілуі және бағаның өсуі қалыпты жағдай екенін айтады.

«Бұған дейін мемлекет барлық коммуналдық тарифтерді, оның ішінде электр энергиясына тарифтерді үнемі қадағалап, ұстап отырды. Бұл тарифтердің қазіргі экономикалық және нарықтық жағдайдан алшақтап қалуына әкелді. Демек тарифтер қажет деңгейден төмен түсіп кетті. Себебі үкімет тарифтерді айтарлықтай арзан деңгейде ұстап отырды. Бұл жағдай коммуналдық кәсіпорындардың шығындарын көбейтіп, олардың пайда табуына кедергі болды. Осы шығындарды мемлекет салық төлеушілердің қаражаты есебінен жауып отырды», – деді Арман Бейсембаев.

Ол бағаның өсуі экономикаға кедергі келтірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – сөзсіз қайталана беретін процесс.

«Себебі тарифтерді шексіз ұстап тұру мүмкін емес. Егер тарифтерді төмен деңгейде қалдыруды жалғастыру қажет болса, онда бұл үшін оларды өтейтін және бүкіл коммуналдық инфрақұрылымды қолдайтын механизм керек. Алайда, біздегі коммуналдық инфрақұрылым тозып жатыр. Бұл неліктен? Себебі, оған ешқашан жеткілікті қаражат салынбады. Сонымен қатар инвестиция көлемі өте аз болды. Өйткені коммуналдық салада тарифтер төмен болғандықтан, бұл сала инвестиция үшін тартымсыз болды. Бізге мұра болып қалған кеңестік кезеңнің коммуналдық инфрақұрылымын отыз жыл бойы пайдаланып келдік. Осылайша, біз қазіргі жағдайға келдік: ескі инфрақұрылым тозып, жаңартуды қажет етеді», – деп қорытындылады қаржы сарапшысы.

Фото: pixabay.com

https://stan.kz/bir-ayga-83-min-tenge-toledim-elektr-energiyasinin-kimb-408720/

Leave A Reply

Your email address will not be published.