Білімді ұрпақ – ел болашағы

823
Құрметті Тараз қаласының тұрғындары!
Қадірлі ұстаздар, ата-аналар, оқушылар, жас достар!
Баршаңызды Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осынау айшықты мерекенің бәріміз үшін қашанда тағылымы терең, маңызы зор.
Айтулы күнге орай бүгін Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясына арнайы барып, «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты іс-шараға қатысып, жас өрендерімізге жылы лебізімді білдірдім.
Жалпы, биылғы жаңа оқу жылын Тараз қаласы бойынша 89 мектепте 85 мыңнан астам бала бастамақ. Оның ішінде 8 257 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.
Білімді ұрпақ – ел болашағы. Сондықтан мемлекетіміз жас өрендердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Айталық, Білім күніне орай бүгін «Арай» алқабында 600, «Казарма» алқабында 180 орындық оқу ордалары пайдалануға берілді. Бұған қоса, биыл шаһарымызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған “Жайлы мектеп” жобасы аясында «Ұлы дала» ықшамауданында 3200 орындық 2 мектеп, «Шөлдала» алқабында – 600, «Бәйтерек» ықшамауданында 1200 орындық білім нысандарының құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, №15 мектеп-гимназиясы жанынан 300 орындық жапсарлас ғимарат бой көтеруде. Сондай-ақ жылдан-жылға мектептеріміздің материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Әрине, мұның барлығы мемлекетіміздің білім саласына айрықша назар аударуының арқасында жүзеге асырылуда.
Қадірменді жерлестер!
Өткен оқу жылы қаламыздың білім саласы үшін толағай табыстарға толы болды. Түрлі білім бәйгелерінде топ жарған ұстаздарымыз бен оқушыларымыз жетерлік. Енді биылғы оқу жылында бұдан да биік белестерді бағындыратындарыңызға сенімім мол. Осы орайда баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміздің ертеңін арайлы етіп, кемел келешекке бастайтын өрелі өрендеріміздің қатары молая берсін!

Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.