БІЛІМ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

233
Құрметті жамбылдықтар!
Ардақты ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар!
Баршаңызды бүгінгі жарқын мереке – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке — жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер мен белестерге бастайтын күн.
Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың ІІ отырысында «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек… Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы», — деп атап көрсеткен болатын.
Расында да мемлекеттің адами капиталының әлеуеті, интеллектуалды болашағының көрсеткіші – сапалы білім.
Білімді ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасының кепілі. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қоғамның білім деңгейіне тәуелді.
Бұл әрбір педагогке үлкен жауапкершілік жүктейді.
Себебі, ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейді!
Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Биыл білім саласына 284,8 млрд. теңге қаражат бөлініп, 18 пайызға артып отыр. Бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады.
Саладағы инфрақұрылымды жетілдіру өте маңызды десек, ағымдағы жылы 25 білім нысанының құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін тоғыз мектеп пен бес мектептің жапсарлас құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. 11 нысан құрылысы 2024 жылы аяқталады.
Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында соғылатын 12 мектептің жетеуінің құрылысы осы жылы, бесеуі келер жылы басталмақ. Бұдан бөлек, биыл 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізу көзделген.
«Білімдінің күні – жарық, білімсіздің күні – ғаріп» демекші, білімді ұрпақ тәрбиелеу — бүгінгі күннің негізгі талабы.
Еліміздің ертеңгі абыройын асқақтату – ол біздің бүгінгі өреңдеріміздің мерейлі міндеті. Ал біздің басты мақсатымыз – сол оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау.
Сіздерді бүгінгі жарқын мерекемен құттықтай отырып, балаларымыздың оқуда озат, үздік атануына ниеттестігімді білдіргім келеді.
Жаңа оқу жылы жағымды жаңалықтарға толы болсын, игілікті істеріңізге педагогикалық ізденіс, жаңа серпін, шығармашылық табыс тілеймін!

 

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.