Білім гранттары конкурсына 75 мың адам қатысып жатыр

620

2018 жылғы 1 тамызда Білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия жұмысын бастады.

Республикалық комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлік палатасының, Жоғары оқу орындары қауымдастығының, қоғамдық бірлестіктердің, ҚР БҒМ білім және ғылым мәселелері және бала құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің, педагогтар қауымының өкілдері кіреді.

Комиссия отырысында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдауға дайындық жұмысы қорытындыланады. Жыл бойы министрлік іріктеу сапасын арттыру және студенттер контингентін қалыптастыру бойынша бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында биыл мемлекеттік тапсырыстың көлемі 20 мың грантқа артырылды. Соның 11 мыңы техникалық бағыттарға, соның ішінде ақпараттық технологиялар, робот техникасы және нанотехнологиялар салаларына, 5 мыңы еңбек нарығында қажеттілік байқалып отырған басқа мамандықтарға 3 мыңы магистрлерді даярлауға, 1 мыңы PhD докторларын даярлауға бағытталды. Сонымен, жоғары білім гранттарының саны 53 594-ке жетті. Соның 5 944-і күндізгі оқытудың 1-курсына, 2 650-і ЖОО дайындық бөлімдеріне қабылдауға бөлінген.

Көрсетілген басымдықтарды ескере отырып, 24 737 грантты техникалық және технологиялық мамандықтарға, 9 499 грантты педагогикалық, 2 785 грантты ауыл шаруашылығы және ветеринария, 2 700 грантты медициналық, 1 450 грантты гуманитарлық, 100 грантты құқық, 300 грантты өнер, 1 780 грантты әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес, 3 246 грантты табиғи ғылымдар, 2 330 грантты қызмет көрсету, 500 грантты әскери іс және қауіпсіздік мамандықтарына бөлу көзделіп отыр.

Сонымен қатар мемлекеттік тапсырысты орналастыруға рұқсат етілген ЖОО тізімі де толыға түсті. Білім гранттарын тағайындау конкурсына 75 430 адам қатысып жатыр. Соның 60 327-сі қазақ тілінде білім алғысы келеді, 14 810-ы орыс тілінде оқуға ниет білдірген, ал ағылшын тілін 293 талапкер қажетсініп отыр. «Мәңгілік ел жастары — индустрияға!» жобасының аясында студенттерді оқыту квотасы бойынша конкурста 5 494 адам білімін сынап көреді.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.