Биікті бағындырған Баян

99

20 тонна кранды жеп-жеңіл басқарып жүр­ген кейіпкерімізбен әңгіме барысында жауапкершілігінің жоғары екенін аңғар­дық. Өйткені әр сауалымызға жауап бер­генде «Біз үшін ең алдымен жауапкершілік маңызды. Төменде жүрген адамдардың қауіпсіздігіне тікелей жауаптымыз» дегенді шегелеп айтып отырды.

Түркістан қаласында 20 тонналық кранды ұршықша иіріп жүрген нәзік жандылардың бірі – Баян Сәрсенбайқызы. С.Ерубаев атындағы мектептің 8-сыныбын аяқтаған ол сол кездегі СПТУ-ға кран машинисі мамандығына оқуға түседі. 3 жыл жинаған теориялық білімін практикада шыңдап, 17 жасынан бастап кран жүргізе бастайды. 

1989 жылдан бастап 1997 жылға дейін зауыт­­­та нағыз маман болып өзін шыңдап ке­ле жатқанда нарықтағы тоқырау қыс­пақ­қа алды. Осы тұста көп адам жұмыссыз қал­ды, кейбірі кәсібін ауыстырды. Басқа са­лаға бет бұрғандардың ішінде Баян апай да бар еді. Айлар ауысып, жылдар жылжыса да біздің кейіпкерміздің жүрек түпкірінде к­ран жүргізу туралы арманы өшпеді, керісінше өрши түсті. Оның үстіне, әкесі Сәрсенбай да тепловозда машинист болған. Әке жолын қуған қыз өзінің сүйікті кәсі­біне 2015 жылы қайта оралады. Міне, содан бері краннан түскен емес. Биыл, бір зауытта үздіксіз жұмыс істеп жатқанына 10 жыл толады екен.

– Кранның бірнеше түрі болады. Бұрын 10-12 метрлік мұнаралы крандарды басқар­дым, бүгінде 8 метр биіктікте аспалы кран­д­а отырамын. Осы салада 17 жасымнан бас­тап еңбек етіп келе жатқандықтан ма­ман­дығымның қыр-сырына қанықпын. Краншының жұмысы қиын, жауапкершілігі жоғары. Айналаңа қырағы қарап отыруың керек. Жоғарыдан қарағанда астыңда қаншама адамның еңбек етіп жатқанын кө­ресің, сондықтан бұл топтық жұмыс. Біз­дің құлағымыз сақ, көзіміз қырағы болуы керек. Сонымен қатар қан қысымы да тұрақты болғаны жақсы. Жылына 2 рет ме­дициналық тексеруден өтіп тұрамыз. Аллаға шүкір, денсаулығым жақсы, осы кран басқарып нанымды адал тауып, ұл-қы­зымды жетілдіріп отырмын,  – дейді апай.

Иә, кран жүргізушілердің жұмысы өте қиын. Олардың негізгі міндеті ауыр жүк­терді дәл және қауіпсіз көтеру, тасымалдау, орналастыру болғандықтан, бұл мамандық үлкен зейін мен шеберлікті талап етеді. Егер кран операторы қателессе, мұның соңы үлкен материалдық шығынға немесе жаза­тайым оқиғаға алып келуі мүмкін. Сон­дықтан мұны қауіпті мамандықтар сана­тына қоссақ та болады. Жұмыс бары­сында кран жүргізушісіне бір сәтке де алаңдауға болмайды, өйткені ауыр жүкті бас­қару кезінде әрбір қозғалыс маңызды. Сонымен қатар адамның физикалық дайын­дығымен қатар психологиялық жағ­дайы да тұрақты болуы керек. Мәселен, кей­бір адам үшін биікте жұмыс істеу пси­хологиялық қиындық тудырады. Ұзақ уақыт бір орында тапжылмай отыру да оңай емес. Әсіресе, құрылыс алаңдарында іс­тейтін краншылар таңнан түнге дейін жерге түспей жұмыс істейді. Біз атаған қиындықтардан бөлек аталған маман иелеріне ауа райы жағдайлары да әсер етеді. Ашық алаңдарда жұмыс істейтін кран­шылардың жұмысына жел, жаңбыр, аяз кедергі келтірмей қоймайды. Оның үстіне кабиналарында қыста пеш қосулы болға­нымен, жазда әйнек ішінде аптап ыстыққа шыдап отыру да оңай емес. Ал желдеткіш қойса, суықтап қалуы мүмкін. Сондықтан кран операторлары аптап ыс-тыққа да, сақылдаған аязға да төзімді болуы керек.
Алайда кран жүргізушілерінің жұмы­сының артықшылықтары да бар. Атап айтсақ, олардың жалақысы жақсы, өйткені жоғары сұранысқа ие мамандық. Тәжіри­белі мамандар жетіспейтіндіктен кран­шы­лардың жұмыссыз қалу ықтималдығы өте аз. Экстрим, биіктікті жаны қалайтындарға кран­ды басқару ерекше ләззат сыйлайды.

– Алғаш жұмысқа орналасқан кездері тә­жірибеміз аз болғандықтан сасқалақтап, жердегі көліктерді іліп әкеткен кездеріміз болды. Сөйтіп, шоферлармен ұрысып қал-ға­нымыз бар. Бүгінде Астана, Алматы секіл-ді үлкен қалаларда 45-50 метр биктікте жұ­мыс істейтін өзіміз сияқты келіншек­тер­ге қызығамын. Олардың басқарып отырған кран­дары соңғы технологиялық жетіс­тік­термен жабдықталған. Технологияның дамуы арқасында кран басқару ыңғайлы. Әр қала өзінше сұлу, сол сұлулықты таңмен таласа көру, күннің батқанын тамашалау да бір бақыт. Өзім бұйыртса зейнетке шық­қанша осы жұмысымнан қол үзбеймін деп отырмын. Алайда қазір кран айдауға қызы­ғатын жастар қалмады. Бұрын жастарға үйретіп, шәкірт тәрбиелеуші едік. Ал соңғы 5-6 жылда кран айдауға қызыққандар мүл­дем кездеспеді маған. Қазір жастар беделді ма­мандықты оқып алады да жұмыс таппай­ды. Жұмыс табылғанның өзінде ақшасын менсінбейтіні жасырын емес. «Креслоға» жүгі­ретіндер де көп. Тез арада, бүгін-ертең жақ­сы айлық алып, үлде мен бүлдеге ора­нып отырғысы келеді. Алайда ондай кере­мет жұмыс бәріне бірдей бұйыра бермейді ғой. Сондықтан төменнен, аздан бастап та жақсы жалақыға қол жеткізуге болады. Тәжі­рибелі, білікті, білімді маман ешқашан жер­­де қалмайды. Біздің кәсіпті жаста­ры­мыз жалғастырмағанда, кім жалғастыра­ды?  – дейді маман.

Әдетте, дәстүрлі түрде кран айдау ер­лер­дің жұмысы саналатын. Алайда кеңестік кезең әйелдерді тракторға да, К-700-ге де, кранға да «отырғызды».  Сөйтіп, тонналаған кранның құлағы нәзік жандылардың қо­лына тиіп, олар құрылыс, өнеркәсіп, логис­ти­ка, теңіз порттарында жұмыс істей бас­та­ды. Бүгінде әйелдер қауымы құрылыс са­­­ла­сының қарқынды дамуына ерекше үлес қосып жүр. Зәулім ғимараттар, көп­қа­батты үйлер мен инфрақұрылымдық ны­с­андардың жұмысының бас-аяғында әйелдердің еңбек етіп жүргені қуантады. Құрылыс саласының дамуы краншыларға сұра­нысты арттырып отыр. Бұл – нарық-тың заңы.

– Мен бұл мамандықтың ешқашан өл­мейтін жұмыс қатарына қосамын. Өйткені адам­зат пайда болғалы құрылыс ешқашан тоқтаған емес, тоқтамайды да. Сондықтан кран­шыларда жұмыссыз қаламын деген уайым жоқ. Одан бөлек біз зауыттар мен қой­маларда, порттарда ауыр жүктерді тасы­малдаймыз. Мұнай-газ саласында, кен өндіруде де краншылар еңбегі ерен, – деп бөлісті Баян апай.

20 тонна кранды жеп-жеңіл басқарып жүр­ген кейіпкерімізбен әңгіме барысында жауапкершілігінің жоғары екенін аңғар­дық. Өйткені әр сауалымызға жауап бер­генде «Біз үшін ең алдымен жауапкершілік маңызды. Төменде жүрген адамдардың қауіпсіздігіне тікелей жауаптымыз» дегенді шегелеп айтып отырды. Өз жұмысын тас түйін етіп отырған маманды әріптестері де жоғары бағалайды.

–  Кран айдау қыз баланың қолы емес де­ген ұғым біртіндеп жойылып келе жатыр. Қазір керісінше кранға отыратын ер адам­дар саны азайды. Алды зейнетке шықты, біз қатарлылар басқа салаға ауысып кетті. Мысалы, қазір мен істейтін құрылыс зауы­тында тек жасы үлкен краншылар еңбек етеді. Олар зейнетке шықса, орнын басатын маман жоқ. Сондықтан зейнетке шықса да оларды қайта жұмысқа шақыруға мәжбүр болады. Президентіміз биылғы жылды жұ­мысшы мамандықтар жылы деп жариялады ғой. Енді осы жылды текке кетірмей, қажет­ті мамандарды дайындауды қолға алу ке­рек.

Жалпы, Қазақстанда ғана емес, көп елде ауыр және күрделі техниканы бас­қа­ра­тын мамандар аз. Бүгінде жастар қол­мен емес, мимен істейтін жұмыстарға жақын. Кран­шы мамандығын салдырлаған ескі тех­никаны басқару деп ойлайтын жастар да бар. Алайда техника дамып жатыр, қазір ірі құрылыс алаңдарында соңғы үлгіде жаб­дықталған, ішіне монитор орнатылған крандар көп.

– Краншыға күш-қайрат, мойымайтын ерік-жігер қажет. Біз училищені 20 бала біті­ріп шықтық. Бүгінде тек соның екеуі ғана краншы мамандығы бойынша еңбек етіп жүрміз. Бұлай жұмыс істеуіме отаға­сы­ның да түсіністік танытуы, қолдауы әсер етті. Күйеуім де шопыр. Үйдегі қожайыны демеп отырса әйел де жақсы жұмыс істейді, – дейді кейіпкеріміз.

Темір техниканы тайсалмай тізгіндеген Баян Рүстемованың басынан ақ орамалы түскен емес. Жұмысқа көйлекпен келіп, арнайы жұмыс киімін киіп кранға отырып, кешке қайта көйлегін киіп үйіне қайтады. Ерлерге тән мамандықты игеріп жүрген жаны нәзік кейіпкеріміз адал еңбекпен күн кешіп жатыр. Еңбек нарығында сұранысқа ие маман болса да ешқашан кеудесін керіп мақтанбайтын, тоқмейілсімейтін, паң­дан­байтын, бір тоға маман дейді әріптестері.
Елімізде кран операторларының ара­сын­да әйелдердің үлесі дәстүрлі түрде тө­мен болғанымен, соңғы жылдары бұл көр­с­еткіш біртіндеп өсіп келеді. Өнеркәсіп са­ласында әйелдердің үлесі – 18 пайыз. «Қазақмыс» корпорациясы тау-кен метал­лургия саласында жұмыс істейтін әйел­дер­дің үлесі бойынша көш бастап тұр, соңғы 2 жылдағы көрсеткіш 27 пайызды құраған. Бұл деректер әйелдердің дәстүрлі түрде ерлер басым салаларға, соның ішінде кран опе­раторлары сияқты мамандықтарға қы­зы­ғушылығы артып келе жатқанын көр­сетеді. Алайда бұл саладағы жастардың көр­сеткішін арттыру үшін насихаттау шара­ларын тоқтатпау керек.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

коллаж: turkystan.kz

https://turkystan.kz/article/256906-biikti-bagyndyrgan-baian

Leave A Reply

Your email address will not be published.