Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылы бастау алған ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы үстіміздегі жылдың 20–21 маусым күндері ауданымызда болды.
Бүгін жоба аясында жұмысшы топтар өз жұмыстарын қорытындылап, актив жиынын өткізді. Жиынға мекеме, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов жүргізіп, жоба барысында – әр түрлі сала мамандары тұрғындармен кездесіп, кәсіби кеңестер беріп, қоғамдық қабылдаулар жүргізіп, Жаңатас қаласы және ауылдық округтердегі проблемалық мәселелерді анықтағандығын айтты.
Содан соң сөз алған Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы-этносаралық қатынастар жөніндегі мәселелер бөлімінің басшысы Құдайберген Рысдәулет анықталған проблемаларды тізбектеп айтып шығып, басқарма өкілдері өз салалары бойынша осы мәселелердің алдағы уақытта шешілу жолдарын талқылап, жұмыс жасау керектігіне тоқталды.
Айта кету керек, Сарысу ауданына келген жұмысшы топтардың құрамында облыс әкімдігінің ішкі саясат, спорт, тілдерді дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ветеринария, энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, табиғи ресурстар және табиғатты реттеу, цифрлық технологиялар, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері болды.
Жоба аясында аудан тұрғындары мемлекеттің қолдауын сезініп, көкейде жүрген сұрақтарымен жобаның жұмысшы тобымен кездесуге мүмкіндік алды.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі