Байзақтағы 24 үй жаңғыртылып, пайдалануға берілді

547

Байзақ ауданында зардап шеккен 35 үйдің 24-і толығымен қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Оның төртеуі Үшбұлақ, 12-сі Жібек Жолы, сегізі Қайнар ауылында. Қалған 11 үйдегі жұмыстар қараша айында аяқталмақ.

Қайнар ауылындағы  жұмыстардың барысымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қалпына келтірілген үйлерді аралап, тұрғындардың ой-пікірін тыңдады.

Бірлік көшесінің тұрғыны Ержан Айдарқұлов баспанасының бұрынғыдан да жақсарып қалғанын жеткізді.

— Сол күнгі оқиғадан үйіміз қатты бүлінген еді. Үй мен қора-жайдың 50 пайызы қирап қалған болатын. Жарылыстан кейінгі үшінші күні құрылысшылар келіп, үйімізді қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Бүгін міне, баспанамызға қайта оралып, көшіп жатырмыз. Шынымызды айтсақ, қуанышымызда шек жоқ. Үйдің ішіне таза ауыз су кіріп тұр. Бұрын қаржымыз болмай көгілдір отынға қосыла алмап едік. Оны да кіргізіп берді. Қора-қопсымызды реттеп, шарбағымызды қоршап беруде. Басымызға түскен қиын сәтте қолдау көрсеткен халыққа, мемлекет, облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз, — дейді үй егесі.

Тұрғындар Амангелді Нәдірбеков, Асхат Мәмбетов те үйлерінің жаңа кейіпке енгенін айтып, ризашылықтарын жеткізді. 12 кәсіпкерлік нысанның бүгінде үшеуі жөнделіп, қайта жұмысын бастаған. 9 нысанда құрылыс жұмыстары қызу жалғасуда.

Қайта жаңғыртудан өткен үйдің барлығы бір сәулеттік үлгіге келтірілген. Қас беті сарғыш, іргетасы қызыл түспен боялып, шатыры қызыл жабынмен жабылған.

Қайнар ауылындағы көшелер толық жарықтандырылды. Электр желісі мен бағаналары жаңартылған. Асфальт жабыны бұрын орталық көшеде ғана болса, енді барлық көше асфальтталады.

— Облыс әкімі барынша әлеуметтік қолдауларды ұйымдастыруды тапсырған болатын. Осы тұрғыда ауылдағы әлеуметтік осал топтағы отбасыларды газбен қамту жұмыстары жүзеге асуда. Толығымен орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылды. Әлеуметтік көмек ретінде біздің тарапымыздан зардап шеккен әр отбасыға 300 мың, кәсіпкерлер тарапынан 200 мың теңгеден көмек көрсетілді. Әр оқушы балаға 50 мың теңгеден берілді. Сонымен қатар, «Сенім Байзақ» қорына түскен қаржы есебінен тұрғындардың қора-қопсысы қайта қалпына келтірілуде,-деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Құрылыс жұмыстарына 12 мердігер, 200-е жуық құрылысшы мен 22 техника жұмылдырылды.

Облыс әкімі қалған 11 үйдің жұмыстарын қараша айына дейін толығымен аяқтауды тапсырып, аудан басшылығы мен мердігерлерге нақты міндеттер жүктеді.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев Жібек жолы елдімекенінде болып, ондағы 150 орындық мектеп құрылысымен танысты. Құрылысшылар екі қабаттан тұратын ғимараттың іргетасын құйып, бірінші қабаттың қабырғасын қалау жұмыстарын бастап кеткен. Мердігер –«Сырым Белеке» ЖШС.

— Құрылыс жұмыстары барлық бағытта, бір мезгілде жүргізілуде. Бір бригада алғашқы қабаттың кірпішін қалауға кірісіп кетсе, енді бірі монтаждау, келесі топ, дәнекерлеу жұмыстарымен айналысуда. Құрылыс басында 95 құрылысшы жұмыс істеуде. Олардың 25-і осы елдімекеннің тұрғындары. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Жалпы нысанды желтоқсан айының соңында тапсырмақ ниеттеміз. Құрылысқа негізінен жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылуда, — дейді ЖШС директоры Елмұрат Күнібеков.

Облыс әкімі мердігерге құрылыстың бар талаптарын сақтау, отандық өнімді пайдалану, сапа мен мерзіміне айрықша назар аудару керектігін ескертті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.