Шетелде тұратын қазақтардың ұлттық келбетін сақтап тұруға руханият саласы өкілдерінің ықпалы ерекше. Біреулері ән-күйімен, біреулері жырымен, тағы біреуі қаламгерлік қуатымен ұлтқа қызмет етіп жүр. Сондай қаламгердің бірі – Моңғолияның Эрдэнэт деген қаласында тұратын ақын Байыт Қабанұлы. Біз әлеуметтік желі арқылы қаламгерге хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Соңғы кездері әлеуметтік желі арқылы таралған ақпараттарда Моңғолиядағы қазақтардың да ана тілінің шұбарланып бара жатқаны жайлы айтылып жүр. Өзіңіз сондағы қазақтардың бірі болғандықтан ол жақтағы ағайынның жайын сізден артық білетін ешкім бола қоймас деп өзіңізден сұрағымыз келіп отыр. Моңғолиядағы қазақтардың ана тілі шынымен шұбарланып бара ма? Егер рас болса, оған басты себеп не? Олардың тілін таза сақтап қалу үшін не істеуіміз қажет?
– Иә, бұл тіл мәселесі соңғы кездері ғана емес, жалпы бұрыннан айтылып жүр. Жүрегінде «елім, ұлтым» деген сезімі бар адам біткеннің саусағының басына қадалған тікен сияқты қатты мазалап келе жатқан мәселе. Расына келсек, сан жағынан онша көп болмаса да, Моңғолия қазақтары ұлттық тілін, салт-дәстүрін жақсы сақтады. Оған осы Моңғолия жеріне қоныстанған алғашқы жылдардан бастап өздері жеке аймақ болып құрылып, балалары орта мектепті қазақша оқып, көбі ежелгі көшпенді тіршілікте өмір сүргені қазақылығын сақтауына себеп болған шығар. Әрі осындай жайлы тірлік етуіне Моңғолия үкіметінің сол елдегі азшылық ұлтқа деген ерекше қамқорлығы зор ықпалын тигізді. Бұл үрдіс қазірге дейін жалғасып келеді.
Бірақ соған қарамастан соңғы жиырма жылдың әрі жақ бері жағында мұндағы аз ғана қазақтың тілі аздап болса да шұбарлана бастады. Неге дейсіз ғой. Қанша айтқанмен ел өсіп жатыр. Соған қарай ұрпақ жұрағат, жастар оқып, жетіліп, тек Баян-Өлгей амағының маңында ғана емес, жалпы моңғолдың кез келген тіршілікке қолайлы жерінде бизнес ашып, жұмыс істеп жатыр. Баян-Өлгей аймағының 90 пайызы қазақ болса Моңғолия мемлекетінің 99 пайызын моңғол ағайындардың өздері иеленеді. Міне, сондықтан өмір заңдылығы мен мына ұлы уақыт аз ғана қазақтың тілі мен дәстүріне, тағы сол секілді ұлттық құндылықтарына күн өткен сайын белгілі бір мөлшерде әсер етіп отыр.
Оның сыртында сәт сайын сабындай езіліп, аударылып төңкеріліп бара жатқан мына адамзат әлеміндегі техника өркені – тек мұндағы санаулы қазақты ғана емес, барша адамзаттың іші мен сыртын адам сенгісіз басқаша бір түрге енгізіп, өзгертіп барады. Былайша айтқанда, бір кездегі жаныңнан артық саналатын құндылық та бүгін еш қажеті жоқ құнсыздыққа айналып барады. Әсіресе, жастар жағы бір ғана мемлекет көлемінде емес, әлемдік деңгейде тірлік жасай бастады. Сондықтан бұрынғыдай сылаңдатып арғымақ мініп, ұлан-ғайыр арда даланың ұлылығын көрсетіп жүретін дәстүрлі тірлік әлсіреді деуге де болады. Ол тіршілік үлгісі бізде қазір бар, бірақ бұрынғы келбетін мүлде өзгерткен. Әйтеуір, малын малданып отыр демесең, техника көмегіне көшіп кетті.
Ал қазақ тілінің 50-60 пайызы сол дәстүрлі тіршілікке, мал шаруашылығына байланысты екенін ескерсек, біз тілесек те, тілемесек те тіліміздің біраз пайызы жоғалды деген сөз. Бұл көрініс бізде ғана емес, қазақтың қайнап тұрған ортасы сіздерде тіпті де адам шошырлық жағдайда.
Міне, сондықтан адамдар қажеттілік үшін, кейде мәжбүрлі түрде, бірде мәртебе санап өзге тілде сөйлеуі де мүмкін. Олар «өз тілім жоғалмайды, білемін» деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес, өзге тілге қаншалықты жақындаса, өз тілінен соншалықты алыстап кетеді. Соңында өз тілінде сөйлеу былай тұрсын, ойлауды қояды. Ал ана тілінде сөйлеуді, ойлауды қойған ұлт өзін жоғалтады. Бірақ, өкінішке қарай оны көпшілік халық айтпасаң білмейді, айтсаң ренжиді. Міне, бүгінгі заман сондай заман. Жалпы, қалай айтсаң да, адам ішкі жан дүниесінің қажеттілігінен гөрі сыртқы өмір тіршілігінің қамын артықтау ойлайтыны бәрімізге аян нәрсе. Бәрімізді сол тіршілік ағыны жетектеп бара жатыр.
Ал сол әлсіреп бара жатқан тілді қайтсек сақтап қаламыз? Бұл, әрине қиын мәселе.
Ең алдымен жасөспірім балаларды балабақшадан бастап, жоқ дегенде 5-6-сыныпқа дейін таза қазақша оқытуымыз керек. Бірақ оған енді мүмкіндік туа қоймас деймін. Себебі Моңғолия елінің бүгінгі заңы бойынша 2-сыныптан бастап қазақ балалары да моңғолша оқуы керек. Оның сыртында қазақша оқу құралы жоқ деуге болады. Бұрын біз Қазақстаннан алатын едік. Соңғы 30 жылда Қазақстан шеттегі қазақ балаларына оқулық жеткізіп беріп жатқан жоқ сияқты. Әйткенмен де, мұндағы аз ғана қазақтың ана тілі сіздер ойлағандай аянышты халде емес.
– Жалпы, Моңғолияда қанша қазақ тұрады? Олар Баян-Өлгейден басқа қандай жерлерді мекен еткен? Моңғолия қазақтарының рухани-мәдени өмірін бірқалыпты сақтап тұруға бағытталған жұмыстар жүріле ме? Рухани-мәдени орта қалыптасқан ба?
– Моңғолияда сол бір 100 мыңның әрі жақ бері жағында қазақ тұрады. Оның басым көпшілігі Баян-Өлгей аймағында. Ал ел астанасы Ұланбатырда, Дархан, Эрдэнэнт сияқты үлкен қалаларда және басқа да аймақтарда орналасқан қазақтар баршылық. Өлгейден басқа аймақтарда және қалаларда тұратын қазақтардың балалары балабақшадан бастап моңғолша оқиды. Әйтеуір, ата-аналары үйде үнемі қазақша сөйлейтіндіктен, оларға қазақ тілін ұмыттырмай келеміз. Ал өздері моңғолша сөйлейтін ағайындардың балаларының қазақшасы жайлы айту да қиын.
Енді Моңғолия қазақтарының рухани-мәдени өмірін бірқалыпты сақтап тұруға бағытталған жұмыстар турасында айтсақ, Баян-Өлгей аймағында күн сайын тұрақты әуе толқынына шығатын қазақ радио хабары, аймақтың Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапхана, Құрманхан Мұхамәдиұлы атындағы музыкалық драма театры, аз ғана уақытпен шектелетін бірлі-жарым телеарна хабарларымен ғана тоқталамыз.
Ал жалпы халықтың негізгі бөлігінің ой-санасы, тілі, ділі әзірше ұлттық құндылығы барынша сақталып келе жатқандықтан, жас ұрпақтың көпшілігі сол ортадан қазақи тәрбие алып өсіп келеді. Оның сыртында өзіндік әдебиет, мәдениетін өркендетуге атсалысып, талпынып жүрген әртүрлі өнер, білім өкілдері бар. Бұл енді тағы бір 100 жылға еркін жеткізетін қуат-күш деп ойлаймын. Ал оған дейін аз ғана қазаққа уақыт тағы қандай сый тартып, мүмкіндік туғызарын бір Алла біледі. Мүмкін, жаңадан рухты ұрпақ қалыптасып, қайта жаңғырып өркендеуі де мүмкін ғой.
– Сіз Қазақстан және Моңғолия жазушылар одағының мүшесісіз. Бірнеше кітабыңыз жарық көрді. Қазақстанда тұратын ақын-жазушылармен шығармашылық тұрғыдан байланыс жасап тұрасыз ба? Кімдерді оқисыз? Сіздің кітаптарыңыз атажұртта таралды ма?
– Иә, осы бір ай бұрын ғана Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдандым. Жазушылар одағының басқармасына, әсіресе Ұлықбек Есдәулетов аға мен Қасымхан Бегманов ағаларға алғыс айтамын.
Мен өлең, поэма, әңгіме, эсселерден тұратын қазақ, моңғол тілінде жазылған 30 шақты кітаптың авторымын. Құдайға шүкір, осындағы аз ғана қазақ әйтіп-бүйтіп оқып келеді. Оқушы, студент жастардың қажетіне жарап жүр. Осындағы елдің тілін, ділін, әдебиет, мәдениетін сақтауға аз да болса үлес қосып жүрмін. Келешекте де солай болмақ. Бұл – үлкен еңбек, бұл – елге істеліп жатқан қызмет, мақтаныш емес, жанкештілік. Қазақстанда да екі-үш кітабым жарық көрді. Ал Қазақстандағы ақын-жазушылармен байланыс туралы сұрадыңыз. Қазір байланыс жасау күрделі мәселе емес қой. Үйде отырып-ақ әлемнің келесі бір түкпірінде отырған адаммен әңгіме-дүкен құра беруге мүмкіндік жетеді. Байланысып та отырмыз.
Ұлы Абайдан бастап бәрін оқыдық десек артық болмайды. Кейінгі кездегі жастардың да кітаптары бірлі-жарымдап жетіп жатады бізге. Әлеуметтік желі арқылы да оқимыз.
– Сіздің көптеген өлеңіңізде көшпенді өмірдің тұрмыс-тіршілігі, ұлт болмысы, ата-баба мекені жайлы жырланатын сияқты. Кейбір жырларыңызда байырғы қоныспен қоштасып жатқан сияқты сарындар сезіледі. Бұл нені білдіреді? Бір жаққа көшуге ыңғайлану ма, болмаса қалалық болған соң көшпенді өмірді аңсау ма?
– Мен сол ежелгі көшпенді өмірде дүниеге келіп, сол ортада ержеткен адаммын. Сондықтан менің туындыларымның көп бөлігін көшпенді өмір өкілдерінің тұрмыс-тіршілігі сол тіршіліктің қайғысы мен қуанышы иеленеді. Оның сыртында өмір бойы атажұртты аңсаған аталардың сағынышынан қалған сарқынмын ғой. Сол сағыныш менде де бар. Ол сағыныш туралы, мүмкін, сен мүлде білмейтін шығарсың, бауырым. Ол деген шетте жүрген барша қазақты адам қалпымен, қазақ қалпымен сақтап келе жатқан теңдесі жоқ қасиетті қасірет. Содан жаралған менің өлеңдерім де мұңлы, зарлы болып келеді негізі.
Сұлтан деген бауырым екеуміздің жазған «Шетел қазақтарының әні», қазақстандық атақты композитор Ермұрат Үсенов ағам екеміздің жазған «Көшкен елдің қош, қошы» сияқты біраз әнім барша қазақ арасында айтылып жүр. Әсіресе, шетел қазақтары көптеп орындайды. Ол да сағыныштың салдары ғой деп ойлаймын. Сенің айтып отырғаның да сол шығар. Әйтпесе, мен ешбір жаққа көшейін деп жатқан жоқпын, (Уақыты келгенде көшерміз барсакелмеске) өзім қалада тұрған соң ауылды аңсау да емес. Өйткені мен ежелгі атақты Орхон бойында Қарақорым, Етүкен даласындағы Күлтегін мен Білге қағанның жұртында жүрген ақынмын. Бұл даланың тас біткені сыр ақтарып, үлпілдеп соққан жұмсақ самалына дейін маңдайымнан сипайды. Кез келген уақытта тұра шауып соған жетемін.
Жетемін де:
«Қарақорым…
Қан сасиды Орхон судың жағасы
Көз жіберсем шым-шым етіп,
Жанды жыртқан тарихтың жарасы.
КӨК пен ЖЕРден күңіреніп
Күлтегіннің наласы
Көз алдымда көлбірейді
көк түріктің даласы.
Бұл далада Оғыздардың басып өткен
ізі жатыр
Қаны әлі кеппеген,
Қобыздардың қыл ішегі әлі
жылап ызыңдайды
Соны естуге көп келем.
Мына жердің тастары да аударылып
төңкеріліп сөйлейді
Қайран жұртым, қалың елім,
қаның бар ма төкпеген?
Әр заманның тең болады
сардары мен сайқалы
Сұм уақыт жақсыны да,
жаманды да айырмасыз жайпады.
Содан шығар Қарақорым
даласының желіне дейін ызыңдап
Күлтегіннің азалы әнін әлі күнге айтады.
Бұл далада біреу шаттық әнін айтып,
Біреу өксіп қайғы алған.
Бабалардың күші менен
Жауларының айласы да сай болған.
Бұл далада шапса егер жау олжалап,
Ысқырса егер жел айдаған желкелеп,
Ай маңдайлы ару өксіп,
арқыраған арғымақтар
жау алдында айдалған.
Бұл далаға жау кірмеген болса дағы
қарауылсыз қамалсыз,
Бабаларым мал өсірген, жан өсірген алаңсыз.
Енді бүгін Сақ, Ғұндардың
Жебесінің жел ысқырған дауысы,
Еміс-еміс құлағымды шуылдатып,
Қанжар сабын қыстырады амалсыз.
Бұл далада қандар аққан
кеңірдектен, тұмсықтан,
Күйші қазақ сол төгілген қанның
құнын әуен етіп, сыңсытқан.
Бұл далада ханның сұлу жас қатыны асыл
торғын көйлегін,
Жылқы баққан құлға арнап,
иығынан сусытқан.
Бұл далада болды талай
уақыттың талғамы,
Ерліктің де, елдіктің де сөнді
шырақ шамдары.
Оо, қайран ел, сен деп жылап,
Жатыр мына алып таудың заңғары,
Оо мұңлығым, қай еріңнің бас сүйегі
қай жырада қалмады?
Мына дала жер етпеді не бір
батыр, көсемді.
Талай жаным, талай қаным,
төсеніш боп, төселді.
Әлі тәмам еткен жоқсың, кеселді.
Ей, қансоқта, сұм уақыт қайтарып бер, есемді», – деп өлеңдете жөнелем. Ақын болып жаралған екенсің, соның ішінде қазақтың ақыны болып жаралған екенсің бұл далада өлең жазбау мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, мен бабалардың ежелгі жұртын күзетіп жүрген күзетшімін.
– Моңғол ақындарының өлеңін қазақшаға аударып жүрсіз. Жалпы, қазақ-моңғол ақындарының рухани байланысы қандай? Моңғол әдебиетінен үйренетін дүниелер көп пе?
– Мен неше жыл еңбектеніп моңғолдың ең таңдаулы деген 100-ге жуық ақынының 500-ге тарта таңдаулы туындысын қазақшаға аудардым. Былтыр қазақ десе жанын беруге дайын тұратын, Нұрбек Жырғауұлы деген бауырымның демеуімен өте үлкен көлемді кітап етіп екі мың данамен бастырып, оқырманға ұсындым. Қазір қолымда бір данасы да қалмады. Биыл тағы да сол Нұрбек бауырымның демеуімен қайта басылғалы жатыр.
Менен бұрын да аударылған моңғол әдебиеті, әрине, бар. Бірақ осыншама көп ақынның өлеңі бір жолда аударылып кітап болып шыққан жоқ. Оған мен біраз еңбек, уақыт жұмсадым. Әрі бұл аударма жетер жеріне жетті деген мырза көңілдемін. Негізгі бағасын оқырман береді. Беріп те жатыр.
Алла қаласа, Қазақстанда да шығармақ ойым бар. Сендер жақта кітап шығарудың қандай жолдары бар екенін мен жақсы білмеймін. Ол жақтағы ақын-жазушы қаламдастардан сұрап көреміз. Егер үкіметтік тапсырыспен көп данамен басылып таралса, ондағы оқырмандарға да үлкен олжа болары хақ. Оның сыртында кітаптың электронды нұсқасын да таратармыз.
Моңғол деген халық – өте ерте заманнан қалыптасқан, әдебиеттің үлгісі бар, ерекше ойшыл халық. Кітап жасаудың да керемет үлгісін ойлап тауып, сақтап келген мәдениетті ел. Жалғыз мысал келтірсем, бұлар кітап парақтарын ақ күмістен жасап, жазуын алтынмен жазып, гауһар, жақұт, лағыл, ақық, меруерт, інжу… дегендей асыл тастармен тыныс белгі әшекейлерін қойып, ең қымбат саналатын тоғыз қазынамен кітап беттеген дүниедегі жалғыз ел. Сенің сұрағыңа мысал ретінде айтып отырмын.
Ал әдебиетіне келсек, өзіндік ерекше ой санасы бар, жазу стилі қалыптасқан өң-түсі басқаға көп ұқсай бермейтін келелі әдебиет.
Өмір сүру салты да бізбен бірдей көшпенді. Сондықтан олардан үйренетін нәрсе өте көп.
– Өзіңіз әлеуметтік желіде белсендісіз. Бұл сізге аудитория жинау үшін қажет пе, болмаса рухтас азаматтармен пікір алмасу үшін қажет пе?
– Бұл ешқандай аудитория жинау үшін де емес, пікір алмасу үшін де емес жасаған туындыңды оқырманға жеткізудің тағы бір қолайлы жолы. Қазіргі заманның өзі тілесең де, тілемесең де осы әлеуметтік желіге теліп отыр. Шындығын айтсақ, келешекте кітап шығарудың да қажеті болмай қалатын түрі бар. Тіпті, олай болмағанның өзінде бастырған мың дана, екі мың дана кітабың ешкімге жетпейді. Жолы қиыр. Ал мына желілерге қойсаң, неше мыңдап миллиондап адамдар оқиды, тыңдайды. Әрі пікірлерін де ашық айтады. Сондықтан ел қатарлы мен де осы әлеуметтік желіні пайдаланамын. Оның үстіне, мен компьютер тетіктері мен өзіме қажет әртүрлі бағдарламаны да ешкімнен кем емес үйреніп, игерген адаммын. Қиындық туғызбайды. Әртүрлі желіге өлеңімді қою, видео, аудиожазылым жасау, монтаждау сияқты шаруаларға күніне бір екі сағат уақыт жұмсаймын. Ол еңбек те өзіндік нәтижесін беріп келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бейбіт Тоқтарбай