Замана қанша жерден қарыштап дамып, тіршілікті технология тізгіндеп, адамзаттың табаны айдың бетіне із салса да алтын бесік ауылдың орны әрдайым ерекше. Себебі, ауыл – ұланғайыр Ұлы Даланың, қасиетті туған өлкенің төрі, қаймана қазақтың құтты қарашаңырағы. Берекесі мен бірлігі жарасқан осындай мекеннің бірі – Байзақ ауданындағы Бәйтерек ауылдық округі.
Ойын-тойын,
Сауығын жыр басқарған,
Қалжың ғана естисің құрдастардан.
Бір-ақ қазан қайнайды екі үй үшін,
Екі үй үшін келеді бір дастархан.
Күндіз-түні жаппайды ел есігін.
Көршілердің қылығын елесін кім.
Бір әжейдің кебісі
Бір әжейдің
Аяғында жүреді келесі күн, – деп төгілетін Қадыр Мырза Әлидің жырындағы байтақ даладағы берекенің бояуын Бәйтерек ауылынан көруге болды. Халық саны көп шоғырланған ауылдық округте ауызбіршіліктің, еңбексүйгіштіктің исі аңқып тұр десек, артық айтқандық емес. Арнайы ат басын бұрып барғанымызда таңмен таласып, тіршілігін тіктеп үлгерген кәсіпкерлер мен шаруасы шалқыған шаруа қожалықтарының ісіне көңіл қуанды.
Ауыл қазір ауданның 80 жылдық мерейтойына мықтап қамдануда. Әйгілі Байзақ датқаның кесенесіне 80 баспалдақ орнатып, маңайына заманауи автотұрақ жасауда. Бұған қоса «Бір сәби – бір ағаш» акциясы аясында 6 айда ауылда кіндік қаны тамған 144 бүлдіршіннің ата-анасы «Сәбилер аллеясына» соншама түп тал-дарақ отырғызған. Көшелер жарықтандырылып, асфальт жабындысы төселген, бейнебақылау камералары орнатылған. Ең бастысы, ауыл халқы әкімінен бастап, түбегейлі салауатты өмірді басты ұстанымға айналдырған. Ауылдық округтегі 17 спорттық нысандағы жасөспірімдердің белсенді шаралары осы сөзімізге дәйекті дәлел. Оған қоса ауылдың тумасы, кәсіпкер
Қанат Күнібеков өз қаражатына жерлестерінің игілігі үшін тағы бір спорттық алаңша салып берген. Аудандағы «Байзақ спорт» іс-шарасында ұйымшылдыққа ұйыған бәйтеректіктердің барын салғаны байқалады. Аталмыш шараның ашылуында жеңімпаз атанған жергілікті команда енді байқаудың күздегі жабылу салтанатындағы турнирге әзірленуде. Бір сөзбен айтқанда, мұнда бұқаралық спорт түрлері де белсенді дамыған. Футболшылары қыркүйектің 22-сі күні Маңғыстау облысында өтетін республикалық жарысқа қызу қамданып жатыр. Таяуда ғана ел игілігіне берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде де спорттың сан түрі қамтылған. Ал, оның ауласындағы заманауи көше ойындары алаңшасын ауылдың кәсіпкерлері жастарға сыйға тартыпты. Аламан додаларда алдына жан салмайтын ауылдық округтің әкімі Айдос Абдуалиев те спортқа оң иығын беріп тұратын азамат.
– Қазір ауданымыздың 80 жылдық мерейтойына дайындалып жатырмыз. Мерейтойға орай, ауылдан 45 миллион теңгеге 3 гектар жерден сквер салынады. Сыртын қоршап, шырша, басқа да ағаштар екпекпіз. Бұл 2 айда бітетін шаруа. Стеласы да болады. Оның жанынан тағы 3 гектарға демалыс алаңы салынады. Округте қазір 1 аквапарк бар. Жалпы, ауылда шағын және орта кәсіпкерлік дамылсыз даму үстінде. 33 азық-түлік дүкені, 4 супермаркет, көлік жөндеу, шаштараз, май алмастыру бекеттері секілді қызмет көрсету орындары жетерлік. Кәсіпкерлер «Даму» қоры арқылы несие алып, жұмыс жасауда. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жуырда ауыл тұрғыны Ержан Жақсығұлов 75 бас қой алса, Мая Жартыбаева 4 миллион теңгеге 10 бас жылқы сатып алды. Қазір «Бастау бизнес» жобасы бойынша 23 адам тіркелген. Олардың 12-сі сертификат иеленіп, несиеге қол жеткізейін деп отыр. Ауылымыздағы негізгі бағыт осы кәсіпкерлікте.
Әрине, 16 мың халқы бар ауылдық округ толығымен газдандырылған. Бірақ, әлі ауызсу жүйесі жүргізілмеген. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша жобалық-сметалық құжат аяқталуға жақын. Бұйырса, келер жылы ауылымызға ауызсу кіреді, – дейді Бәйтерек ауылдық округінің әкімі Айдос Абдуалиев.
Жалпы, ауылдық округте бас-аяғы 109 шаруа қожалығы тіркеліпті. Біз соның ішіндегі сонау 1996 жылдан бері ет және сүт бағытында жұмыс жасап келе жатқан «Агали» шаруа қожалығына арнайы ат басын бұрдық.
– Кәсіпті о баста егін егуден бастағанбыз. Кейін 2002 жылы мал өсіріп, ет өндіруді қолға алдық. Қазір сүт өнімдерін өндіретін жеке цехымыз бар. Ол цехта күніне 6 тоннаға дейін айран, қаймақ, сүзбе, сары май, йогурт өнімдері өндірілуде. Қажетті қондырғыларды Мәскеуден сатып алдық. Жалпы, шаруа қожалығында 35 адам жұмыс жасаса, соның 6-уы осы цехта еңбек етуде. Сүт бағытында 250 бас аналық сиырымыз, ет бағытында 130 бас ірі қара бар. Өнімдер өңірімізде сатылуда. Енді сүт өнімдерінің қаптамасын әзірлейтін құрылғыны күтіп отырмыз. Себебі, біз қазір қаптаманы сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Биыл балабақшалар мен мектептер сүт өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша бізбен келісім жасасуда. Және жылына 200 тоннаға жуық ет өндіреміз. 2009 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен алған несиеміздің уақыты аяқталуға жақын қалды. Енді тағы да мемлекетіміздің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, 100 бас мүйізді ірі қара алғалы отырмыз. Жуырда 400 бас малға арналған қора соқтық. Жем-шөп мәселесін шешу үшін 100 гектарға жүгері, жоңышқа ектік. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан да қолдау бар. Тек жайылымдық жер мәселесі ғана алаңдатып отыр, – дейді «Агали» шаруа қожалығының басшысы Нәби Агалиев.
Ал, жеке кәсіпкер Азамат Болатбеков дәл қазір өз қаражатына ауылдан зәулім мейрамхана салуда. Бірақ, бұл оның басты кәсіп көзі емес. Оған қосымша кондитерлік цехы бар. Саңырауқұлақ та өсіреді. Күніне 300 келіге жуық саңырауқұлақты жергілікті базарға, мейрамханаларға үлестіреді екен.
– Әрине, осы ауылда туып-өскендіктен, ел игілігіне жарайтын іспен айналысып,көптің батасын алғанға не жетсін. Алдағы уақытта ауылдан 200 балаға шақталған білім беру орталығын ашсам деген жоспарым бар. Себебі, бізде қазір баласын жан-жақты дамыту үшін Тараз қаласына табан тоздырып, сандалып жүрген ата-аналар аз емес. Егер көп ұзамай осы шаруа қолға алынса, тұрмысы төмен отбасында өсіп келе жатқан отыз балаға тегін білім бермекпіз, – дейді жеке кәсіпкер.
Ауылдағы «Ақмол» кооперативінің де жұмысы жүйелі. Кооператив төрағасы Жанат Шайділдаева сүт сақтайтын қондырғыны 5 миллион 100 мың теңгеге субсидия арқылы сатып алғанын, қазір күнделікті жиналған 1 тонна сүтті зауыттарға жөнелтіп отырғанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта сауынды малдың басын көбейтіп, сүт өнімдерін қайта өңдеуді жоспарлауда.
Ауылдық округ жастарының тарыдай шашырамай, туған жердің түтінін түзу түтетуге талпынып жатқандықтары қуантты.
– Өзім осы ауылда дүниеге келдім, Гагарин атындағы мектепте білім алдым. Сол оқушы кезімнен ауылдан ешқайда кеткім келмейтін еді. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи Халықаралық қазақ-түрік университетін медицина мамандығы бойынша тәмамдап, Шымкенттегі интернатурада 2 жыл оқыған соң, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылыма қуана-қуана құстай ұшып жеттім.
Медицина саласы қиын әрі қызықты. Ауданымызда қазір қант диабеті, қан қысымы індеттері көш бастап тұр. Соның алдын алу, азайту маман ретінде менің басты азаматтық парызым. Әрине, туған жерге жететін төр жоқ. Емханадағы әріптестерім де бірден маған көп істі үйретті, машықтандырды. Қазір аудандық емханада тәжірибелік дәрігер болып жұмыс жасаудамын. Бағдарлама аясында әлеуметтік көмек те берілді. Алдағы жоспарларымның барлығы осы медицина саласы мен туып-өскен ауылыммен тығыз байланысты, – дейді Досхан Баймырзаев.
Биыл елде жоқ кімнің сауын малы;
анау үйдің жағдайы ауыр ма әлі –
ақсақалы, жасы боп ақылдасып
барлық істі шешетін ауылдағы, – деп ақын Фариза Оңғарсынова жырлағандай, округтің қазыналы қарттары да белсенді.
– Ауылымыз халық саны бойынша аудандағы 18 ауылдық округтің ішінде көш бастап тұр. Бұрын Сарыкемер ауылы орталық болғандықтан көп күш пен іс сол жақта атқарылып, солтүстігіндегі Бәйтерек ауылындағы мәселелерге аса мән берілмей жататын. Қазір ауылымыз өз алдына округ болып бөлінгелі назардан тыс қалып келген мәселелер оң шешімін тауып, көшелерімізге де, тіршілігімізге де жан бітті. Әр көшеге асфальт пен шағал төселіп, жарықтандыру жұмысы алға басты. Жаяу жүргіншілердің жолы салынды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектептің алдындағы үлкен жолға бағдаршам орнатылды.
Бүгінде ауылдық округте 950 зейнеткер бар. Ауыл әкімімен бірлесіп, қазыналы қарттарға қолдан келгенше құрмет көрсетіп, қамқорлық танытып келеміз. Ең бастысы – халықпен тығыз байланыста жұмыс жасалуда, – дейді өзі де спортқа жақын, асық атып, мергендігімен жастарға үлгі болып жүрген Бәйтерек ауылдық округі еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Сәбит Айтбайұлы.
Міне, жасампаздыққа ұмтылған округте жоспарлы жұмыстар осылайша жүйелі жалғасын тауып жатыр. Әрине, дана қазақ айтқандай «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды». Бұл тұрғыда берекелі бірлікті табысты тірлікпен ұштастыра білген бәйтеректіктер басқаларға үлгі болары сөзсіз.
Нұржан Қадірәлі