Таразда тағы бір ІТ-орталық ашылды

666

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен бүгінгі уақыт талабына сай мамандарды даярлау мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемле­кеттік университетінің базасында ІТ-орталық ашылды.
Заманауи орталықтың ашылу салтанатында партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат сөз сөйлеп, саяси құрылымның биыл 22 түрлі бағытты қамтитын ірі жобаларды жүзеге асырып жатқанын, білікті мамандарды даярлауға арналған ІТ-орталықтар соның бірі екенін тілге тиек етті.
Жұмыссыз азаматтарды сұранысқа ие кәсіппен қамтуды көздеген орталық «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы қаржыландырылыпты.
– Өз жұмысын бастаған ІТ-орталықтың курсына 50 тыңдаушы қабылданды. Олардың 20-сы Тараз қаласынан болса, қалған 30 азамат аудандардан келді. Мұнда заманауи мамандықты үйренумен қатар, әрбір білім алушыға 16 750 теңге шәкіртақы беріледі. Оған қоса, жатын орын үшін 12 мың теңгенің үстінде қосымша қаржы төленеді. Ауыл-аймақтан келетіндердің жол шығынына 9 600 теңге қарастырылған. Ал, оқытушылар үшін университетке әр білім алушыға 30 мың теңгеден қаржы бөлінуде. Міне, мемлекет әрбір жұмыссыз азаматқа бүгінгі талапқа лайық кәсіп үйретумен қатар, оған бар жағдайды жасап, әркімге 68 мың теңгеден қаржы бөліп отыр, – деді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбеков.
Өз кезегінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемле­кеттік университетінің бірінші проректоры Асқар Абдуалы оқу орнының бүгінгі тынысымен таныстырып, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Енді мұнда 50 адам жыл соңына дейін 5 курс бойынша 3 ай мерзімде Java, Python, PHP, C/C++ және басқа да бағдарламаларды игеретін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.