Бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Байқадам ауылдық округінде болды.
Аудан басшысы алдымен Саудакент ауылындағы барлық әлеуметтік нысандарды, атап айтқанда мектеп, бала-бақша, ауылдық мәдениет үйі мен кітапхана, спорт мектебі және ауылдық емхана мен инфекциялық емхана бөлімін аралап, жағдайларын, жылыту маусымына дайындығын көрді.
Сонымен қатар, Саудакент ауылында орналасқан аудандық ветеринариялық станция мен республикалық ветеринариялық лабораторияның, Саудакент өрт сөндіру бөлімшесінің де жұмыстарымен танысты. Өрт сөндіру бөлімшесінің жеке құрамның өрт қауіпсіздігін сақтауға дайындығын қарады.
Сапар барысында Ы. Дүкенұлы кесенесінің, ауылдағы саябақтың жағдайы, абаттандыру және тазалық жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.
Содан соң ауылдық округ әкімі аппаратының ғимаратында тұрғындармен кездесіп, ұсыныс — пікірлерін тыңдады.
Ауыл тұрғындарымен кездесуде Сәкен Үмбетұлы жыл басынан бері ауданда, оның ішінде Байқадам ауылдық округінде атқарылған және атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ағымдағы жылы бұл округке 2,9 млн. теңге қаржы қаралып, ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарланған. Негізінен, ауылдың ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту, 3 көшені орта жөндеуден өткізу, 3 көше мен орталық саябақты жарықтандыру, ауылға кіші футбол алаңын орнату, Ы. Дүкенұлы кесенесіне, ауылдық мәдениет үйінің қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылдағы зиратты темірбетонмен қоршау сияқты жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, 1,9 млрд. теңге қаржыға сода зауытына су құбыры тартылып жатыр. 2019-2020 жылдары ауылдық округ «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына енгізіліп, тұрғындар жеңілдетілген пайызбен несие алды. Қазіргі таңда жобаның жалғасы ретінде ауыл тұрғындарының мүйізді ірі қара малдарын ақысыз түрде қолдан ұрықтандыру жүргізілуде.
Жиын барысында жергілікті тұрғындар тарапынан газдандыру, ауыз су, орталық стадионды коммуналдық меншікке алу, жайылымдық жер, ағын су мәселелері, ауылдық аурухананың жағдайы сияқты бірқатар мәселелер көтерілді.
Көтерілген сұрақтарға байланысты аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы және тиісті сала басшылары нақты жауаптар беріп, кейбір мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға мәселелерді нақтылап, бақылауға алып жұмыс жүргізу үшін тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, ауылдық округ әкіміне ауыл өмірін одан әрі жақсарту бағытындағы бірқатар тапсырмаларды жүктеп, жиынды қорытындылады.
Сарысу ауданы