«БАСЫНДА ТҮНЕСЕМ ДЕ БИЫЛ ОСЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН БІТІРТЕМІН»

190
Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының басшысы Данияр Темірбеков жаздың күні аманаттық депутаттар алдында есеп берген кезде, осылай уәде берген болатын.
Әңгіме — Тараз қаласы маңындағы Казарма елдімекенінде салынып жатқан 180 орындық мектеп туралы болып отыр.
Негізі бұл мектептің құрылысы 2022 жылдың сәуір айында басталған. Өткен жылдың соңында пайдалануға берілуі керек еді. Міне, биылғы жылдың соңы болды, әлі пайдалануға берілер емес.
О баста бас мердігер – «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС еді. Кейіннен «Айна сити» деген компания қолға алды.
Тапсырыс беруші – Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы.
Осы аптада Казармадағы мектеп құрылысын тағы барып көрдім.
N11 округ әкімі Ернұр Үдербаев екеумізге жұмыс барысын «Айна сити» компаниясының өкілі Ерғали Дүйсенов таныстырды.
Мектептің соңғы «штрихтары» жасалып жатыр. Жиһаздар әкелініпті. Ішкі жұмыстар да соңына кеп қалған сияқты. Мектептің ауласы түгелдей жобаға сай әрленген.
Әрине, біз мектеп биыл бітпеді деп отырмыз. Бірақ тапсырыс беруші басқарма құжат жүзінде қабылдап та қойған болуы мүмкін. Өткенде облыстық мәслихаттың сессиясында осы мәселені көтерген кезімде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Данияр Темірбеков «Желтоқсан айының соңында бұл мектепті қабылдап аламыз» деп жауап берген болатын.
Қалай айтсақ та мектеп Алла қаласа жақын күндерде біткелі тұр.
Енді бізді бір мәселе мазалап отыр.
Бұл мектеп Казарма мен Шөлдала елдімекендерінің ортасынан орын тепкен. Яғни, екі жақтан да оқушылар кеп оқитыны анық.
Бірақ жол тар, көлік деген ағылып жатыр, ешқандай тротуар жоқ. Дәл қазір жолдың шеті лай, батпақ. Ертең мектеп пайдалануға берілгеннен кейін де осындай жаңбырлы күндері оқушылар аяғын былғамас үшін асфальт жолмен жүретіні анық. Ал бұл жолда көлік қозғалысы көп. Балалардың өміріне қауіп төнбесіне кім кепіл?
Сондықтан Тараз қаласының әкімдігі бұл мектепке екі жақтан тротуар мәселесін салуды ойластырғаны жөн сияқты.

 

Оралхан Дәуіт

Leave A Reply

Your email address will not be published.