Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова қалалық көпбейінді ауруханасында ем қабылдап жатқан пациенттермен жолығып, олардың медициналық қызмет сапасына қанағаттанушылығы жөніндегі пікірлерін тыңдады.
45 төсектік жарақат бөлімі – тәулік сайын пациенттер түсетін, кейде орын саны жетпей қалатын ең үлкен бөлімше. Бүгінде мұнда 38 науқас ем қабылдауда. 10 дәрігер жұмыс істейді. Басқарма басшысы Жанар Оспанова мұндағы әрбір емдеу бөлмелеріне кіріп, пациенттердің қабылдап жатқан емі және дәрігерлердің қарым-қатынасы, орта медициналық персоналдың этика-деонтология талаптарын сақтауы жөніндегі пікірлерін тыңдап, бірқатарына қосымша тиісті медициналық ем түрлерін тағайындау туралы айтты. Сондай-ақ, біраз пациенттерді бөлімшеден соң оңалту орталықтарына жіберу туралы нұсқау-қағаз жазып беру керектігін жеткізді. Бөлімше іші мен емдеу бөлмелерін пациенттердің көңіл-күйін көтеретіндей, түрлі ақпараттық технологиялармен жабдықтауды, заманауи әдіс-тәсілдерге көшуді ескертті.
Бөлім меңгерушісі Ерлан Төлеевке облыстағы жарақат ауруларының алдын- алу, емдеу және жалпы осы қызметті жетілдіру бойынша басқармаға ұсыныс-хат әзірлеуі керек екендігін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды дамытуды нақтылады.