Қазақстанның Бас прокуратурасы Мұхтар Әблязовты тергеуге шақырды, — деп хабарлады «AraiNews» ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас прокуратура аса ауыр қылмыс дерегі бойынша Әблязовқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Бас прокуратурадағылардың айтуынша, тергеу барысында күдіктінің Тәтішевті қасақана өлтіруді ұйымдастыру әрекеттерін анықтайтын дәлелдер табылған.
Алайда, Әблязовтың Қазақстаннан тыс жерде болуына және келуден жалтаруына байланысты Бас прокуратура тергеуге шақыруды еліміздің және Францияның ақпарат құралдары арқылы таратты. «Күдікті Әблязов Мұхтар Қабылұлы, Сізге 2018 жылы 16 тамыз сағат 15.00-ге дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының әкімшілік ғимаратына келу керек: Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 14, жедел-тергеу тобының басшысы — Қазақстан Республикасы Бас прокурорының көмекшісі Бекжан Ермұханбетұлына. Тергеу шараларына қатысу үшін күдікті қорғаушысын өздігімен шақыруға құқылы немесе қылмыстық процессті жүргізуші органнан адвокаттың қатысуын сұрай алады (ҚР ҚПЗ 68-бабы)», — делінген органның хабарламасында.
Айта кетейік, күдікті тергеу шарасына қорғаушысын шақыра алады немесе қорғаушы беру туралы өтініш жаза алады. Егер қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері, тапсырмасы бойынша қатысатын өзге де тұлғалар шақырмайтын болса, қорғаушыны орган береді. Егер белгіленген уақытта келуге кедергі қандай да бір себеп болса, қорғаушыны қатыстыру жөнінде өтініш болса, күдікті немесе оның заңды өкілі қылмыстық тергеуді жүргізетін органға алдын ала ескертуі тиіс.
Бұған дейін ҚР Бас прокуратурасының өкілдері Мұхтар Әблязовтың шетелде сот төрелігінен жасырынып, құқыққа қайшы әрекет жасауды жалғастырып отырғанын мәлімдеді. Сот ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп таныды.
Сонымен қатар, ҚДТ жарияланымдарын таратқандардың қылмыстық жауапқа тартылатыны туралы қазақстандықтарға ескертілді.