Бас прокуратура «Болашақ» стипендиясын өзгертуді ұсынды

884

ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ерғали Мерзадинов «Болашақ» бағдарламасын өзгертуді ұсынып отыр.

Оның ойынша, құқық қорғаушыларды даярлау жағынан бірқатар өзгерістерді енгізген жөн. Себебі қазіргі жүйенің тиімділігі төмен, шетелде оқып келген мамандарға сұраныс жоқ.

«Мәселен, 25 жылдың ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша 47 қызметкер дайындықтан өтті. Олардың басым бөлігі азаматтық және xалықаралық құқық саласында білім алды. Бірақ құқық қорғаушылар арасында дәл осы мамандарға сұраныс төмен. Біздіңше, құқық қорғау жүйесіне қандай мамандықтар қажет, соны алғанымыз дұрыс. Ал үміткерлерді академияның өзі іріктеп отыруы қажет. Оларды нақты өзінің жұмыс саласы бойынша жіберген дұрыс», — деді Е.Мерзадинов Бас прокуратураның алқа мәжілісінде.

Академия басшысының айтуынша, қазіргі екі жылдық оқуды жартыжылдық тағылымдамамен алмастыру қажет.

«Алғашқы екі айда оларды академияда оқыту керек. Осы жұмысқа шетелдік мамандарды да тартуға болады. Ары қарай төрт айлық тағылымдаманы шетелде жалғастырған дұрыс. Осының арқасында бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге болады. Ал шетелдік мамандарды тартудың арқасында өз оқытушыларымыздың біліктілігін арттыра аламыз», — деп атап көрсетті Е.Мерзадинов.

Айта кетейік, алқа мәжілісі кезінде академия басшысы аталған оқу орнының кемшін тұстарын жариялады. Оның айтуынша, академия қызметкерлерінің кәсіби дайындығын жан-жақты тексеріп шығу қажет. Себебі мамандардың ауысуы жиілеп кетті. Үш жылдың ішінде аталған көрсеткіш 60 процентті құрады. «Еңбек тәртібі осал. Әрбір екінші қызметкер «больничныйда» жүрді. Ал кейбір қызметкерлер бір жылда екі рет емес, 8-10 рет «ауырып» шығады. Бұның барлығы күнделікті нәрсеге айналды. Сосын академияда үш жыл істесе, кіретін есікті де білмейтін қызметкерлер бар», — деп атап көрсетті Е.Мерзадинов.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.