Бәрі полицияның құзырында емес – министр

96

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ел Президентінің қаулысын орындау мақсатында Өскемен қаласының тұрғындарымен кездесті. “Ертіс концерт” орталық мәдениет үйінде ведомство басшысы азаматтарды қабылдады деп хабарлады turkystan.kz ІІМ баспасөзіне сілтеме жасап.

“Ертіс Концерт” залына министрмен кездескісі келетін өңір тұрғындары жиналды. Кездесу басында Марат Ахметжанов өскемендіктерге ішкі істер органдарының жұмысы мен криминогендік жағдай туралы баяндады.

“Елдегі құқықтық тәртіп үшін жауапты адам ретінде сіздерге елдегі қылмыстық ахуал мен Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарына жүктеген тапсырмалары туралы баяндағым келеді. 1 қыркүйекте Президенттің Жолдауы шықты. Онда біздің қоғамды алаңдататын бірқатар маңызды мәселелер көрсетілген. Тәуелсіздік алған жылдары бір жылда шамамен екі жарым мыңнан астам адам өлтіру фактісі тіркелетін. Соңғы 5 жыл ішінде бұл 700-800-ге дейін төмендеді. Халық саны 3,5 миллионға өсті, бірақ кісі өлтіру, қарақшылық, зорлау, тонау және бұзақылық азайып келеді. Бүгінде дамыған әлеуметтік желілердің арқасында біз Өскеменде бола отырып, Жаркентте немесе Шымкентте не болып жатқанын көріп, біле аламыз. Яғни, кейбір қылмыстық құқықбұзушылық, белгілі бір оқиғалар бірден көпшілікке белігілі болып, тарап жатады. Кейде осындай ақпараттық фонға байланысты күн сайын бір нәрсе жасалып жатқандай сезім пайда болады. Шынында қылмыстар саны азаюда, бірақ бұл бізді тоқтатпауы керек. Криминогендік жағдай бақылауда. Әлі де атқарылар жұмыс көп. Бәрі полицияның құзырында емес екенін де атап өткен жөн. Сіздерсіз, қоғамсыз, басқа да уәкілетті органдарсыз, жергілікті атқарушы органдарсыз қылмысты жеңу мүмкін емес”, – деді Марат Ахметжанов.

Министр Мемлекет басшысының бастамасымен елде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға егжей-тегжейлі тоқталды.

“Шығыс Қазақстан облысына халықпен кездесіп, пікір алмасу үшін келдік. Білесіздер, бүгін жаңа Қазақстанның, әділ Қазақстанның қалыптасу процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар біз сіздермен кері байланыс орнатқымыз келеді. Дәл осы аймақтың халқын не алаңдатады? Қандай өзекті мәселелер бар? Мен, әрине, түсіндіріп, көмектесуге тырысамын. Бүгінде мемлекет тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда. Қылмыстық сот ісін жүргізуде ғана емес, басқа да салаларда реформалау жүзеге асырылуда”, – деп атап өтті ІІМ басшысы.

Ол елдегі орасан зор өзгерістер құқық қорғау жүйесіне де әсер ететінін атап өтті. Сондай-ақ министр ішкі істер органдарын реформалауды жалғастыру, полиция жұмысын бюрократиядан арылту, сотқа дейінгі іс жүргізуді оңтайландыру, полиция қызметін цифрландыру туралы хабарлады.

Бәрі полицияның құзырында емес – министр

Кездесу министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн режимде көрсетілді. Марат Ахметжанов жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Тұрғындарды негізінен қылмыстық істерді тергеу сапасы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары, шалғайдағы елді мекендердегі мал ұрлығына қарсы күрес, полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің заңдылығы сынды мәселелер қызықтырды.

Кездесуге қатысушылар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру бойынша өз ұсыныстарын да айтты.

“Қазақ айтады ғой “бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” деп. Бір жағымсыз әрекет құқық қорғау органдарының барлық оң жұмысын жоққа шығаруы мүмкін. Одан бөлек өз өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе де, күн сайын қызметтік міндеттерін адал атқарып, ерлік жасап жатқан қаншама қызметкер бар. Мысалы, Атырауда суға батқан азаматшаны құтқарамын деп біздің бір қызметкеріміз қаза болған еді. Бірақ соған қарамастан биыл да дәл сол көпірден суға секірген басқа адамды тағы да біздің полицейлер құтқарып қалды. Полицейлер өрттен де құтқарып жатыр, азаматтарға қатер төндірген автокөліктерді де тоқтатып жатыр. Жағымсыз жәйттерге қарағанда мақтауға тұрарлық және мақтанарлық мысалдар көп”, – деді министр.

Залда жиналғандардың арасында 99 жастағы ардагер де болды. Ақсақал өзінің өмір тарихымен бөлісіп, жиналған қауымға батасын берді.

Бәрі полицияның құзырында емес – министр

Ал күрделі мәселемен жүгінгендерді ведомство басшысы жеке қабылдады. Елдің бас полицейі азаматтардың әрқайсысын мұқият тыңдады. Министрдің құзыретіндегі барлық мәселелер дереу шешілді. Тұрғындардың кейбір өтініштері бойынша қызмет басшыларына тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы Марат Ахметжановтың жеке бақылауында.

Министр журналистерді де назардан тыс қалдырмады. Арнайы брифингте ол БАҚ өкілдерінің барлық сауалдарына жауап берді.

Жұмыс сапары аясында Ішкі істер министрі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен бірге әкімдік жанындағы ахуалдық орталыққа барды.

Бәрі полицияның құзырында емес – министр

Ал облыстық полиция департаментінде Марат Ахметжанов жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысын тексерді. Аймақ полицейлерінің алдына қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңдылықты сөзсіз сақтау бойынша нақты міндеттер қойылды.

Жұмыс сапары қала тұрғындарына арналған гала-концертке қатысумен аяқталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.