Балалар жылы аясында өңірде 7 бағытта жемісті жұмыстар атқарылған. Мәселен, «Білімді бала» бағыты шеңберінде бүлдіршіндердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар жағдай жасалып, жекеменшік 14 балабақша ашылған. Нәтижесінде 1 760 балдырған қамтылған. Сонымен қатар, 8 мектеп ел игілігіне беріліп, 72 білім ошағының биология, химия және физика кабинеттері жаңа модификациялық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингі барысында облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдын Досыбаева айтты.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен «2022 жыл – Балалар жылы» деп жарияланды. Осылайша, барыс жылында ел ертеңі – өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлінді. Жалпы, мемлекет қай кезде де балдырғандардың үздіксіз дамуына инвестиция құюын тоқтатпайды. Өйткені, тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыста 78 мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері жұмыс істейді. Жалпы мектептен тыс мекемелер мен мектептердегі түрлі бағыттағы үйірмелермен қамтылған оқушылардың үлесі — 75,5 пайызды құрап отыр. Осылайша, қазақтың қарадомалақ балалары түрлі деңгейдегі жарыстарда ел мерейін көтеруде. Айта кетейік, балалар жылы аясында өңірде 7 бағытта жүйелі жұмыстар атқарылды. Мәселен, «Білімді бала» бағыты шеңберінде бүлдіршіндердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар жағдай жасалып, жекеменшік 14 балабақша ашылды. Нәтижесінде 1 760 балдырған қамтылып отыр. Сонымен қатар, 8 мектеп ел игілігіне беріліп, 72 білім ошағының биология, химия және физика кабинеттері жаңа модификациялық құрылғылармен қамтамасыз етілді, — деді Айдын Орынбекқызы.
Жиын барысында облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы «Дені сау бала», «Жетімсіз ел, Жайлы мекен», «Отбасы – қауіпсіз мекен» және «Bala qorgau», «Bala_time.kz» бағыттары бойынша іске асырылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, бұл бағыттағы шаруалардың барлығы қатаң бақылауға алынғанын жеткізді.