БАЛАЛАР БАҚЫТҚА КЕНЕЛГЕН КҮН

87
Ерекше қуаныш пен мейірімге толы «1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесі облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінде кең көлемде тойланды.
Дәстүрлі мерекелік шара биыл «Бала – бақыт, бала – байлық!» атауымен ұйымдастырылды. Жайдарлы жаз айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келген айтулы күн қарсаңында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева балапандарға ізгі тілегін айтып, мерекелерімен құттықтады.
Бұл күн – балаларды шаттыққа кенелтіп, достық пен мейірімге бөлегені сөзсіз. Шара барысында «Достығымыз жарасқан бақытты балалармыз» тақырыбында асфальтқа сурет салу сайысы өтіп, балапандар татулықтың, бақытты балалық шақтың көрінісін әдемі кескін арқылы боямасыз бейнеледі.
Жас суретшілер еңбегіне дизайнер, суретші, «Тараз суретшілер одағы» ҚБ құрылтайшысы, «Қолөнер-Тараз» ҚБ мүшесі Елена Голубинская, суретші Вера Андреевна өз бағасын беріп, барлық қатысушыларды марапаттады.
Ән мен би, әзіл мен ойынға толы думанды шарада балаларға аймақ өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Балауса» циркі «Жонгерлер» қойылымын сахналаса, Арайлым Құрымбетова, Жұлдыз Уксикбаева және Гүлжан Шәріпханова «Қуанышыңмен» әнін тамылжыта орындап, Лаура Бексұлтанова «Жалқаубек» әнімен бүлдіршіндерді көңілді күйге бөледі.
Ал, «Қарақат» мектеп студиясының шәкірттері салған «Көктем» әні, ТарМУ жастарынан құралған өнерпаздар тобы орындаған «Балдәурен» әні, Орынбасар Бақытұлының «Көркемім» әні, жас талант Ерасыл Мамырдың орындауындағы «Бауырларым» әні кештің шырайын аша түсті. Айта кетейік, мерекелік кеште жас әнші Ерасылдың «Бауырларым» әніне түсірілген бейнебаянның тұсауы кесілді.
Сондай-ақ, Таразға танымал әзілкештер Айдын Альчикенов пен Жайдар Жорабеков «Сайқымазақтар» көрінісін ұсынып, сиқыршы Талап Таубеков және жамбылдық жұртшылыққа жылан биімен танылған Дилана Жорабек пен Рахат Байтулеевтің шығармашылық нөмірлері балаларға ерекше шаттық сыйлады.
Мерекелік кеш соңында балаларға арнайы дастархан жайылып, тәтті тағамдар ұсынылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.