БАЛА ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ

158

БАЛА ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ

«Адамның адамшылығы –ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана,

жақсы  құрбы, жақсы  ұстаздан  болады»

А. Құнанбаев

 

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе.

Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.

         «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз бар. Бір ауыз сөз елдің санасы сонау бесік тәрбиесімен байланысы зор екенін айтады. Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық. Ғасырлар бойы қазақ жұртының өмірден алған тәжірибесі, ұлттық құндылықтар бүгінгі ұрпаққа берілген мол мұра. Енді сол ұлтқа тән барлық құнды құндылықтар мен мол мұраларымызды дәріптеп, келешекте де желісін үзбейтіндей дәрежеге жеткізу, ұлттық болмысымызды айқындайтын ерекшеліктерімізбен ұрпақтың санасын тәрбиелеу, оларды бойға сіңіру бүгінгінің еншісіндегі іс. Әсіресе атам заманнан басты мәселе саналған ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлудің маңызы зор. Бұл тұста заманның талабына сай көшке ілесемін деп, нанталап тірлікпен бала тәрбиесінен кешеуілдеп қалудан, байланысты үзіп алудан сақ болу қажет. Бала сол ортаға қарап өседі. Сол үшін балаға отбасындағы тәрбиені қоғамдық ортаға байланыстыра отырып берген адам ұтады.

Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, мектептің бірлескен әрекетінде екені еш уақытта күмән туғызбайды. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекшісі негізгі рөл атқарады. Мұғалім мен ата-аналардың өзара қатынасы міндеттерінің ең негізгісі-психологиялық-педагогикалық білімдерін көтеру болып табылады.       Ата-аналардың тәрбие процесінде жеке адамның қалыптасуына ықпалы, олардың жалпы педагогикалық мәдениетіне байланысты. Мектептің, отбасының, жалпы халықтың және мемлекеттің негізгі мақсаты, казіргі заманың талаптарына сай балаларды және жастарды тәрбиелеу, олардың өмірде өз орындарын таба білуге даярлау болып табылады.

Бүгінгі таңда: «Нарықтық экономикаға сай, ұлттық сана сезімі жоғары, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан Қазақстан азаматын тәрбиелеу ата-анамен мектептің міндеті. Ұстаздар жүйелі жоспар құрып, шәкірттерімен ақылдасып ата–аналармен бірлесе жұмыс істегенде ғана үлкен нәтижелелерге ие болады. Ең бастысы мектеп қабырғасында әрбір ұстаз өзі атқаратын тәлім-тәрбие ісін ғылыми тұрғыдан ұйымдастырып, шәкірттерін жан-жақты біліп, ата- аналармен тығыз байланыста болу қажет.

«Баланы жастан» емес, бесіктен, тіпті, ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ұғынған. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренеді, көреді, біледі, көңіліне түйеді. Алайда, сәбидің ана құрсағындағы тәрбиесі аса маңызды орын алмақ. Өйткені, бала ана құрсағында болғанда анасы не нәрсені көбірек үйренсе, көбірек білсе, кейін бала да сол нәрсені тез игереді екен. Яғни, «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кететінінің» дәлелі. Ендеше ұрпақ тәрбиесін уысымыздан шығарып алмай, ұл-қызымыздың бойына ұлағатты сіңіріп өсіруді ұмытпайық.

 

 

 

Гульмира Амалбекова

Дулати Университетінің доценті, э.ғ.к.

Leave A Reply

Your email address will not be published.