Дүниеде баланың шат күлкісіне жететін ештеңе жоқ .Өмірдің мәні де, сәні де баланың бақытымен өлшенеді.
Ахмет Байтұрсынов «Бала қандай қымбат болса , тәрбиесі одан да қымбатырақ болу керек» деген екен.
Жақсы ұстаз ең бірінші баланы намысты, рухы жоғары,елі мен жерінінің патриоты етіп тәрбиелуге күш салуы керек.
Балаға дұрыс болашақ силау үшін ата-ана мен мұғалім ортақ бір мақсатта, силаса, түсінісе отырып бірлесе жұмыс жасаса іс жемісін беретініне сенемін. Отбасынан басталатын тәрбие, жақсы ұстаздан жалғасын тауып адал, бауырмал, кешірімді жаны таза, үлкенге құрмет,кішіге ізет көсете білетін ибалы қыз, намысты ұл өсіруге жеткізсе қане.
Бүгінде білім берудің барлық деңгейлерінде тәрбие мен оқытудың жаңа сапалы жүйесін жүзеге асыру талап етілуде. Білім мекемелерінің материялдық- техникалық базасының нығаюы бұл мақсатқа жетуге игі ықпалын тигізуде . Қазіргі кезде күнделікті тұрмыс –тіршілікті ұялы телефонсыз елестету қиын. Көлікте болсын, көшеде болсын,тіпті тамақтанып отырып та телефонга қарау әдетке айналғалы қашан.Қалта телефоны деген бір сиқырға басымыз байланып қалғандай.Бірақ осы сиқырлы ақпарат әлеміне жас жеткіншектердің ерте еніп кетуі көңілге алаңдаушылық әкеледі.Өйткені ондағы әлеуметтік желілерде не жоқ дейсіз, қызықтың бәрі сонда. Интернеттен не бір жақсы да, жаман да нәрселерді көріп , оқыған баланың қандай ой түйетінін ойлау ауыр-ақ. Сондай-ақ баланың сабаққа деген ынта ықыласы төмендеп, бар зейіні әлгі, «сиқырлы сандықшаға» ауады .
Дәл осы орайда ата-аналардың да өз жауапкершіліктері туралы мықтап ойланатын кезі келген секілді.
Жанұяның өзіндік өмір суру ерекшелігі, бір-бірін құрметтеп силауы,бір-біріне көмектеседі, үйдегі жүріс –тұрысы бәрі бала үшін үлкен мектеп,тәрбие. Қазақ «Ұлың өссе,ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» дейді.Жас күнінен олардың кімдермен, немен айналысып жүргені, неге қабілеті барын байқап, соған сәйкес бағдар, ақыл кеңес беруге тырысу керек. Барлық ұстаздар қауымының басты мақсаты –адамгершілік қасиеті мол, ұлтының салт-дәстүрін, бар құндылықтарын қасиет тұтатын, өресі биік, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу. Қазақ халқының өзіне тән салт –дәстүрі, өзіндік мәдениеті, бай тарихи мұрасы ,өнері мен тілі,әдет-ғұрпы, рухани –адамгершілік тағылымдарын ел болашағы жас балғындарға ұғындырып, қанына сіңіру ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді.Балаға білім беру ғана емес, оларды еңбек етуге, кедергілерді мойымай жеңе білуге,алдына зор мақсаттар қоя білуге үйрету маңызды.Мұғалім сыныптағы әрбір оқушының мінез-құлық ерекшелігін, қабілет-қарымын жетік білетін екінші ата-анасы.
Ұстаз жұмысы қиын да жауапты. Бұл жұмыста балаларды алаламай, бәріне сүйіспеншілікпен қарап, бар күш –жігерін арнамайынша дұрыс нәтиже күту қиын. «Мінсіз адам жоқ, оны көруге асықпа, түзетуге асық» демекші баланың байқамай жасаған оғаш қылығына ұрсудан бұрын ,оның жасаған қылығының дұрыс еместігі бала санасына жай сөзбен ұғындырып, түсіндіруге тырысқан жөн.Жас баланы жаңа отырғызылған талшыбық десек, оның қисаймай түзу өскенін қаласақ, ата-ана мен ұстаздар бұл жолда аянбай еңбек етуі керек. Қазіргі мұғалім замана көшінен қалмай, өз біліктіліктерін ұштап отырумен қатар, толассыз еңбек, үнемі ізденіс үстінде болуы табысқа жетудің тікелей жолы десек те болады.
Алтыншаш Өміржанова