Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады

31
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Әуелі шаһар басшысы «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптарындағы жолдарды ағымды жөндеу жұмыстарымен танысты. Құрылысты сапалы әрі уақытында аяқтау керектігін айтқан қала әкімі тұрғындармен де тілдесті. Тұрғындар өз кезегінде ауыз су, аялдама, қоғамдық көлік мәселесін көтерді. Аталған алқапқа ауыз су тартылғанымен, абоненттеу жұмыстары толық жүргізілмеген. Сол себепті тұрғындардың тіршілік нәріне қол жеткізуі кешеуілдеп тұр. Сондай-ақ шаһар басшысы ағымды жол жөндеу жұмыстары толығымен тәмамдалғаннан соң аялдама орнатып, жаңа автобустармен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жеткізді.
Келесі кезекте қала әкімі Б.Момышұлы көшесінің 2-бұрылысы, №2 мекенжайында орналасқан нысанға ат басын бұрды. Аталған нысанда тұратын тұрғын көршілерінің қарсылығына қарамастан аулада заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізбекші. Мәселемен жіті танысқан қала әкімі бұл жерде ешқандай құрылыс нысаны салынбайтынын, бұл бойынша тиісті шаралар қабылданатынын баса айтты.
Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы №7 «Самал» шағын ауданындағы №13 үйдің ауласын, арық жүйелерін көріп, жұмысты сапалы орындау қажеттігін тағы да ескертті.
Шаһар басшысы бұдан соң Төле би даңғылында жүргізіліп жатқан М-1 жылу желісін қайта жаңғырту жұмыстарына аялдады. Жобаның бас мердігері – «Сарыагаш – Аман» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «АДС Сапа» ЖШС. Өз кезегінде қала әкімі жауаптыларға құрылыс жұмыстары шаһар тұрғындарына қолайсыздық тудырмау керектігін қаперге салды.
– Бұл көшенің бойында көлік қозғалысы өте көп. Қазіргі таңда жол уақытша жабық болғандықтан тұрғындардың емін-еркін қатынауына кедергі келтіріп, кептеліс тудыратыны сөзсіз. Сондықтан құрылыс жұмыстарын мерзімінен кешіктермеу маңызды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Келесі кезекте шаһар басшысы Жамбыл даңғылының бойындағы көпірді қайта жаңғырту жұмыстары бойынша жоспармен танысты. Бірер күннің бедерінде тиісті жұмыстар басталып, көпір жаңаша кейіпке енеді.

Тараз қаласының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.