Бабын тапсаң, балық та байлық

239

Ағымдағы жылдың 20 мамырында бекітілген кестеге сәйкес Қордай ауданында балық шаруашылығымен шұғылданушы шаруаларға семинар ұйымдастырылды.

«Кordai Fish» балық шаруашылығында ұйымдастырылған семинарға балық шаруашылығы су айдынын пайдаланушылар және балық шаруашылығымен шұғылдануға ниетті азаматтар қатысты.

Шара барысында басқарма басшысы Мұратхан Шүкеев балық шаруашылығының бүгінгі әлеуетіне тоқталып, аталмыш салаға көрсетілмек мемлекеттік қолдаудың жай-жапсарына тоқталып өтті.

Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары Айбар Әділбақов сөз алып, балық шаруашылығындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарланған міндеттерді түсіндірді.

— 2021 жылы облыста 105,9 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланған. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 383 тоннаға жетті. Оның ішінде, тұқы тұқымдас (карп, сазан) — 160 тонна, форель балығы – 223 тоннаны («Алтын бұлақ» ШҚ – 23 тонна форель және 50 тонна карп, «Арнур» ШҚ — 80 тонна форель және 110 тонна карп, «Kordai Fish» ШҚ — 120 тонна форель) құрады.

Ағымдағы 2022 жылы облысымыздың аумағындағы су айдындарында 464,3 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр,- деді Айбар Күнтуұлы.

Сонымен қатар, акваөсіруге (балық өсіру) көрсетілетін мемлекеттік қолдауларға да тоқталып өтті. Мәселен, «Акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» 2018 жылғы 4 қазандағы № 408 бұйрығына сәйкес (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің) бес бағыт бойынша субсидия түрі бекітілген екен.

Яғни, ағымдағы 2022 жылдан бастап:

— Бекіре, албырт, тұқы, жайын, цихлид, лат, араван тұқымдас балықтар мен олардың будандарын, шаян тәрізділерді өсіру кезінде пайдаланылатын азықтарды сатып алу шығыстарының 30 %-ын;

— Балық отырғызу материалдарын сатып алу шығыстарының 50% — ын;

— Балық өсіру-биологиялық негіздемені сатып алу шығыстарының 50% — ын;

— Дәрілік препараттарды сатып алу шығыстарының 50% — ын;

— Балық басын толықтыратын аналық балық үйірін сатып алу және оларды күтіп-ұстау шығыстарының 50% — ын өтеу арқылы акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өзіндік құнын төмендетуге арналатын болады.

Бұдан бөлек, басқарма басшысының орынбасары ағымдағы жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша берілетін субсидия туралы шаруаларға түсіндіріп өтті.

Яғни, «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығына сәйкес (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а.) 2022 жылдан бастап екі бағыт бойынша субсидия түрі берілмек екен. Атап айтқанда:

— «Алаңы кемінде 50 гектар көлдік-тауарлық балық өсіру шаруашылығына арналған жабдық пен техника сатып алу» жобасы бойынша инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 25 (жиырма бес) пайызды;

— «Жылына 20 тоннадан тауарлық балық өсіруге арналған, сумен қамтамасыз ету циклі тұйық балық өсіру объектісін құру және кеңейту немесе жылына 40 тоннадан бастап тауарлық балық өндіруге арналған шарбақтық желі қолданылатын балық өсіру шаруашылығын құру үшін жабдық сатып алу» жобасы бойынша инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 25 (жиырма бес) пайызды құрамақ.

Шараның «KORDAI FISH» балық шаруашылығында ұйымдастырылуы да кәсіпті бастауға ниетті азаматтарға үлкен серпін болары анық. Себебі, аталмыш шаруашылық бүгінде аталған саланы ұршықтай иіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Шара барысында шаруалар ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.