«Бүркіт» ерекше арнайы мақсаттағы жасағының ғимараты ашылды

435

Айта кетейік, «Бүркіт» арнайы жасағы өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған. Ол облыстағы төтенше жағдайларда жауынгерлік міндеттерді орындау, терроризм актілерінің жолын кесу және адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адамның және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау мақсатына негізделген.

Жеке құрамның алдында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы ел тыныштығын қамтамасыз ету – отансүйгіштіктің нағыз белгісі, осы тұрғыда әскерилерге айрықша сенім артылатынын атап өтті.

–  Біз бейбітшілік пен келісім, бірлігі жарасқан елде өмір сүрудеміз. Бірақ, «жау жоқ деме, жар астында» демекші,  ел ішіне іріткі салуды көздегендерден сақ болғанымыз абзал. Ұлттық ұлан біртұтас жауынгерлік күш ретінде еліміздің тыныштығын күзетуі тиіс.

Әлемдегі қазіргі ахуалға байланысты Қазақстан Республикасының Әскери Доктринасына сәйкес, Ішкі әскерге жаңа міндеттер жүктеліп отыр. Осыған орай, әскердің жауынгерлік жағдайын жақсарту мақсатында, ұйымдастырушылық-штаттық құрылымы жетілдірілді.

Жамбыл облысында төтенше жағдайларда жауынгерлік міндеттерді орындауға арналған арнайы ерекше мақсаттағы «Бүркіт» бөлінісінің жасағы құрылды.

Күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріліп отырған бұл нысан осы жасақтың жемісті қызметіне өзіндік септігін тигізері сөзсіз. Бұл ғимаратта тек бейбітшілік мақсаттағы іс-шаралар ұйымдастырылуын тілейміз.

Біздің әскери қызметшілер әрдайым кәсіби шеберліктерін арттыра береді деп сенемін.  Ел тыныштығын қамтамасыз ету – үлкен абырой, асқан жауапкершілік, әрі парыз,-деді Нұржан Нұржігітов.

Келесі кезекте  ҚР ҰҚК облыс бойынша департаментінің бастығы Нұрлан Кәрібжанов,  Ұлттық ұлан «Оңтүстік» ӨҚ қолбасшысы Талапкер Әміреев те өз құттықтауларын жеткізді.

Бұдан соң қонақтар ерекше арнайы мақсаттағы жасақ ғимаратын аралап, жасақтың орналасу тәртібі және киім үлгілерімен танысты.

Жергілікті биліктің қолдауымен ғимарат керек-жарақпен жабдықталған.

4 қабатты нысанның іргесі 1979 жылы қаланған десек, өткен жылы қайта жаңғыртуға облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы тапсырыс берген. Оның құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 269,2 млн. теңге бөлінген. Мердігер – «Райша-3» ЖШС.

Жаңғыртудан өткен нысанда «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі мен атқыштар батальонының жеке құрамы орналасады.

      

Leave A Reply

Your email address will not be published.