«Әйел адамдардың еңбегі ерлерден кем емес»: Балқаш мыс қорыту зауытында 20 жыл қызмет еткен әйел жұмысы туралы айтты
Сандуғаш Ибрагимова, Stan.kz
Еңбек адамының еңбегі қаншалықты ауыр екенін білу үшін бір күнді өндірісте өткізу керек. Біліктілігі анағұрлым жоғары процессордың басшылығымен матрицалық негіздерді кесу және түзету, құлақтарды кесу, құлақтарды бекіту, көтерме кранға ілу, өнімдерді сұрыптау, таңбалау, қоймаға қою және тасымалдау Сандуғаш Болатқызының күнделікті атқаратын жұмысы. Әйел затының өнімдерді натрий гидроксидімен және азот қышқылымен химиялық өңдеуін, тойтару станоктарына және катод негіздерін түзетуге арналған роликтерге салып иіп жатқанын көргенде таңданысымызды жасыра алмадық. Катодты қаңылтырлардың сапасына қойылатын талаптарды орындап, жабдықтың жұмысындағы ақауларды анықтау және жою жұмыстары екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келетін іс емес.
Кейіпкеріміздің өзі туып өскен Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылының мектебін бітірген соң оқыған негізгі мамандығы кітапханашы. Бірнеше жыл С.Сейфуллин атындағы кітапханада жұмыс істеп, мыс электролиз цехына 2003 жылы жұмысқа қабылданады.
Сандуғаш Ибрагимова, Stan.kz
“Мен өндіріске бет бұрған тұста цехтағы жұмыстың алғашқы айлары қиын болды. Агрегаттардың шуынан, шаң мен кірден қатты шаршадым. Ауысымнан үйге келіп, бірден ұйықтап кететін едім. Сол тұста менің тәлімгерлерім Жанар Әбеуова, Галя Рижская, Валера Рудиков маған білмегенімді үйретті. Барлығы қажырлы еңбектің арқасында жүзеге асатындығын үнемі айтып отыратын. Кейін үйреніп, қазір бұл цех пен ұжым бір шаңыраққа айналды”, – дейді Сандуғаш Болатқызы.
Мұнда қырыққа жуық адам жұмыс істейді екен. Бригадирі Гүлжан Қуатбекова бұл саланың отымен кіріп, күлімен шыққан нағыз еңбектің майталманы көрінеді. Әр ауысымда алты адам жұмыс істейді. Бір ауысымда көрсетілген кесте бойынша бригаданың әрбір мүшесі 600 дана катодты негіз өндіріп, тиеуі керек екен. Ал оны тоннамен есептейтін болсақ, мұндағы әйел адамдардың еңбегі ерлерден кем емес. Бір ауысымда өңдеуші 6,5 тонна норманы орындайды. Ал бір айда барлық бригада 4 мың тоннаға жуық өнімді өңдеп шығарады.
Сандуғаш Ибрагимова, Stan.kz
Өндіріс те өте ауыр, көп еңбекті қажет ететін және жақсы дене күшін қажет ететін қол жұмысы. Бұл цехтағылардың барлығы ортақ тіл тауып, ұжымдағы жұмыс бірқалыпты жүргізуде. Қыздың жиған жүгіндей әрбір ісі жинақы.
“Алғаш еңбек жолымды бастағанда әрқашан өңдеуші болып әйелдер ғана жұмыс істеді. Ал ер адамдар біздің қатарымызда жақында ғана пайда болды. Біздің жұмыс матрицалық парақтарды – тойтару машиналарында катодты негіздерді жасаудан тұрады. Содан кейін олар электролиз ванналарына серияға жіберіледі.
Әріптестерімнің еңбекқор қолдарының арқасында жүздеген тонна ашық сарғыш парақтар электролизден кейін таза катодты мысқа айналады. Өнім дайын болғанда алыс шетелдерге экспортталады”, – дейді еңбеккер ана өз жұмысын баяндап.
Сандуғаш Ибрагимова, Stan.kz
Күнделікті күйбең тіршілікте бар сенгені тұла бойындағы қара күші мен болмысындағы еңбекқорлық болып, ақ адал еңбегімен нанын тауып жүрген қарапайым еңбеккерлерге деген құрмет қашанда жоғары болуы тиіс.
Сандуғаш апай болса, ерлермен иық тіресе жүріп, еліміздің дамуына үлес қосқанын мақтан тұтады. Өндірісте алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызып, елге сіңірген еңбегіне орай құрмет көрсетіліп жатқанына дән риза. Ол өзінің шәкірттері Алмагүл Үсенова, Гүлзира Қасымова, Жанар Бектаубаева, Айгүл Жұлжанова сынды еңбеккерлерге білгенін үйретуден жалыққан емес. Сандуғаш Болатқызының өмірлік қосағы Ерғали Ибрагимовте 45 жыл өндірісте еңбек етіп, биыл зейнетке шығыпты. Баласы Елжас Ерғалиұлы да бір зауытта еңбек етуде. Іргесі берік отбасы 1992 жылы шаңырағын көтерген.
Сандуғаш Ибрагимова алған Құрмет громатасы мен Алғыс хаттары да жетерлік. Мұны маңдай тер, табанақы еңбектің өтеуіне баладық. Металлург ананың айтуынша, металлург мамандығы қай кезде болмасын ерекше кәсіп саналған. Ол Балқаш мыс қорыту зауытының мыс электролиз цехындағы жұмысын ерекше құлшыныспен бастайды. Өйткені өндірісті өрге сүйреген жан, тек білікті маман ғана емес, адами тұрғыда кемелденіп, биік белестерді бағындырып отырған жайы бар.
Нұрдос МАРАТҰЛЫ