Ай атауларының мағынасы қандай?

195

Қазақ тілінде бір жылды құрайтын он екі айдың атауын ауа-райына, ұлттық мейрамдар, табиғаттың құбылыстарына, ырымдарға, салт-дәстүрлерге байланысты атаған.

Қаңтар

Қаңтар – ескі түркі сөзі. Күннің барынша қысқарып, байланғандай қаңтарылып тұрып қалуына орай «қаңтар» деп атаған. Бұдан кейін күн ұзара бастайды. Халық арасында «Қаңтарда күн қарға адым ұзарады» деген сөз қалған.

Ақпан

«Ақпан» – қазақтың «ақ ықпа», яғни боран деген сөзінен шыққан. Осы айда келетін амалды «Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн» деген. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасына келеді. Қар жауып, жел тұрып, боран, бұрқасын болады. Аяз күшейеді. Малдың жұтқа ұшырауы осы айда басталады. Олар тауды ықтап, ағашты паналайды. Айдалада адасып, аштық пен суықтан қырылып қалады. Қазіргі кезде, құдайға шүкір, бұндай оқиғалар көп емес.

Наурыз

Наурыз – өзіміздің төл жаңа жылымызды бастайтын ай. Парсыша «Жаңа күн» деген мағына береді. Шындығында, наурыз – айдың аты емес, жыл басы мейрамының атауы. Қазақтар Наурыз мерекесін Ұлыстың ұлы күні – жыл басы ретінде тойлау дәстүрімен ай атына айналдырған. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі.

Сәуір

Арабша «өгіз» деген мағынаны білдіреді. «Өгіз» – күн жолындағы шоқжұлдыздың аты. Қазақтар оны ай аты ретінде қолданған. Сәуірдің ертеден келе жатқан қазақша аты «көкек» болатын. «Көкек – ұшқалақ, жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады. Бұл сөз жағымсыз мәнде айтылатындықтан, оны сәуір деген атаумен алмастырған. Қазақта «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген мақал да бар.

Мамыр

Жыл құстарының мамығын төгіп, көл жағасына ұя салып мамырлайтын кезі. Ескі түркі тілінде «мамыр» тоқшылық, семіру деген мағынаны білдіреді. Осы айда мал да оңала бастайды.

Маусым

Арабтың «мезгіл» деген сөзі. Шөп шабу, пішен дайындау маусымына байланысты ай аты осылай аталған. Үнді, Еуропа тілдерінде «маусым» сөзімен төркіндес «муссон» термині «жазда мұхиттан құрлыққа, ал қыста құрлықтан мұхитқа қарай соғатын жел» дегенді білдіреді.

Шілде

Парсы тілінде (шіллә) «қырық» деген мағынаны білдіреді. Жазғы қырық күн шілденің негізгі ыстық күндері осы айда өтеді. Ол әуелде қырық күндік мезгіл ретінде айтылып, кейін отыз күндік ай ретінде қолданылып кеткен. Шілдеде күннің ұзақтығы қысқара бастайды.

Тамыз

«Күйдіру» деген мағынаны білдіреді. Тамыздық сөзі де осы мағынадан туындаған. Тамыз айында аптап ыстықтан шөптің басы сарғайып, қурай бастайды. Піскен егін орылады. Осы құбылыстарға байланысты бұл айды кейде «сарша-тамыз» деп қосарлап айтады. Яғни, «сарша» – ежелгі түркі сөзі, арғы тегі «сары шақ» деген мағынаны білдіреді.

Қыркүйек

Бұл айда қой мен ешкінің төлдеу уақытын көктем айына келтіру үшін қошқар мен текеге күйек байлайды. Бұл шаруа қырда, өріс басында өткізіледі. Сол себепті «қыр» және «күйек» сөздерін біріктіріп, айды «қыркүйек» атап кеткен.

Қазан

Бұл айдың атауы парсы тілінен алынған, яғни  «күз» деген мағына береді. Қазан басталысымен еккен егіннің бәрі орыла бастайды. Жерде қалса, суық соғып, үсік шалады деген қорқыныш бар. Осы орайда, «Қазан соғу» тіркесін пайдаланған.

Қараша

Жердің оты кетіп, бет-бедері қоңырқай тарта бастайды. Ай атының «қараша» деп аталуы да осыны меңзейді. Қарашада қар түсе бастайды, мұны халық «қарашаның қары» деп атайды.

Желтоқсан

«Жел» және «тоқсан» деген түркі сөздерінің бірігуінен шыққан. Яғни, үш ай желді және боранды деген ұғымды білдіреді. Бір тоқсанда үш ай болатынын білеміз. Ежелгі түріктер жел айы немесе тоқсан деп те атаған. Желтоқсанның 22-сінде күн барынша қысқарады.

Дереккөз «Сен білесің бе?» энциклопедиясынан алынды

https://turkystan.kz/article/224879-ay-ataularynyn-magynasy-kanday/

Leave A Reply

Your email address will not be published.