Ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету – стратегиялық міндет!

89
Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің ұйымдастыруымен «Ауылдық елді мекендерді сапалы байланыспен және кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жағдайы туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты — ауылдық жерлердегі интернет сапасының қазіргі жағдайын талқылау және оны жақсарту жолдарын ұсыну.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиевтің айтуынша, бүгінде еліміздегі 6 256 ауылдың 4 858-і кең жолақты интернетпен қамтылған. Алайда 1 049 ауылда тұрақты интернет мүлде жоқ, ал қалған елді мекендерде интернет тек 2G немесе әлсіз 3G форматында ғана қолжетімді.
Ауылдардағы интернет сапасы әлі де қаламен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Байланыс сапасына қатысты бекітілген көрсеткіштерге (3G үшін 1 Мбит/с, 4G үшін 5 Мбит/с) қарамастан, бұл талаптарды байланыс операторлары жиі бұзады. Тіпті айыппұл төлеген күннің өзінде сапа айтарлықтай жақсармай отыр.
Интернеттің төмен сапасы ауылдағы бірқатар салаға кері әсер етуде:
Білім беру – оқушылар цифрлық білім ресурстарына қол жеткізе алмайды;
Денсаулық сақтау – медициналық ұйымдар ақпараттық жүйелерге қосыла алмай, мүмкіндіктері шектелуде;
Мемлекеттік қызметтер – тұрғындар eGov, e-Salyq, Kaspi, Halyk секілді цифрлық сервистерге қол жеткізе алмай, аудан орталығына баруға мәжбүр;
Аграрлық сектор – ауыл шаруашылығы саласында цифрлық технологияларды енгізу мүмкін болмай отыр.
Мәселені шешу мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2023–2027 жылдар аралығында 1,5 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ 2025–2027 жылдары аралығында 239 млрд теңге инвестиция тартып, 3 039 ауыл мен 5 650 мемлекеттік мекемені жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Алайда, соңғы үш жылда салаға тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай төмендеген: 2020 жылы – 136 млрд теңге болса, 2022 жылы – небәрі 76 млрд теңге. Бұған себеп – шалғай ауылдардағы халық санының аздығы мен экономикалық тартымдылықтың төмендігі.
Дөңгелек үстелде бірқатар нақты ұсыныстар айтылды:
ауылдық интернет сапасына арналған ұлттық стандарт енгізу;
мектептер мен медициналық мекемелерді бірінші кезекте қосу;
байланыс операторларына арналған субсидиялау механизмдерін жетілдіру;
мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін нақтылау;
аудан, ауыл әкімдерінің KPI жүйесіне цифрландыру деңгейін енгізу;
ауылдарға арналған қолжетімді тарифтер әзірлеу.
Ауылдық интернетті дамыту — тек цифрлық даму емес, ол елдің ақпараттық қауіпсіздігін, шекаралық тұрақтылықты, демографиялық тепе-теңдікті және экономикалық өсімді қамтамасыз етудің маңызды факторы.
Іс-шараға Комитет депутаттары, тиісті министрліктер мен ведомстволардың басшылары, «Қазақтелеком» АҚ өкілдері, салалық қауымдастықтар мен байланыс операторларының қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, бейнеконференция арқылы барлық өңірлердің әкім орынбасарлары мен аппарат басшылары қосылды.

Сәкен Қаланұлы Арубаев , ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.