2025 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 46,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік қолдау аясында 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 32,6 млрд теңгеден астам субсидия төленді. Сонымен қатар қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1 мыңға жуық агроқұрылымға 17,4 млрд теңге несие берілді.
Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде 514,7 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Оның ішінде егін шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,2%, мал шаруашылығы өнімдері 1,9% артты. Тірі салмақтағы ет өндірісі 133,3 мың тоннаны құрап, 2,6%, ал сүт өндірісі 230 мың тоннаға жетіп, 1,6% ұлғайды.
Облыстағы жалпы мал басы 3,7 млн басты құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 168 мың басқа немесе 2,7% өсті. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара саны 441,6 мың басты құрап, 12,2 мың басқа немесе 8,0%, қой саны 3,1 млн басқа жетіп, 132,6 мың басқа немесе 4,4%, жылқы саны 197,2 мың басты құрап, 23,3 мың басқа немесе 13,3% артты. Сондай-ақ құс саны 2,3 млн басты құрап, 18,6%өсті.
Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 84,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 65,8 млрд теңге тамақ өнімдері өндірісіне бағытталды.
Жалпы құны 28 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске асырылып, 108 жаңа жұмыс орны құрылды.
Атап айтқанда, қуаттылығы 30,3 мың тоннаны құрайтын 6 көкөніс сақтау қоймасы, 2 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы, 1 мың басқа арналған тауарлы сүт фермасы, қуаттылығы 70 мың бас құс сою цехы, сондай-ақ жылына 11,6 мың тонна өнім өңдейтін 4 қайта өңдеу кәсіпорны пайдалануға берілді.