Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығымен Қазақстанда коронавирусқа қатысты төтенше жағдай енгізілді. Ол 16 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін созылады. Осыған орай, қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілді.
Қалыптасқан жағдайға сәйкес, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты барлық мекемелерде де қауіпсіздік деңгейі күшейді. Тиісінше, сотталғандардың туыстарымен ұзақ және қысқа мерзімді кездесулеріне тыйым салынды. Бұл коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында қолға алынып отыр.
Мұндай шара ҚАЖ Жамбыл облысы бойынша департаментінің ЖД-158/2 мекемесінде де жүргізілуде. Мекеме бастығы, әділет подполковнигі Еркін Нұрбаев хабарлағандай, мекемеде карантинге арналған арнайы бөлме дайындалған. Сонымен қатар, барлық бөлімдер бойынша медициналық маска тағу режимі енгізіліп, жеке бас гигиеналық-санитарлық тазалықты сақтауға барынша көңіл бөлініп отыр. Осылайша, ЖД-158/2 мекемесі коронавирус пандемиясының алдын алу бойынша барлық дайындықты толық деңгейде жасаған.