АУДАНДА ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ — РЕСПУБЛИКА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

46
1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды.
Сол сәттен бастап Қазақстан жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын.
2022 жылы 16 маусымдағы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
Осы бастамадан кейін, Республика күні — Ұлттық мереке болып бекітілді.
Бүгін осынау мерейлі мерекеге байланысты аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік Ту енгізіліп, салтанатты шара Мемлекеттік Әнұранмен басталды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі.
— «Егемендік туралы Декларацияның қабылдануымен еліміздің егемендігін айғақтайтын жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, мемлекеттік рәміздері бекітіліп, халықаралық қатынастардағы дербестігі айқындалды. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық- саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Еліміздің осы уақыттан бері бағындырған шыңдары да, атқарған игі істері де жетерлік. Сарысу ауданының жұртшылығы да ел егемендігін баянды ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Аудан тынымсыз еңбектің, алдағы күнге деген сенімнің арқасында дамудың даңғыл жолына түсті. Аудан халқы бірлік пен таулықтың арқасында қиындықтың бәрін еңсерді. Қазіргі таңда аудан еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан, ауыл шаруашылығымен қатар, өнеркәсібі өркендеген өңір. Осы жылдар ішінде ауданда халықтың жаңа әлеуметтік тобы-кәсіпкерлердің үлкен шоғыры қалыптасты. Биыл ауданымыз айтулы мерекені үлкен жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Республика күні мерекесі алдағы уақытта Тәуелсіздікті дәріптеп, ел егемендігін нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенеміз», — деген аудан басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтап, егемен еліміздің мәртебесінің биіктей беруіне тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков сөз сөйлеп, жиынға қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, үздік жетістіктерге жетіп жүрген бір топ азаматтар «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Жамбыл облысы әкімінің, Сарысу ауданы әкімінің, аудандық мәслихаттың, «Аманат» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты шарада аудандық мәслихаттың шешімімен «Сарысу ауданның Құрметті азаматы» атанған азаматтарға арнайы куәліктер мен төсбелгілерді аудан әкімі Сәкен Мамытов және аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков салтанатты жағдайда табыс етті.
Сондай-ақ, шара барысында аудан мәдениетін дамытуға өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар мәдениет үйінің қызметкерлеріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хаттары табыс етілді.
Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, әсем ән мен биден шашу шашқан аудан көркемөнерпаздары мен Меркі ауданынан арнайы келген «Ақсауыт» тобы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.