АУДАН ӘКІМІ ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫ АРАЛАДЫ

211
Қаңтардың сары аязы сақылдап, жер-ана ақ мамыққа оранып, тылсым жатыр.
Аудан шаруа қожалықтарының қыстауларын аралап, жыл сайынғы дәстүрмен төрт түлік мал өсіріп, қажыр-қайрат танытқандардың шаруасын көзбен көру үшін аудан әкімі С.Мамытов іссапарға шықты.
Астықты, малды аудан халқы шаруаларын шалқытып, егіншілік пен төрт түлік өсіруде іргелі істерді атқарып келеді. Мұнда асыл тұқымды мал өсірумен қатар, өндірісті дамыту мәселесі де оң шешімін тапқан. Қойнауы фосфор, тұз, тағы басқа қазба байлықтарына толы аймақта тиімді жобалар жүзеге асу үстінде.
Қыстың қытымыр аязы ешкімге оңай соқпасы мәлім. Әсіресе қиыр қонып, шет жайлаған малшы қауымның қыстан қысылмай шығуы барынша маңызды.
Апта ішінде аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов, аудандық ветеринария станциясының директоры Ақылбек Оспанов, аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Молдабеков Байқадам, Жаңаталап, Игілік ауылдық округтеріне қарасты шаруа қожалықтардың қыстауларын аралады. Мақсаты малшы қауымның хал-жағдайын, қажеттіліктерін білу, төтенше жағдайлардың орын алуына жол бермеу.
Шаруа қожалықты аралау барысында аудан әкімі С.Мамытов ірілі-ұсақты мал бордақылау алаңдарына мемлекеттен берілетін субсидиялар және мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіріп, отандық өнімдердің бірінші қажеттіліктердің қатарында екенін жеткізіп, жұмыстарына табыс тіледі. Шаруалардың қарауындағы малдарын жүдетпей, қыстан шығынсыз шығару үшін табиғи жайылымдарды тиімді пайдаланып, қолдағы жем-шөбін үнемді қолдану керектігін айтты. Сонымен қатар алдағы айрықша кезең мал төлдету науқанына да дайындық жасау қажет екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ қора-жайдың қолайлылығын, жем-шөптің жеткіліктігін, азық-түлік, дәрі-дәрмектің барлығын көріп, малшы мәселесін тыңдады.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бізге берген мәліметі бойынша аудан бойынша ауылдан тысқары орналасқан мал қыстауларының жалпы саны 171 құрайды. Оның ішінде, бүгінде 160 мал қыстауы пайдаланылуда. Жалпы шешуші участоктерде басында 100 мыңға жуық мал қыстатуда. Оның ішінде, 7970 бас МІҚ, 4493 бас жылқы, 85 160 бас уақ мал және 1676 түйе бар. Қыстаулардың 130-ы құдықпен қамтылған, 18 қыстау табиғи артезиан суын пайдаланады және 12 қыстау бұлақ басында орналасқан. Жайылымдық алқаптарға инфрақұрылым тарту жобасы аясында 2023 жылы ауданда 36 су ұңғымасы қазылған. Мал қыстауларының 126-ы телефон желісі және ұялы байланыспен қамтылған. 34 мал қыстауының басында интернет желілерінің байланысы жоқ. Байланысы жоқ мал қыстауларының жағдайын ауылдық округ әкімдері тұрақты бақылауда ұстайды.
Бұдан бөлек, 30 мал қыстауы орталықтандырылған электр жүйесіне қосылған. Ал, қалған 130 мал
қыстауларында күн панелі, бензинді генератор және аккумуляторлар қолданылады. Қыстаулардың басында 650 тоннаға жуық жем (арпа, бидай, жүгері) және 10700 тоннаға жуық шөп қоры бар. 2023-2024 жылдарға арналған мал қыстату науқанын өткізу үшін 123,0 мың тонна шөп дайындау жоспары бекітілді. Ағымдағы жылы шөп шабу жұмыстарын жүргізуге белгіленген алқап көлемі 43180 га құрайды. Оның ішінде, 5800 га жоңышқа және 37380 га табиғи шабындық алқап.
Үстіміздегі жылғы мал қыстатуға аудан бойынша 127,0 мың тонна шөп жиналып, жоспар 103,3% орындалған болатын. Бұдан бөлек, былтырғы жылдан қалған 12,0 мың тонна шөп қоры бар және қосымша 27,0 мың тонна бидай, арпа, мақсары сабандары жиналды. Бүгінде 110,0 мың тоннаға жуық мал азығы қоры қалып отыр.
Мал қыстату науқанын шығынсыз өткізу мақсатында жергілікті атқарушы орган тарапынан аудандық штаб құрылып, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша жоспар бекітілген.
Шаруаларды аралау барысында аудан әкімі С.Мамытов Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Ұласқан Егеубаев төрағалық ететін «Көркем» шаруа қожалығының жай-күйімен танысты. Асқар Ұласқанұлының айтуынша бұл шаруа қожалықта уақ мал 725 бас, мүйізді ірі қара 62 бас, жылқы 27 бас малдар бар. Қазіргі таңда төрт түлікке мал азығы жеткілікті екенін тілге тиек етті. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетіліп жатқан қолдауларды алдағы уақытта тиімді пайдаланатынын жеткізді.
Аудан әкімі өз сөзінде:
-Шаруалардың азық-түлігі, малының жем-шөбі, отын-суы жеткілікті болуы қажет. Мемлекет басшысы әрдайым өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет деген ойға басымдық береді. Сол себепті де түрлі бағдарлама қолға алынып, қарапайым жанның кәсіпкер атануына, ал кәсіпкердің өз ісін одан әрі үлкейтуіне жағдай жасалуда. Сондықтан халық қолда бар мүмкіндіктен айырылып қалмай, қажетіне жарата білсе дейміз. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдері мен мал дәрігерлері шаруалармен жиі байланыста болулары тиіс,-деп шаруалар субсидияға қатысып, техникаларын жаңарту керектігін айтты.
Сонымен қатар, аудан әкімі бастаған топ мүшелері Жайылма, Досбол, Тоғызкент ауылдық округтерінің бірқатар шаруа қожалық қыстауларының жай-күйімен танысты.

Сарысу ауданы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.