Атырауда ешкімге ұқсамайтын ерекше ауыл бар…

88

Бес жылдан бері қылмыс тіркелмеген Қызыл үй ауылы ішімдік тұтынудан бас тартқан, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырауда облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Қызыл үй елдімекені өзге аудандастарына ерекше үлгі көрсетті. Бұл ауыл ішімдіксіз ауыл бастамасын қолдап, салауатты өмір салтын берік ұстанатын ауылдардың қатарына қосылды.

Ауылда соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Аудандық полиция бөліміне мас күйінде құқық бұзған азаматтардың жеткізілмеуі – ауыл тұрғындарының саналы түрде ішімдіктен бас тартуының дәлелі. Мұнда алкоголь сататын дүкендер мүлдем жоқ, ал ауыл адамдары бұл дәстүрді сақтап, тұрмыстың шырайын келтіруге бел буған.

«Ішімдік ешқашан игілік әкелмейді. Біз ауылымызда оның сатылуына да, тұтынылуына да жол бермеуді жөн көрдік. Бұл шешім – қоғамымыздың тазалығы мен ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін жасалған қадам», – дейді ауыл ақсақалдары.

Бұл бастаманы ауыл тұрғындары бірауыздан қолдап, оны өңірдегі өзге елді мекендерге үлгі ретінде таратуға ниетті.

«Болашақ – салауатты ұрпақтың қолында. Біздің ауылдың бұл таңдауы – тек қауіпсіздікті ғана емес, мәдениеттің, ұлттық құндылықтардың, рухани тазалықтың сақталуын көздейді. Бұл игі дәстүрді қолдау – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді ауыл әкімі өз сөзінде.

Ауылдағы береке мен бірлік, тәртіп пен тыныштық – осы ұстанымның жемісі. Қызыл үй тұрғындарының бастамасы ішімдіксіз, саналы қоғам құру жолындағы батыл әрі маңызды қадам ретінде өзге ауылдарға да үлгі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: kk.wikipedia.org

https://atpress.kz/kk/news/qyzyqty/atyrauda-eshkimge-k-samajtyn-erekshe-auyl-bar

Leave A Reply

Your email address will not be published.