Атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа шарттары қандай?

325

Әлеуметтік көмектегі ең үлкен жаңалықтың бірі – көп балалы отбасылардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақының тағайындалуы. Бұл жәрдемақыны 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасылар ай сайын алып отырмақ. Нақтырақ айтқанда, бюджеттен 4 балаға – 42496 теңге, 5 балаға – 53127 теңге, 6 балаға – 63757 теңге, 7 және одан көп балаға – 74388 теңге тұрақты төленеді. Жоғарыдағы аталған жәрдемақы 2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап төлену басталды.

Ал атаулы әлеуметтік көмек осы жылдан бастап жаңа тәртіппен беріле бастайды. Ондағы өзгерістер: Ең алдымен АӘК тоқсан сайын тағайындалады.

Екінші өзгеріс – мөлшеріне қатысты. Өлшем-шарттар өзгеріссіз қалды. Яғни, отбасының орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына жетпейтін болса атаулы әлеуметтік көмекке ие болады.  Жамбыл облысы бойынша 2020 жылдың 1 тоқсанына күнкөріс деңгейінің 70 пайызы 19757 теңгені құрайды. Енді адам басына 21 мың теңге берілмейді, орташа табыстың кедейлік шегінен айырмасы ғана төленеді. 2018 жылғы тәртіп қайта қалпына келтірілді. Есесіне АӘК алушы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама алады.Кепілдендірілген әлеуметтік топтама түрлері; Азық- түлік айына 1 рет, гигиеналық құралдар тоқсанына 1 рет беріледі.

а) «Мектеп жасына дейінгі балалар жасына қарай Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарына сәйкес, баланың физиологиялық ерекшелігін және тағамдық құндылығын арттыру мақсатында азық – түлік топтамасымен және гигиеналық құралдармен» қамтамасыз етіледі.

б) «Мектеп жасындағы балалар мектеп формасы, мектеп құралдарымен, мектептегі ыстық тамақпен және мектепке қатынауға жол жүру жеңілдіктері» қарастырылады.

Жаңа механизмнің негізгі мақсаты – атаулылығында. Егерде отбасының табысы шынымен төмен болатын болса, ол көп балалыларға берілетін жәрдемақыны да АӘК-ті де алады және кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі.

Үшінші өзгеріс – АӘК алатын отбасындағы еңбекке жарамды азаматтарға жұмыс ұсынылады. Егер одан бас тартса АӘК беру отбасына толық тоқтатылады. Бұл санатқа 1,2 топтағы мүгедектер,  1,2 топтағы мүгедектерге және 80 жастан асқан қарттарға қарап отырған адам, 3 жасқа дейінгі бала күтімімен айналысатын еңбекке жарамды азаматтар, күндізгі оқу орнында оқитын білімгерлер жатпайды. Жаңа көп балалы жәрдемақы 2020 жылдың 2 тоқсанынан отбасының жиынтық табысына есепке алынады.

Сонымен қатар, «Халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігінің материалдық жағдайын зерделеу үшін» учаскелік комиссияның жұмыстары ұлғайтылды.  АӘК-ке қайрылған азаматтардың арасында шиеленіс тудырмау үшін, өтініштерін уақытылы мерзімінде учаскелік комиссиямен зерделенуін қамтамасыз ету үшін, 11 аумақтық учаскелік комиссияның құрамы 17 аумақтық учаскелік комиссияға ұлғайтылды. «Халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігінің материалдық жағдайын зерделеу үшін» құрылған комиссия құрамының қаулысы 2020 жылдың 10 қаңтарында бекітілді.

Осы мақсаттарға яғни, Тараз қаласы бойынша Атаулы әлеуметтік көмекке барлығы 2 963,6 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде:

  • Республикалық бюджеттен атаулы әлеуметтік көмекке 1 675,82 млн теңге,
  • облыстық бюджеттен 515,11 млн теңге,
  • жергілікті бюджеттен 772,67 млн теңге.

 Әлеуметтік кепілдендірілген пакетке барлығы 187,7 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде:

  • республикалық бюджеттен 106,77 млн теңге.
  • жергілікті бюджеттен 80,95 млн теңге қарастырылды.

2020 жылы Тараз қаласы бойынша «Халықты жұмыспен қамту орталығында» АӘК сұрап келген 2805 тұрғындарға кеңес (консультация) берілді. 1881 отбасынан өтініш қабылданып, «Е-Халық» жүйесіне 945 өтініш тіркелді.

Г. Олжабаева,  

Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және

әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.