Атақ сату «бизнесін» кім тоқтатады?

199

Қазір қалтасында көк қағазы не тамыр-та­нысы барлар қоғамдық ұйым атынан атақ сатып ала алады. Медаль саудасын қыздырып отырған пы­сықайлар ең алдымен мектептерді жағалағаны есімізде. Бүгінде «Ғасыр ұстазы» 13 мың, «Алаш ұстазы» 10 мың, «Ұлт ұстазы» 5 мың, ал «Ұлағатты ұстаз» атағы 20 мың теңгеге сатылады. Яғни, нарық заңына қарай ұсыныс бар, сәйкесінше сұраныс та аз болмай тұр.

Қазақстанда атаққұмарлық деген дерт пайда болды. Атақ – қазір тойға апаратын сыйлыққа айналып барады. Бұл жөнінде Мәжіліс мінберінде де айтылды. Қоғам белсенділері де дүркін-дүркін мәселе көтеріп жүр. Бірақ тоқтар түрі көрінбейді…

Біз осы мәселені тағы бір рет еске салғанды жөн көрдік. 

Қазір қалтасында көк қағазы не тамыр-та­нысы барлар қоғамдық ұйым атынан атақ сатып ала алады. Медаль саудасын қыздырып отырған пы­сықайлар ең алдымен мектептерді жағалағаны есімізде. Бүгінде «Ғасыр ұстазы» 13 мың, «Алаш ұстазы» 10 мың, «Ұлт ұстазы» 5 мың, ал «Ұлағатты ұстаз» атағы 20 мың теңгеге сатылады. Яғни, нарық заңына қарай ұсыныс бар, сәйкесінше сұраныс та аз болмай тұр. Жоғарыда аталған атақ­тар пайда­күнем делдалдардың ойлап тапқан айласы делік, алайда ұлт тәрбиелейтін ұстаз­дар­дың осындай жалған атақтың алдына «жы­ғы­латыны» өкінішті-ақ. 

Ұстаздар өзара шәкіртке берген бі­лімімен емес, сатып алған мара­пат­та­ры­мен бәсекеге түсіп жатқанын ба­қы­лай­тын немесе тосқауыл қоятын бір­­де-бір құзырлы органның болмағаны ма? Қа­зақ­тың «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген салмағы ауыр сөзі осын­дайда айтылса керек. Жылтыраққа құ­мар ұстаздардың әрекетін білім са­рап­­шысы Аятжан Ахметжан аямай сы­наған болатын.

– Ұстаздан ұят кетсе, ұлтта ар бол­май­ды. Өз басым «Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұс­тазы», «Алаш ұстазы», «Ұлы дала ұс­та­зы» деген ме­дальдарды сату немесе сатып алу түгілі сыйлыққа берсе, тағуға на­мыстанар едім. «Ұлт ұстазы» деген атты тек Ахмет Байтұр­сынұлына қа­тысты қолданып жүрміз, ал олар істеген тір­ліктің жүзден бірін тын­дырмай сол деңгейдегі атақты медаль етіп сатып алып тағу – ұятсыздықтың шыңы. Жо­ғарыдағы атағы Алатаудай, алты атанға жүк болар медальдарды алып жүр­­гендер қатарында оқуды сырттай бітіріп, мектепте қалт-құлт етіп сабақ беріп жүрген, жұмыс өтілі екі жылға жетпейтін шикі өкпе әріп­тестеріміз де бар. Құдай-ау, неткен атақ­құмарлық? Кеудесіне бір медаль тақ­пай кеткен Алаштықтардың қазақ білі­мінің іргетасын қалағанда артымыздан осындай ұрпақ жалғайды деп ойласа, 1937 жылы атылмай тұрып жү­ректері тоқтап қалар ма еді, кім білсін! Күй­діргенде сондай медальді сатып алып тағып, соны жуып той жасайды ғой. Тойында Алтынсарин естімеген алғыстар мен Ахметке айтыл­маған бата-тілектер қардай жауады. Бұған естуші де, айтушы да беті шым етіп ұял­майды. Өкі­нішке қарай, екеуі де біледі, жалған көсіліп тұрғанын. Ал осыдан кейін сыныпқа кіріп оқушыға тазалық туралы, адалдық туралы көсіліп әңгіме айтамыз. Неткен жиір­кенішті, – деген еді.

«Ы.Алтынсарин» медалі – 4 мың теңге

Мұғалімнің атақты сатып алғанынан әріптестері, мектеп директоры, бәрі ха­бар­дар болып отырады. Ол мұғалімнің жеке іс-қағаздары деп аталатын пап­касына да, портфолиосына да тір­келеді. Сонда мұндай заңсыздықты аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы, соңы ми­нистрлік те біліп отырады. Алайда әлі күнге дейін қоғамдық ұйым­дар атынан берілетін атақтарды заңсыз деп таны­мауының, олардың жұмысына шектеу қоймауының себебі түсініксіз. Мәселен, Оқу-ағарту ми­нистрлігі тара­пынан берілетін «Ы.Ал­тынсарин» төс­белгісімен білім беру, тәр­биелеу процесін ұйымдастыру мен же­тілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің бір­тұтастығын қам­тамасыз етудегі, білім беру және тәр­бие­леу бағдарламаларын іске асырудағы елеулі табыстары, оқушыларды, тәрбие­ленушілерді практикалық даяр­лаудағы, олардың шығармашылық бел­сенділігін арттыру табыстары, облыстық (ау­дан­дық), республикалық, халықаралық бі­лім бағдарламалары мен жоба­ла­рындағы жетістіктері үшін білім беру органдары мен ұйымдарында 10 және одан да көп жыл еңбек өтілі бар қыз­меткерлерге беріледі. Төсбелгінің беткі жағында Ыбырай Алтынсариннің бей­несі,  ал артқы жағында «Пе­дагогикалық қыз­меттегі табыстары үшін» деген жазу бар.
Тақырыпты зерттеу барысында «Ы. Ал­­тынсарин» медалін педагогика сала­сына ешқандай еңбек сіңірмей-ақ сатып алуға болатынына да көзіміз жетті. Алматыдағы бір кәдесый компа­ниясы «Ы.Алтынсарин» деген медаль жасап шығарады екен. Сырт көзге ми­нистрлік атынан берілетін медальдан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Төсбелгінің беткі жағында ағар­тушының бейнесі мен аты-жөні жазылып тұр. Ком­пания өкілдері мұндай медаль­дарды тек тапсырыспен жасайтынын, оны дайын­дауға 12-15 күн уақыт қажет еке­нін айтты. Тиражбен жұмыс істейтіндіктен, 1-2 медальға тапсырыс бере алмайсыз, кемінде 10 дана жасатуыңыз керек. Медаль қараймайтын металдан жа­салады және төзімді деп сендірді. Ба­ғасы – 4 мың теңге. Компания бұдан бөлек түрлі куәліктер мен медальдарға тапсырыс қабылдайды екен. Куәлікке қалауыңызға қарай кез-келген мәтінді жазып береді, алайда оған мөр бас­пайтындарын ашық айтты. Сонда біл­дей бір министрліктің беретін жоғары наградасының атауын ұрлап алып ме­даль жасап сатып отырған компа­нияны ешкім жауапқа тартпағаны ғой. Тым құрығанда медаль атауын ауыс­тыруға неге күш сал­маған деп ойланып қал­ғанымыз жа­сырын емес.
Жалпы, Оқу-ағарту және Жоғарғы білім министрліктерінің қызметкерлерді ма­рапаттауы арнайы бұйрыққа сай жүр­гі­зіледі. «Ы.Алтынсарин», «Ғылымды да­мытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс­бел­гілерімен марапаттау министрліктің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты» бол­ған жағдайда ғана беріледі. Мәселен, білім саласында 30 жылдан астам тә­жірибесі бар ұстаз «Еңбек ардагері» ме­далін алады. Министрдің ай­туынша, бұл марапат педагогтар тара­пы­нан ұзақ жыл бойы жұмыс істесе де, ең­бегіне орай еш награда алмағаны жайлы шағым жиі түскендіктен тағайындалған.

– Біздің әрқайсымыз үшін ұстаз – өмір жолымызды айқындайтын, тұлға болып қалыптасуымызға негіз қалайтын адам. Ұстаздар талай ұрпақты оқытып, тәр­­­биелейді. Сондықтан да біз педа­гогтың бұрынғы имиджін одан сайын көтеруге міндеттіміз, – деген болатын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Ведомство өкілдері аталған мара­паттардың ешқайсының сатыл­май­тынын талай айтқан. Алайда білім беру сала­сында наградалардың әділетті беріл­мейтіні оқта-текте айтылып қалады. Бұл алып-қашпа әңгімеден министр де ха­бардар екен.

– «Награда сатылады» немесе «Өзіне ұнайтындарға бөліп береді» деген әңгімені жиі естимін. Бұл – мүлде жол берілмейтін дүние. Награданы сат­пауы­мыз керек. Сат­сақ, оның ешқандай құн­дылығы қал­майды. Сондықтан санатқа байланысты награ­даларды автоматты түрде беріп отыратын өзгеріс енгіземіз. Мысалы, мектепте «мо­дератор» санатын алған адам бірден ми­нистрдің Алғыс хатын алуы керек. Еш­қандай құжат тапсырмай, автоматты түрде алуы қажет. Бұл колледж оқыту­шыларына да қатысты болады. Егер «сарапшы» болса, онда ми­нистр бірден Құрмет грамотасын беруі керек, – деген болатын министр Ғани Бейсембаев.

Яғни, болашақта әр педагог аттестациядан өткен сайын марапат­талып отырады.

Құрметті азамат атану құны – 70 мың теңге

Ел ішінде сатылады деп айтылып жүр­ген марапаттардың бірі – «Қазақ­станның құрметті азаматы» атағы. Білу­шілердің айтуынша, кезінде бұл атақ 1,5 млн теңгеге сатылған және бұған кез келгеннің қолы жете бермейтін. Өйткені аты дардай, бағасы удай болған. Кейін байқаудың «бә­секелестері» пайда болып, бағасы бір­шама арзандаған көрінеді.
Интернеттің көмегімен «Қазақ­станның құрметті азаматы» атағын бе­ретін мекемені тез-ақ таптық. Құр­метті азаматтарды анық­тайтын ұйым –Bilim-orkenieti ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы. Атақты алу үшін не істеу керегін сұрадық. Бақсақ, бұл атақты алуға барлық сала ма­мандары қатыса алады екен. Қа­ты­сушылар 1,5 бет­тен тұратын өмірбаянын жазады, өтініш кестесін толтырады және еңбек жолында жеткен жетістіктерін рас­­тайтын құжат көшірмелерін жібереді. Біз сөйлескен орталық өкілі 26-шілдеде осы атақты алғандарды ресми мара­паттау шарасы Астана қаласында өтетінін, соған үлге­ретінімізді айтты. Ал байқау қатысу­шы­ларына арнайы тағайындалған «Қазақ­стан Республикасының Құрметті аза­маты» төсбелгісі, төсбелгіні куәлан­дыратын куәлік, «ҚР Құрметті азаматы» статуэткасымен қатар диплом беріледі және оны елімізге белгілі тұлғалар та­быстайды. Марапаттау шарасы рес­пуб­ликалық деңгейдегі арна­лардан көрсе­тіледі. Байқаудың бір реттік жарнасы – 70 мың теңге. Яғни, Қазақ­станның құрметті азаматы болғыңыз кел­се, 7 он мыңдығыңызды сайлай беріңіз.
Жөнсіз берілетін жалған атақтар мен орден-медальдардың қаптап кет­кені жайында депутат Аманжол Әлтай мәселе көтерген болатын. Халық қа­лаулысының айтуынша, мұндай үрдіс ешкімге абырой әпермейді, керісінше адамды даң­ғой­лыққа, атаққұмарлыққа итермелейді.

– Жеке адамдардың тойларында да жалған атақтар мен құнсыз сөлке­байларды жыртыс таратқандай үлестіріп жататын келеңсіз көріністерге қарап көңілің құла­зиды. Абай жарықтықтың «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаш­тым жалама-жан» деп күйінетіні осын­дайда ғой! Мысалы, сіз 50 мың теңгеге пысықай ұйымның атынан «Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қыз­меткері» медаліне ие боласыз. Бұрын академик дегенде көз алдымызға Қаныш Сәтбаев секілді ғұлама ғалымдар елестеуші еді, қазір 200 мың теңге беріп қаптаған түсініксіз академиялардың жалған ака­де­мигі бола саласыз, – дейді депутат.

Депутат бұл – құрметтеу емес, қорлау, жұртты алаөкпе қылатын өте қауіпті әрі қоғамды бүлдіретін үрдіс дейді.

– Осы ретте, әділетті келешекке қадам басқымыз келсе, сатылатын мән­сіз мара­паттардан қоғамды сақ­тандыру маңызды. Жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып пайда тауып жүр­ген пысықайлардың әре­кеттеріне құ­қықтық негізде тыйым салып, мем­ле­кеттік наградалардың және атақ­тардың атауын қайталайтын әрекет­терге құ­қықтық тосқауыл қою керек, – деп өз ұсынысын ортаға салды.

Момышұлы атындағы медальдар сатылмайды!

Былтыр Qazaqstan Ardagerleri Қауым­дастығы әзірлейтін Бауыржан Момыш­ұлы атындағы «Намыс» пен «Батыр ша­пағаты» төсбелгілері 100-150 мыңнан сатылғаны туралы ақпарат желдей есті. Қауымдастық төрағасы Бақытбек Смағұл батырдың атындағы төсбелгілерді сатып жүргендерді анықтап, мәліметті құқық қорғау ор­гандарына берген. Алайда олардың үстінен бұрын да «алаяқтық жа­сады» деп талай рет қылмыстық іс қоз­ғалған екен. Алайда заңға жүгініп, іс қозғалса да батыр атындағы төсбелгіні сатқысы келетіндер азаймай тұр дейді Бақытбек Смағұл.

– Даңқты қолбасшы, қазақтың қа­һар­маны Бауыржан Момышұлы атын­дағы «Намыс» пен «Батыр шапағаты» төсбел­гілерін Qazaqstan Ardagerleri Қауым­­дастығы әзірлейді. Оған көзі тірісінде Баукеңнің ұлы Бақытжан Мо­мышұлынан, бертінде немересі Ер­жан­­нан да ресми рұқсатын алдық. Бар­лық заңды құқықтары менің қо­лымда. Бұл төсбелгілер тек қаһар­ма­нымызды дәріп­теуге, оның ұлы есімін ұлықтап, ұрпақ ұмытпауы үшін жаңғыртып оты­руға бағытталған. Менің айтарым, бұл төсбел­­гілер сатылмайды. Яғни, оны ала­тындар бір тиын да төлемеуге тиіс. Төс­белгіні жасату ақысын Қауымдастық жә­не де­меу­шілер көтереді. Ал сатып жүр­гендер алаяқтар! Олармен күрес жалғаса береді. Qazaqstan Ardagerleri шығаратын осы және басқа да төсбел­гілер ұлтымыздың намысын қорғап, қазақ атын асқақтатып жүрген азамат­тарымызға, дарынды жас­тарға қол­дау ретінде тегін беріледі. Кан­дидаттар тізі­мін ғалымдар, сарап­­шылар анық­тайды. Біз төс­белгілерімізді сапалы шығару үшін Ұлттық Банктің Қазақстан теңге са­райында арнайы тап­сырыс беріп, жасат­қызамыз. Ал алаяқтар Теңге са­райын­да емес, көрінген цехта жасата сала­ды. Qazaqstan Ardagerleri Қауым­­дастығы қазақ­тың ұлы тұлға­ларының атын жамылып, табыс таба­тындарға қарсы. Осы орайда мен Пре­зидент Әкім­шілігіне Бауыржан Момы­шұлы атындағы мемлекеттік орден та­ғайындау туралы ұсыныс енгіздім. Ма­ман­дарды жалдай отырып, оның эскизін де жасатып, қоса тапсырдым. Прези­дентіміз бұл баста­маны қабыл алады деген үміт­темін. Сон­да Бауыржан Мо­мыш­ұлы атын­дағы на­граданы тек қана мемлекет беретін болады, – дейді де­путат.

Атақ сатып алу – дамушы елдерге тән құбылыс

Мәселені тағы да тереңірек зерттеу үшін заңгер, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспанмен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

– Медаль сататын қоғамдық ұйым­дар заң бойынша тіркелуі керек пе және олардың жұмысы қанша­лықты заңды? 

– Елімізде тек мемлекеттік наг­радалар, марапаттар ғана арнайы заң­мен реттелген. Арнайы марапатқа ұсыну тәртібі, ережесі, шарттары бар. Ал қо­ғамдық ұйымдардың жұмысы еш­­қандай заңмен реттелмеген. Мұндай арнайы қызмет түрі жоқ, олар жеке кәсіпкер, ЖШС немесе қоғамдық бір­лестік ретінде тіркеліп жұмыс істей береді. Бұл жерде мұқият назар ау­даратын бір жайт бар. Ол Азаматтық құқықта қол­данылатын «Тыйым са­лын­бағанның бәріне рұқсат етілген» деген қағида. Азаматтық құ­қықта заңмен тыйым бол­маса, онда ол рұқсат етілген болып есептеледі. Мұнда осы қағиданың басшы­лыққа алынғанын кө­реміз. Өмір­дегі бар­лық жағдайды заңмен реттеу мүмкін емес. Сондықтан заңмен тікелей тыйым бол­маған жерде бұ­лардың қыз­метін заңсыз деп айта алмаймыз. Өйт­кені мұндай мекемелер жалпыға бірдей белгіленген тәртіп бойынша тіркеліп, тиісті салығын төлеп отырады.

– Медаль, орден, атақ, грамота мәселесінде шетелдің тәжірибесі қандай?

– Медаль, орден, грамота, атақ сатып алу негізінен дамымаған және дамушы елдерге тән құбылыс. Дамыған Еуропа елдерінде мемлекеттік наградалар өте аз. Мысалы, Ұлыбританияда сонау патша заманынан келе жатқан рыцарлық атақ­тар бар. Ондай атақтар ерекше ең­бегі сіңген, тәжірибесі мол жандарға беріледі және халық арасында да мойын­далады. Көп елде мемлекет тарапынан та­ғайын­далған атақ­тар үлкен құрметке ие емес. Олар мем­лекеттік наградамен айна­лыспайды. Ал қоғамдық ұйымдар тара­пынан берілетін атақтың артында жылына бір рет болсын төленетін қар­жысы болады. Оның қара­пайым ғана мысалы «Нобель» сыйлығы. Ғылымға сіңірген ерекше еңбегі үшін әлем­нің кез келген азаматы Нобель сыйлығына ұсыныла алады немесе өзін-өзі ұсына алады. Сыйлықты алған адам 1 млн АҚШ долларына жуық қаражатқа ие болады. Міне, қоғамдық ұйым атынан берілетін әлемдегі №1 марапат осы. Ал біздің елдегі атаққұмарлықты мен Кеңес үкіметінің сар­қыншағы дер едім. Өйткені әлемдік деңгейде мойындалған әншілердің бір басында біздің әншілердегідей үйіліп-төгіліп жатқан атағы болмайды.

– Осындай арзан, сатып алынған атаққа қоғамның қатты қызығу­шы­лық танытуы қалыпты құбылыс па, әлде асқынған дерт па?

– Еш жерде мойындалмаған, қоғам­дық ұйымдар мен бірлестіктер атынан берілетін марапаттардың, қаражаты жоқ жылтырақ медальдардың, жалған атақтардың иесіне беретін ешқандай пайдасы жоқ екенін түсінуіміз керек. Мысалы, «Құрметті ака­демик» атанып жүрген, бірақ бірде-бір академиялық еңбек жазбаған адамдарды білеміз. Кеудесіне жылтырақ медальдарын тағып алатын дап-дардай ағаларымыз көп. Ол кісілер қолақпандай медальді Олим­пиада медалінен кем көрмейді. «Бұл медальды қандай еңбегіңізге берді?» деп сұрасаң, «Сен мені біл­мейтін бе едің?» деп өзіңе ожырайып қарайды. Мен мұндай құбылысты атаққұмар адамдардың ауруы дер едім. Мұның басқа ешқандай анық­тамасы жоқ.
Кезінде әртүрлі қоғамдық ұйым­дар­дың берген атақтары маған да бұйырды. Ашығын айтайын, бірақ мен ешқай­сы­нан қол жайып атақ сұраған емеспін. Өз­дері хабарласып, «Сіздің алғаныңызды жөн көріп отырмыз» деп ұсынса, кейде көңіл­деріне қарап барып алам. Бірақ оны еш жерде жариялап айтпаймын. Қателес­песем, кезінде Дәурен Қуат бастаған жі­гіттер Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлықты жариялады, содан бір кез­дері маған да бұйырды. Сонда мен үлкен өтініш айтып едім. Сыйлықтың құнын арттыру үшін біріншіден тұрақты болуы керек. Екіншіден, ар­найы комиссия құрылуы керек. Үшін­шіден, оның артында кәдімгідей қа­ражат болуы керек. Сонда оның бәсі артады. Алайда бұл жұмыс жайына қал­ды, одан кейін ешкім марапатталған жоқ және халықтың тарапынан да мойындалған жоқ.
Жалпы, марапат беруші ұйым­дардың жұмысы адамға бір сәттік эмоция сыйлау. Бәлкім, мұндай ұйым­дардың барлығы бір­дей табыс табуды көз­де­мейтін де шығар. Шын ниетпен істеп жатқан азаматтардың да бар екенін жоқ­қа шы­ғара алмаймыз. Бірақ өкі­нішке қарай, бұл – бір сәттік көңіл күйдің кө­рінісі ғана. Артынан ұмы­тылып кетеді. Халық тарапынан мо­йын­­далмаған дүниенің ғұмыры да қысқа ке­летіні ақиқат қой. Өзім заң­гер бол­ған­дықтан бізде марапат бе­румен айна­лы­сатын көп ұйымда ереже жоқ екенін білемін. «Медальді қандай талап­тарға сай бересіздер?» деп сұрасаң, ауызша айтады. «Құжаты қандай?» десем еш­қандай құжа­тын көрсете алмайды.

P.S. Әлеуметтік желінің дамуы­мен қа­тар жалған атаққа талас бло­герлер ара­­сында да кең тарал­ған. Марапат бер­­­­гіш пысы­қайлар қоғамда сұранысқа ие салаларды жаулай бастағалы қашан. «Үздік блогер», «Жыл блогері», Businesswoman атақта­рының құны 1-2 млн теңге. Өз-өзіне атақ сатып әперіп жүр­гендер ең алдымен өзін алдап жүргенін түсінетін кез кел­гендей.
Көріп отырғанымыздай, атақ сату – белгілі бір ұйымдардың биз­несіне ай­налып отыр. Дәл қазір оны тоқ­та­та­тындай тетік жоқ. Сондық­тан ха­лықтың деңгейі өсуі керек. Ол атақтардың түкке де пай­дасы жоқ екенін түсінуі қажет. Оған дейін, өкінішке қарай, «бизнес» өрістей береді.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ, Turkystan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.