АТА КӘСІПТЕН НӘСІП ТАПҚАН

186
Атадан балаға мирас болған кәсіптің нәсібі біреуге біліммен, енді біреуге өмірлік тәжірибе арқылы келеді. Сортөбе ауылының тұрғыны Рустам Воингуйдың арнайы аграрлық білімі жоқ, бірақ егін алқабын күтіп-баптауды бес саусағындай біледі. Мұның бәрі ұзақ жылғы тәжірибесінің жемісі әрі қанына сіңген қасиет десек те артық болмас. Өйткені, атасы Дунлар Мусаев саналы ғұмырын егін шаруашылығына арнап, еңбекпен еңсе тіктеген азамат.
Атасының салған сара жолымен бүгінде немересі нық қадам басып келеді. Ес білгелі дала төсінде тер төккен Рустам Воингуй бүгінде «Шамшарак» ШҚ басшысы. Өзі басшылық ететін шаруа қожалығы картоп, пияз, сарымсақ өсірумен айналысады. Алқаптың 20 гектарына – картоп, 15 гектарына – пияз еккен. Картоптың жоғары өнімділігімен танымал «пикассо» және «ривьера» сорттарын таңдаған екен.
Аудандық газеттің тілшілерін жылы шыраймен қарсы алған бағбан сарымсақ өсірудің қыр-сырымен бөлісті. Жалпы, сарымсақтың пайдалы қасиеттері адамзат баласына ерте замандардан белгілі. Мысалы, Қытайда сарымсақ дегенді білдіретін иероглиф ең көне таңбалардың бірі болып табылады. Ал осыдан үш жыл бұрын әлемді жайлаған індеттен сақтану мақсатында өткір иісті көкөністі емдік мақсатта қолданбаған адам кемде-кем. Сарымсақтың осындай артықшылықтарын жақсы білетін кейіпкеріміз оны табысты бизнес көзіне айналдырған. Рустам сарымсақты Ыстық көлден алып келеді. Оны күзде отырғызып, жазда шілде-тамыз айларында жинап алады. Гектарынан 13 тоннаға дейін өнім алатынын айтады. «Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай өнім жинау науқаны жүріп жатыр. Алқапта негізінен жергілікті тұрғындар және көрші елді мекеннің халқы жұмыс істеуде. Оларға сағатына 1000 теңгеден төленеді»,-дейді ШҚ басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.