Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты деп хабарлады turkystan.kz.
«Біздің алдымызда 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазір бұл көрсеткіш қалаларда – 98 пайыз, ауылдық елді-мекендерде 94 пайызды құрап отыр. Аса маңызды жұмыстардың бірі – елдегі су ресурстарының тапшылығын шешу. Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте атап өткендей, Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді.
Өкінішке қарай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл мәселені шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет. Осы мәселенің бәрін жаңа Су кодексі мен бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде ескеру қажет. Бұдан басқа, әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелі проблемалар бар. Мәселен, кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кетті», – деді Смайылов.