Бас қаламыз Астананың жиырма жылдығына орай Қордай ауданы Әлжан ана ауылындағы ашылған тағы бір нысан балаларға арналған спорт алаңшасы. Бұл алаңша ауылдың тарихи музейі мен дәрігерлік амбулаториясының құрылысын жүргізген «Аль-Аркаржан и К» ЖШС-нің директоры Бақытжан Мырзамұратовтың ауылдықтарға азаматтық тартуы екен.
Қазақстанның әр өлкесін өз өңіріндей көретін Бақытжан Құдайбергенұлының мұндай жомарттығына ауыл тұрғындары дән риза. Құрылысын биылғы наурыз айында бастап, мамыр айында-ақ соңғы шегесін қағып жұмысын тәмамдаған кәсіпкер бұл алаңшаға 9 миллион теңгеге жуық қаржысын жұмсапты.
Алаңшаның лентасы қиылып, есігі ашылғаннан кейін жиналған көпшілік мектеп оқушыларының шағын футбол матчын тамашалады. Барлық құжаттары реттелген соң алдағы уақытта бұл спорт нысаны ауылдық округ әкімдігінің қарауына берілмек.