«Астана Клубы» сарапшылары 2020 жылы әлемдік экономикалық құлдырау қаупі туатынын ескертеді
Астана клубының V жылсайынғы отырысы барысында Еуразия үшін 10 басты сын-қатер жария болды
Қазақстан астанасында «Астана Клубы» саяси форумының бесінші мерейтойлық отырысы кезінде «Еуразия 2020 үшін 10 басты сын-қатер» тәуекелдер рейтингісінің екінші басылымының тұсауы кесілді. Аталмыш зерттеу жұмысына ірі БАҚ пен халықаралық институттар және мемлекет көшбасшылары пікіріне құлақ асатын 40 беделді сарапшы мен саясаткер қатысты. Бұдан бөлек, 70 елдің 1100–ден аса кәсіби сұхбаткері сауалнамаға тартылды.
Ауқымды зерттеу жұмысының қорытындысы туралы сарапшыларға жоба жетекшісі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасының Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры (ӘЭСИ) Ержан Салтыбаев және рейтингтің тең авторлары Словения президенті (2007-2012) Данило Тюрк, Карнеги қорының вице-президенті Эван Фейгенбаум (АҚШ), сондай-ақ ПИР-орталығының төрағасы, генерал-лейтенант Евгений Бужинский (Ресей) тарқатып айтып берді.
Жылсайынғы рейтингті әзірлеудегі басты мақсат – Еуразия аймағындағы мейлінше өзекті сын-қатерлерді сценарлық болжау мен бағалау.
ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев, жұмыс қорытындысына сәйкес, негізгі сын-қатерлер қатарына сауда соғысы, зымыран-ядролық жарысы, сонымен бірге жаңа технологиялар саласында басып озуға бағытталған күрестің енгенін айтты.
«Жылсайынғы рейтинг әзірлеу кезінде біз оның ғылыми—зерттеу мәні мен қолданбалы әлеуетін тереңдетуге үлкен назар аударамыз. Биыл бізбен бірге жобаны дайындауға халықаралық сараптама орталықтарының жетекшілері мен беделді саясаткерлер және дипломаттарды қосқанда әлемнің 40 сарапшысы қатысты.
Біз сондай—ақ мәселелерге жеке көзқарастарын білдірген сұхбаткерлердің де ауқымын кеңейттік. Былтыр 60 елден 1000-ға тарта азаматтарды қатыстырсақ, биыл 70 елден 1 100 адамды тарттық. Яғни, іріктеме аясы өте кең»,- деді баспасөз конференциясы кезінде Ержан Салтыбаев.
Көрсетілген мәліметтерге сәйкес Еуразия 2020 үшін маңызды сын-қатерлер рейтингісіне келесі мәселелер енді:
- 2020 жылы АҚШ—тағы президенттік сайлаудан кейінгі ахуал
АҚШ—тың қазіргі президенті Дональд Трамп жаңа мерзімге қайта сайлану кампаниясын бастап кетті. Алайда қарсыластары оны импичментпен қорқытуда. Әлемнің жетекші державасының саяси дамуындағы белгісіздік бүкіл Еуразия үшін елеулі сын—қатерге ұласуы мүмікн.
- Жаһандық экономикалық құлдырау
Дүниежүзіне ықпал ететін кезекті экономикалық дағдарыс дамушы елдердегі экономикалық мәселелердің салдарынан орын алуы мүмкін. Дамып келе жатқан нарықтарда капиталдың кетуі әсерінен валюта бағамы құлдырап, соның кесірінен компаниялардың қарызға бату мәселесі күшейетіндіктен, жаһандық дағдарыс орын алуы болжануда.
- АҚШ пен Қытай текетіресінің ушығуы
АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің күшею қаупі былтырғы рейтингтің алдыңғы қатарынан орын алған. Мәселе 2020 жылы да өзектілігін жойған жоқ. Вашингтон мен Бейжің шиеленісін толыққанды стратегиялық қарсылық деп атауға болады.
- Жаһандық қарулану жарысының жаңа кезеңі
2019 жылы қырғи—қабақты бәсеңдетуде бәсі жоғары болған Жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісімінің күшін жойғанына куә болдық. 2020 жылы әлем стратегиялық қару саласындағы «ойын ережелерінің» жаппай жойылу ықтималдылығына тап болады.
- Технологиялық үстемдік жарысының үдеуі
Технологиялық кеңістіктің геосаяси сегментациясы айқын бола түседі. Қытайлық Huawei және ZTE компанияларының мысалдары IT-өнімдерді өткізу нарығын аймақтандыру тетігінің үлгісі деп санауға болады.
- Иранға қарсы әскери соғыс
Ядролық келісімді жою Иран төңірегіндегі қарама-қайшылықтардың одан әрі ушығуына ұласуы мүмкін. Иранның геосаяси қарсыластарымен текетіресі киберкеңістікке кең таралуы мүмкін. Жағдай Таяу Шығыстағы бүкіл қауіпсіздік жүйесін қысымда ұстайды.
- Корей түбегіндегі ядролық дағдарыс
Солтүстік Кореяның бейбіт келісімге келу және АҚШ-пен қарым-қатынасын қалыпқа келтірудегі қадамдары баяу қарқынмен жүруде. Екі тарап арасындағы келіспеушіліктер арта үскен сайын келісімдердің құрдымға кету қаупі күшейеді. Жағдайдың ушығуына 2020 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауынан кейінгі ахуал ықпал етуі мүмкін.
- Терроризмнің жаңа толқыны
ДАИШ-тың талқандалғанына қарамастан, террористік топтар дамудың жаңа сатысына көтеріліп, әрекет ету ауқымын кеңейте түсуде. Жалғыз өзі күрес ұйымдастырғандардың қатары көбеюде. Бұдан бөлек, әлем мұсылмандар мен мигранттардың өзге конфессиялар терроризмі мен «ақ» терроризм аталған топтардың құрбаны болғанына куә болуда.
- Басқыншы ұлтшылдық пен популизм толқыны
Популизмді сайлау үдерісіне таңу және саясаткерлердің күрделі мәселелерді оңай шешуге деген ниеті қиратушы әлеуметтік қақтығыстарды күшейтеді, сондай-ақ этникалық және діни араздық қаупін тудырады.
- Климаттың өзгеруі тудыратын ауқымды мәселелер
Ірі державалар арасындағы кикілжіңдер мен келіспеушіліктер 2020 жылы климаттың өзгеруіне қарсы күресті түбегейлі тоқтату қаупін тудырады, бұл басқа мемлекеттердің ұлттық мүддені желеу еткен өзімшілдік саясатын жүргізуін жеңілдетеді.
11-12 қараша күндері «Назарбаев Орталығында» әлемнің жетекші дипломаттары мен саясаткерлерінің және сарапшыларының басын біріктірген саяси форум түріндегі халықаралық беделді пікірталас алаңы — «Астана Клубының» бесінші отырысы өтуде. Клубты ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және Әлемдік экономика және саясат институты.
Клубтың мерейтойлық отырысының тақырыбы: «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында».
Клуб сарапшылары пікірталасына АҚШ, Қытай мен Ресей үштігі арасында ушыққан текетірестің ағымдағы ахуалы, сауда протекционизмі мен популистік көңіл-күйдің артуы, сондай-ақ Иран мен Солтүстік Корея төңірегінде жаңа шиеленістердің бой көтеруі сынды мәселелер арқау болмақ.
Шараның ең басты оқиғасы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төрағалығымен өтетін Клубтың пленарлық отырысында «Үлкен Еуразияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі» тақырыбы талқыға түседі. Спикерлер қатарында 9 бұрынғы мемлекет және үкімет басшысы, 9 министр мен 1 Нобель сыйлығының лауреаты бар.
«Астана Клубының» жылсайынғы отырыстарына дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрағалық етеді.
2015 жылы құрылған «Астана Клубы» қазақстандық пікіріталас алаңы қысқа мерзімде Еуразияның барлық маңызды ойыншыларын біріктірген нағыз жаһандық алаңға айналып, халықаралық қызығушылыққа ие болды. Клуб тараптарды бір үстелдің басына жинау арқылы түрлі геосаяси аймақтарда қақтығыс құрсауына ілінген мәселелер бойынша ортақ шешім шығаруға мүмкіндік береді.
«Астана Клубы» Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының іс жүзіндегі табыстылығының айқын көрінісі.
Клуб ұйымдастырған жылсайынғы жиналыстарға әлемнің 40 елінен 200-ден астам спикер қатысты. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Ресей, Иран, Германия, Түркия, Ұлыбритания, Франия, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің меймандары бар.
«Астана Клубының» спикерлері мен құрметті қонақтарының қатарында Мұхаммед әл-Барадеи, Жозе Мануэл Баррозу, Ахмет Дәуітоғлы, Вацлав Клаус, Абдулла Гүл, Борис Тадич, Хамид Карзай, Джордж Фридман, Иэн Моррис, Роберт Каплан сынды танымал саясаткерлер бар.