Ашық аспан астындағы айшықты мереке

56

Белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, «Той-думансыз оты түзу жанбайтын» қазақ халқының сонау есте жоқ ескі заманнан бері жалғасқан рухани құндылықтарының, болмысымен біте қайнасқан салт-санасының ішінде әз-Наурыз мейрамының алар орны ерекше. Күллі жұртшылық асыға күтетін бұл мереке ұлтымыз үшін ақ түйенің қарны жарылған күнмен тең.

Наурыз – жыл басы ғана емес, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы, табиғат-ананың да қайта түлеп, жаңа өмірге қадам басар сәті. Қыстан қалған қасат қармен қатар көңілдің де тоңы жібіп, осы күні халқымыз өміріне шуақ, шапағат кіреді деп сенген. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлттың ұстынын айқындаудағы мәні де, маңызы да зор. Сондықтан болса керек, Наурыз мерекесін Ұлыстың ұлы күні деп айрықша әспеттеп, бір күн емес, тұтас ай бойы тойлаған. Қазақтың «Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасапты» деген мәтелі де осыған байланысты шыққан деседі.

Жылдар жылжып, дәуірлер көшіп, ғасырлар алмасса да, халқымыздың Наурыз мейрамын дүркіретіп тойлау дәстүрі бір сәтке де ұмыт қалған емес. Келмеске кеткен кеңестік жүйе Ұлыстың ұлы күнін қанша жерден өшіруге тырысқанымен, ұлық мереке Тәуелсіздік таңымен қайта түлеп, жаңаша сипат алды. Бұған күні кеше Тараз қаласының Әулиеата ауданына қарасты «Қарасу» (5) шағынауданында ұйымдастырылған «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік шарада тағы да көз жеткіздік. Ашық аспан астында өткен көңілді думанға аудан әкімінің міндетін атқарушы Медет Нұрмаханов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен тұрғындар қатысты.
Жиында ең әуелі Медет Сәбитұлы сөз алып, ізгі тілегін жеткізді. Аудан басшысы өз сөзінде осы шараға белсене атсалысып жатқан тұрғындардың ырысты ынтымағы баршаға үлгі екенін баса айтты.
Тағылым мен танымды ұштастырған мерекелік шара барысында арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ секілді ойын түрлерінен бәсекелер ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ тұсаукесер, бесікке салу сияқты салт-дәстүр көріністері де назардан тыс қалмай, тарихи жадымызды қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды. Сонымен қатар «Салт-дәстүр – асыл қазына» атты көрме, «Наурыз – бірлік пен жаңару мейрамы» тақырыбындағы ашық тәрбие сағаты шараның шырайын кіргізсе, жергілікті өнерпаздардың ән мен биден шашқан шашуы көпшілікке көтеріңкі көңіл күйін сыйлады. Әсіресе, №49, №36, №42, №25 мектептердің ұстаздары мен өзге де өнерпаздардың өнеріне тәнті болмаған жан кемде-кем.
Шара соңында 200 адамға арналған мерекелік дастархан жайылып, қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татты.
Әрине, мұндай шаралар ауызбіршіліктің арқасында ғана атқарылатыны белгілі. Дегенмен, көпшілікті соған ұйыстырып, әрбір істің басынан табылу кез келген адамның қолынан келмейді. Ал мұндай сәттерде қоғам белсендісі, еңбек ардагері Айткүл Қосарова бір сәтке тартынып көрген емес. Наурыз мерекесіне арналған аталмыш шара да тікелей осы кісінің ұйытқы болуымен кең көлемде, ұмытылмастай аталып өткенін айта кеткеніміз абзал.
– Қоғамның өркендеуі мен тұрақтылығы, ең әуелі тұрғындардың ұйымшылдығы мен бірлігіне тікелей байланысты. Тарихты парақтасақ та, бүгінгі кезге көз жүгіртсек те бірлік бар жерде – береке, ұйымшылдық бар жерде өрлеу болатынын көреміз. Қазақ халқы «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаған. Қандай да бір өңірдің дамуы, сол жерде тұратын адамдардың өзара қолдауына, түсіністігіне, ортақ іске жауапкершілікпен қарауына тәуелді. Тұрғындар белгілі бір мәселені шешуде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білсе, кез келген қиындықты жеңу әлдеқайда оңай болады. Ұйымшылдық пен бірлік – шағын ауылдан бастап, үлкен мемлекетке дейінгі барлық қоғамдастықтар үшін аса маңызды құндылықтар.
Біздің №5 аумақтық округ тұрғындарының да бірлігі бекем, ауызбіршілігі мығым. Соның арқасында барлық мерекені осылай дүркіретіп атап өтеміз. Биылғы әз-Наурыз мерекесін айшықты етіп тойлау көптен бері ойымызда жүрген іс еді. Ырысы тасыған ынтымағымыздың арқасында бұл ойымыз да сәтімен жүзеге асты. Сондықтан бұл жалғыз менің ғана еңбегім деп айтудан аулақпын. Бұған округтің әрбір тұрғынының қосқан үлесі қомақты. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тағылымды тәмсіл бар. Ендеше осы ретте бізге үнемі қолдау көрсетіп, жанашырлық әрі демеушілік танытып жүретін округімізден сайланған облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары – Дәурен Ахметжаев, Қарлығаш Бибазарова, Елдос Далабайға, қала, аудан әкімдіктеріне, округ инспекторы Сағындық Үсіпбековке, жалпы осы шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысқан барша жанға шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар қыстың суығы мен жаздың ыстығына қарамай, округтің тазалығын қадағалап жүрген «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің бөлім басшысы Нұрбол Жетпісбаев, аталмыш мекеменің оңалту рәсімі басқарушысының орынбасары Талғат Торғаев және осы жерде еңбек ететін әрбір азаматқа ризашылығым шексіз, – деп ағынан жарылды Айткүл Ақылбекқызы.
Айткүл Қосарованың есімі тараздықтарға жақсы таныс. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған кейіпкеріміз бүгінде зейнет демалысына шықса да қоғам өмірінен қол үзген емес. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы №25 орта мектепте ата-аналар комитетінің төрайымы. 10 жылдан аса уақыттан бері осы қызметті абыроймен атқарып, оқу ордасындағы оқу-ағарту, тәрбие жұмыстары мен көпшілік шараларды ұйымдастыруға ерекше атсалысып, ақыл-кеңесін аямай беріп келеді. Сондықтан осы білім ордасындағы толайым табыстарға Айткүл Ақылбекқызының да қосқан үлесі бар десек, артық емес.
Бүгінде қоғамның белсендісінен қайраткеріне айналған жан өз аумағының жоқ-жітігін түгендеп, өзекті мәселелерін жергілікті биліктің назарына жеткізуден де еш тайсалмайды. Қашанда ақты – ақ, қараны – қара деп айтатын Айткүл Қосарова осылайша билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнатуда. «Amanat» партиясының мүшесі ретінде де ауқымды мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етіп келеді.
Округтегі қайырымдылық шараларының да басы-қасынан өзі табылады. Осал топтағы жандарға тікелей өз атынан демеушілік етіп, жәрдем көрсеткен кездері де жетерлік. Тазалықты жаны сүйетін кейіпкеріміз үнемі өз аумағындағы жастарды ұйыстырып, сенбілікке шақырады. Соның нәтижесінде 2024 жылы «Таза аула» байқауында жүлделі І орынды иеленді. Қазіргі таңда 4 перзентінен 11 немере, 11 шөбере сүйіп отырған асыл әженің әрбір ісі мен өнегесі өскелең ұрпаққа таусылмас тағылым екені даусыз.
Ұлыстың ұлы күнін сән-салтанатымен атап өту №5 аумақтық округте дәстүрге айналған. Жыл сайын округ тұрғындары айналаны думанға бөлеп, шаттық құшағына енеді. Сондықтан бұл осы аумақтағы алғашқы Наурыз мерекесі емес. Айткүл Ақылбекқызы секілді қоғамның ұйытқысына айналған жандар барда осы аумақтағы ұлан-асыр тойлардың легі әрі қарай да үзілмесіне сенім мол.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.