АРДАГЕРЛЕР ФОРУМЫ

70
«Заң мен тәртіп – Әділетті қоғам»
Еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуі – ең алдымен заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Осы бағытта елімізде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы қабылданып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық санасын көтеру басты мақсат етіп қойылған.
Бүгін аудан орталығында №7 «Келешек» мектебінде «Заң мен тәртіп — Әділетті қоғам» тақырыбында аудандық ардагерлер форумы өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров модераторлық еткен форумда алдымен аудан әкімі сөз алып, аталған тұжырымдаманы жүзеге асыру бағытында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құрылған 5 аудандық топ мүшелерінің атқарып жатқан жұмыстары, учаскелік полиция инспекторларының қызметін күшейту, бейнебақылау камераларын орнату және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің тиімділігін атап өтті.
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек билер институтының тарихтағы маңызы мен қазіргі қоғамдағы тәрбиелік мәні жайлы ой бөлісті. Ол ата-бабадан қалған әділ билік дәстүрін жаңғырту қажеттігін айтты.
Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров «Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның кепілі» тақырыбында баяндама жасап, ардагерлердің жастарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеудегі үлесі жайлы сөз қозғады. Ол құқық бұзушылықтың алдын алуда ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық белсенділіктің маңызын ерекше атап өтті.
Байзақ аудандық сотының төрағасы Досжан Төленбеков «Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі» атты баяндамасында заң мен әділдік қоғамдағы басты өлшем екеніне тоқталды. Әсіресе, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырудың, отбасы тәрбиесіне назар аударудың және қоғамдық бақылауды күшейтудің маңыздылығына баса назар аударды.
Аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов «Заң мен тәртіп – қауіпсіз әрі жайлы елдің негізі» тақырыбында баяндама жасады. Ол құқық қорғау органдарының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметі, құқық бұзушылықтың алдын алу, интернет алаяқтық мәселелері мен заң үстемдігін нығайту жолындағы жұмыстарды баяндады.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Руслан Ерген «Азаматтық қауіпсіздік – басты міндет» тақырыбында сөз сөйлеп, қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі негізінде сақталуы керектігіне назар аударып, қоғаммен бірлескен жұмыстың нәтижесі тиімді болатынын айтты.
Форум соңында аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл «Заң мен тәртіпті сақтау – қоғам тұрақтылығының кепілі: Ислам үлгісі» тақырыбында сөз сөйлеп, дін мен тәртіптің өзара байланысына маңыз берді. Қоғамның өзгеруі жеке тұлғаның өзгеруінен басталады, әрбір адам заңға бағынып, құқық бұзушылық жасамаса, әділетті қоғам құрылатынын айтты.
Жиын соңында Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хаты және облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.