Бүгін Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/1 мекемесінде еліміздің негізгі заңы Конституцияның 24 жылдығына арналған салтанатты жиын болып өтті. Басқосуға аталған мекеменің басшы және жеке құрам қызметкерлері, ардагерлер қатысты.
Жиын мемлекетіміздің Әнұранымен басталды. Мекеме бастығының міндетін атқарушы әділет подполковнигі Бауыржан Сауранбаев жиналған қауымды еліміздің басты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
— Сіздерді мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің Конституция жаңа Қазақстанның қарыштап алға басуының кепіліне айналды. Осыдан 24 жыл бұрын Елбасының бастамасымен әзірленген және бүкілхалықтық қолдауға ие болған Ата Заңымыз жалпыұлттық референумда қабылданды. Ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты Заңның авторы — бүкіл Қазақстан халқы. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Бүгінде Конституция — егемен еліміздің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын бірден бір құжат. Өткен 24 жыл ішінде қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуде Конституциялық принцип және оның нормасы еліміздің тәуелсіздігін, экономикалық нығайтудың басты құралына айналды.
Елімізде заңдылық пен конституциялық тәртіптің салтанат құруы негізгі бағыт саналады. Заңдылықты бұлжытпай орындау немесе сақтай білу жауапкершілігі Қазақстанның тұрақты дамуына жағдай жасай отырып, барлық құқықтық қызметтің өркен жаюына жол ашып берді.
Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар істер атқарып келеміз.
Біз тәуелсіздіктің алғашқы 28 жыл ішінде қуатты ұлтқа, әлеуетті елге айналдық. Еліміз 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясында көзделген мақсаттарды іске асыруға кірісті. Соның ең бастысы — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуді өзіне мақсат етіп қоюы болып отыр. Стратегияның барлық мақсаттарына қол жеткізу қазақстандықтардың бірлігі мен Конституция қағидаларын мүлтіксіз орындау негізінде болмақ,- деді Б.Сауранбаев.
Бұдан кейін мекеме бастығының орынбасарлары әділет капитаны Нұржан Кутумбетов және әділет аға лейтенанты Бикен Калимбетов сөз алып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Бұдан әрі жиын Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мемлекеттік мерекесіне орай зейнетке шыққан ардагерлерді марапаттауға ұласты. Бұл күні Асқар Құдайбергенов, Мадияр Абдраймов, Ерлан Иманбердиев және Клара Ахметжановаға құрмет көрсетіліп, мекеме басшылығы тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ринат Ақышев,
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/1 мекемесінің кадр саясаты бөлімшесінің бастығы әділет капитаны