Анасынан мейірім көрмеген қыз туралы…

72
Есімнен кетпейтін бір оқиға бар. «Керек кеңестер» газетін шығарып жүрген жылдары оқырмандар бізге жиі хабарласатын. Құқықтық, психологиялық, медициналық, тұрмыстық – өмірдің алуан саласына қатысты сұрақтармен келетін. Біз олардың сауалдарын жазып алып, мамандарға жолдайтынбыз.
Бірақ арасында кеңестен гөрі, жай ғана «внимание» жетіспейтін жандар да кездесетін. Кейбірі сағаттап сөйлесіп, ішіндегі шерін тарқатқысы келеді. Тыңдайсың. Өйткені кейде олардың әңгімесінен газетке лайықты тақырып шығып қалуы мүмкін. Бірақ көбіне айтқан әңгімелері газет форматына сәйкес келмейді. Сондай оқырмандардың бірі – жоғары сыныпта оқитын жасөспірім қыз еді.
— Мамам мені жек көреді, — деді ол алғашында.
— Неге олай ойлайсың? — деп сұрадым.
— Өйткені анам менімен сөйлеспейді. Не айтсам да тыңдамайды. Бар назары сіңлімде. Оның айтқаны – заң. Не қаласа, әпереді. Ал мен сұраған затты өмірі алып бермейді.
— Әкеңе айттың ба?
— Әкем жұмыста. Таңертең ерте кетіп, кешке бір-ақ келеді. Үйде не болып жатқанын білмейді де…
Шынымды айтсам, сол кезде жас қыздың бұл әңгімесін балалық реніш, еркелік деп қабылдадым. «Әр үйде болады ғой мұндай» деген ой келді. Барынша жұбатып, ана үшін бар баласы бірдей қымбат болатынын түсіндіріп бағам. Ондайда қыз үндемей қалатын. Бірақ арада екі-үш күн өтпей жатып қайта хабарласып тұрады. Іштегі реніші, жалғыздығы, анасы мен сіңлісінің өзін мазақ ететіні жайлы баяндайды. Бірде үйден қашып кеткенін де айтты. Ата-анасы көп ұзамай тауып алыпты.
Мен болсам, әдеттегідей сабырға шақырам, ақыл айтам. Бірақ дауыс көтермеймін. Мүмкін, сөзіне құлақ асып, өзін тыңдайтын бір адамның табылғаны – оның қайта-қайта хабарласуына себеп болған шығар. Кейін мен де оның күн сайынғы қоңырауынан шаршап, жалыға бастадым. Бірде тіпті:
— Анаңның телефон нөмірін берші. Сөйлесіп көрейін. Қандай адам өзі? – деп едім қыз үндеместен тұтқаны қоя салды. Мүмкін, даусым қатқыл шықты ма екен? Содан кейін мүлде хабарласпады…
Қазір ойласам, сол қыз бізге бейсаналы түрде психологиялық көмек сұрап хабарласқан екен. Мен болсам, күнделікті күйбең тірлік, жұмыс-бала-шаға деп қарбаласып жүріп, оның жанайқайын елемеппін. Апта бойы жұмыс, демалыста үй шаруасы – кісінің жанын түсінбек тұрмақ, өз жанымызда не болып жатқанына үңілмейтін кезіміз еді ғой.
Қазір ойласам: біздің қоғамда өз балаларының барлығына бірдей махаббат бере алмайтын ата-аналар да бар екен. Кейбірі тек озат оқитын, жетістікке жеткен баласын ғана жақсы көреді де, өзгелерін тасада қалдырады. Бірақ бала – жарыса мақтану үшін емес, шынайы жақсы көру үшін жаралған. Жақсы көру – шартсыз болуы керек.
Сол қыз да анасының мейіріміне шөліркеп, хабарласты ма екен бізге?.. Бәлкім, ол – өзін тыңдайтын, түсінетін бір жан іздеген болар. Себебі шын мәнінде отбасында мейір-махаббатқа бөленіп өскен бала – сырттан жылу іздеп, өзгенің назар аударғанын қаламайды ғой. Қалай дегенде де ол қыз маған үлкен сабақ берді. Қазір мен балаларымды бөле-жармай, бәріне бірдей көңіл бөлуге тырысамын.
Гульмира Аширбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.