Анамызға 70 жас мерей той

490

Ана – адамды өмірге әкелетін қасиетті жан. Баласы үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін қашанда құрбан етуге дайын абзал жан. Баласы үшін тас емшегін жібітіп, тар жатырын кеңіткен ананың орнын адамзат баласы қашанда жоғары бағалаған.

Олай болуы заңды да. Адам баласы дәл осы ананың жатырында пайда болады, болмысы сонда қалыптасады, анасының қаны мен денесінен өзіне қажетті ең құнды дәрумендерді алады, сөйтіп күн санап, тіпті сәт санап үлкейіп, анасының қабырғасын керіп, ақыры жарық дүниенің есігін ашады. Ал, шыбын жанын ортаға салған әз ана босану барысында өлім мен өмірдің арасында арпалысумен болады.

Бірақ бұл қиындықтың бәрін жаңа босанған перзентін қолына алысымен-ақ ұмытуға дайын. Ол ол ма?!

Бала дүниеге келгеннен кейін де оны үнемі қасында ұстап, ақ сүтімен азықтандырып, түнгі ұйқысын төрт бөліп, сәбиді тынышталдырып, балам аш болмасын деп, еңбектеніп тыным таппайтын, перзенті ер жетсе, алаңдамай қоймайтын және де осы ана. Ендеше, адамзат үшін асыл қазына, Алланың берген ұлы сыйы – Ана.

Ол баланы тәрбиелеуден, ауырса емдеуден, қамқорлық етуден еш шаршамайды да, жалықпайды да. Сол үшін де Құран Кәрімнің аяттары да, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері де, ислам ғұламалары да, оның ішінде қазақ халқы да ананың орнын назардан еш тыс қалдырмаған.

Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде ананы құрметтеу, аналарға сүйіспеншілігі мен қамқорлығы үшін алғыс айту үшін атап өтілетін маңызды мереке.
Аналар күні мамыр айының екінші жексенбісінде АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Австралияны қоса алғанда 20-дан астам елде атап өтіледі. Бірқатар басқа елдер бұл мерекені бөлек күндерде атап өтеді.
 2024 жылы бұл мереке Қазақстанда алғаш рет атап өтіледі және 12 мамырға тұспа-тұс келеді.
  Бұл мереке Қазақстанда алғаш рет тойланбақ. 
Осы мерекемен тұспа-тұс менің екінші анамның туған күні келіп отыр.
Теміржолшылар әулетіне келін болып түскен анамыз  Райжан, елге сыйлы, еңбектің көрігінде қайнаған, Алметов Аманқұлдың жұбайы жетпістің жотасына шығып отыр.
 «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында». Міне, қасиетті дініміз де, халықтық таным да ананы ерекше қадір тұтып, осылай бағалайды. 

Райжан анамыз балаларына, өзінің отбасына ғана ақыл­шы ана емес, оның кең құшағына өзінен кейінгі тү­гел буын, тіпті әлем сыйып кеткендей. Ардақты жан  ақ жүрегімен, таза көңілімен күтіп алып, барын немерелер  алдына тосады. Емен-жарқын әңгімесін айтып, бауырына тартады. Әркез бар білгенімен бөлісіп, ақылын айтып, дұрыс жерімізді мадақтап, бұрыс кеткен тұсымызды тура айтып, ескертіп отырады. Аналық ақ батасын беріп, қуанышымызға қатар қуанып, тілектестігін білдіреді.

Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасы деген шағын ғана мемлекетіңіздің берік те бақытты болуы үшін, ең бастысы, өзгелерді, соның ішінде бірінші болып балаларды бақытты ету керек. Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргетасы – бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержетеді.

Сөзімізді түйіндей айтқанда, мемлекеттің тірегі – отбасы. Әйгілі Лев Толстой «Ең бақытты адам – отбасында бақытты адам» деп айтқан екен. Ал бұл бақыт – үй ішінің тыныш­ты­ғында.

Міне, осындай береке дарыған әулеттен тараған бес  бала бір-бір үй болып, өз салаларында табысты еңбек етуде.

Оның ішінде үш баланың  әке жолын қуып, теміржол саласында жұмыс істегені үшеу.
    Үлкен қайнағам Талғат бірнеше жылдар бойы теміржолда еңбек етіп, бүгінде халыққа қызмет етіп, мемлекеттік қызметке ауысқан.
  Әке берген тәлім тәрбие арқасында елге сыйлы, ұжымдастарына қадірлі азамат біліктілігімен еленіп жүр. Екінші ұлы Мақсат  осы салада тер төгіп келеді. Ал, үшінші ұлы менің жолдасым Асхат Тараз қаласында полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі.
Үйіміздің арулары:   Салтанат әке жолын қууға шешім шығарып, теміржол саласында біраз жылдар еңбек етіп,  белгілі себептермен ол саладан бас тартқан. Лаззат болса бүгінде ұлағатты ұстаз.
Ардагер теміржолшы әкеммен ардақты анам Райжанның бүгінде жиырмаға тарта немере, бестен аса шөберелері  бар.
Әкеміз- ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі болды. Ол тек бір отбасының  ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы бола білген кісі.
Райжан анашым болса, нұр жүзінен жылы шуақ төгілген жан.
Бүгінгі айтулы күнде:
— Аяулы Ана!  Әрқашан Алланың назарында, бақыттың базарында шалқып тасып жүре беріңіз! Сізге сарқылмайтын денсаулық, таусылмайтын бақыт тілейміз! Арамызда бүгінгі күндей жарқырап, күліп-ойнап жүре беріңіз!
Өмірдің әр қырынан іздеп арай,
Бақыт құсы самғасын Сізге қарай.
Жетпістің жотасынан еркін асып,
Сәтті қадам басыңыз жүзге қарай!,-деп ізгі ниетімізді білдіріп, немере шөберелерінің алдында жүре берсе екен деген перзенттік тілегіміз бар.
  • Екі тойың қабат болсын деген осы болар. Бүгінгі аналар дың әр күнін мереке қылса да перзент үшін артықтық қылмас, алайда жылына бір күнді анаға арнаймын деген адамға шектеу жасау да жөн болмас. Алла Тағала аналарымызға аналық бақытты сезінуді, қашан да перзенттерінің ықыласына бөленіп жүруді нәсіп етсін. Аналар күні құтты болсын!

Лаззат Алметова, Тараз қаласындағы N 64- мектептің ұстазы

Leave A Reply

Your email address will not be published.