Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 түзеу мекемесінде жазасын өтеуші азаматтармен кездесу өтті. Жиында «Ақниет» қоғамдық және оңалту орталығының инспектор теологы Сержан Құлтаев «Қадір түні: дұғалар мен амалдар» тақырыбында түсіндерме жұмыстарын жүргізді.
Ол өз сөзінде: «Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің ең қасиеттісі Қадір түні саналады. Өйткені бұл түні Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған. Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар. Осыған байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.
«Қадір» – араб сөзі. Тілдік мағынасы қадірлі, қасиетті, артық-кемі жоқ деген мағыналарға келеді. Ал шариғи терминдік мағынасына «бір жылда болатын істерді белгілеп, соның жазылуына Алла Тағаланың үкім беретін түні» деп анықтама берілген», – деді.
Кездесу соңында жазасын өтеушілер өз көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Жалпы, мұндай кездесулер сотталғандары арасында жиі ұйымдастырылады.
Кездесулер аясында бөтен идеологияның ықпалындағы сотталғандар экстремистік және террористік идеялардың әлеуметтік қауіптілігін түсініп, дәстүрлі діни ілімдерді игеруге бет бұрады.