Өңірлік мәслихаттар арасындағы семинар-кеңес

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Көне Тараз – ел бірлігі мен басқару дәстүрінің бесігі» атты өңірлік мәслихаттар арасындағы семинар-кеңеске қатысты.
Жиын барысында Бақытжан Әмірбекұлы шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
– Соңғы үш жылда Тараз қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде айтарлықтай өсім қалыптасты. Атап айтқанда, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 40, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 50, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 55, құрылыс жұмыстарының көлемі – 40, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 24, сауда айналымы 18 пайызға өсті, – деген шаһар басшысы әр салада атқарылған ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды.
2023-2025 жылдары шаһар аумағында 33 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, ағымдағы бюджет есебінен 62 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша 2024 жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті жөнделді. Ал, 2025 жылы Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 15 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түсті. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы 9 тұрғын үйдің қасбеттерін жөндеу жоспарлануда.
2023 жылдан бастап тозығы жеткен ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Тозығы жетуіне байланысты және тұрғындардың өтініштері бойынша шаһар аумағындағы 31 көшеде 24,4 шақырым құрайтын ауыз су құбырлары жаңартылды. Ал, ағымдағы жылы 13,8 шақырым тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңғыртылып жатыр. Нәтижесінде, қазіргі таңда Тараз қаласы 99,2 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.
2023-2024 жылдары шаһардағы 164 көшеге және өткен жылы 65 көшеге жарық шамдары орнатылды. Бұдан бөлек, 2025 жылы «Ұлы дала» шағын ауданындағы 22 көшеге және 23 аулаға жарық шамдары қойылды. Осылайша, екі жылдың ішінде 908 аула толықтай жарықтандырылды.
Қоғамдық көлік саласында да оң өзгерістер жетерлік. Атап айтқанда, бүгінде қаладағы қоғамдық көлік саны 330 бірлік автобустан 522-ге дейін артты. Жолаушылар бағыттарына қосымша 13 бағыт қосылып, қазіргі уақытта 46 бағытқа жетті.
Келесі кезекте қала әкімі депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Сонымен қатар кеңесте Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев, Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы Ибадулла Құттықожаев және Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы Анар Даржанова сөз сөйлеп, бүгінгі жиынның өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға септігі мол екенін айрықша атап өтті.
Comments (0)
Add Comment