КІТАП ӘЛЕМІНЕ ҚОШ КЕЛДІҢІЗ

Бүгінгі таңда технология дамығанымен, кітаптың орны бөлек. Кітап – адамның жан дүниесін байытатын, ойлау қабілетін арттыратын ерекше құрал. Ал кітапханашы – жай ғана кітаптарды реттеп қоятын маман емес, ол кітапты өмірдің маңызды бөлігіне айналдыратын адам. Оқырманның сұранысын зерттеп, олардың қажеттілігін қамтамасыз ету, кітап қорын үнемі жаңартып отыру – кітапханашылардың басты міндеттерінің бірі. 23 сәуір Ұлттық кітап және кітапханашылар күні мерекесіне орай, аудандық мәдениет үйінде «Кітап әлеміне қош келдіңіз!» атты ашық есік күні мерекелік кеші өтті.
Аталмыш шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың адам баласы үшін сарқылмас қазына екенін айтты.
Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Дарабоз» сыйлығының иегері, Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, жазушы Пернебай Дүйсенбин, еңбек ардагері, ақын Советкүл Жарылқасынова да сөз сөйлеп, руханияттың алтын қазығына баланған кітаптың маңызын жеткізді. Бірқатар кітапхана қызметкерлері аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйінің әншілері патриоттық рухта әндерді шырқаса, «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымы мың бұрала биледі. Кітапхана қызметкерлері жүрекжарды жырларды оқып, шараның көркін кіргізді.
Comments (0)
Add Comment