«Қылқындыру белгілері бар»: Маңғыстау облысында 12 жасар баланың денесі табылды

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында мектеп жасындағы баланың мәйіті табылды.
Оқиға туралы аудан тұрғындарының бірі мәлімдеген. Оның айтуынша, баланың денесінен қылқындыру белгілері байқалған.

«Алғашында балалардың бірі оны жай ғана әткеншекте ойнап жүр деп ойлаған. Кейін жақындап қарағанда, баланың беті көгеріп, аузынан ақ көбік шығып жатқанын көрген. Содан кейін ата-анасына хабар беріп, олар полиция мен жедел жәрдем шақырған. Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз», – дейді тұрғын.

Марқұмның өлімін жедел жәрдем қызметі де растады. Дәрігерлер оқиға орнына 1 маусым күні шақыртумен барып, 12 жастағы баланың көз жұмғанын анықтаған.

«1 маусым күні полицияға Атамекен ауылындағы үйлердің бірінде кәмелетке толмаған баланың қайтыс болғаны туралы хабарлама түсті. Алдын ала мәлімет бойынша 12 жастағы жасөспірім аулада қолдан жасалған әткеншекте ойнап жүріп, жазатайым оқиға салдарынан өміріне қауіп төндіретін жарақат алған. Бұл дерек бойынша адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, ал өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция департаменті.

ФОТО: ашық дереккөз

ult.kz.

Comments (0)
Add Comment