1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауданымыздағы мектеп жанындағы жазғы лагерьлердің ашылу салтанаты өтті. Бұл – балалардың жазғы демалысын қызықты әрі мазмұнды ұйымдастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Бүгінде аудан бойынша 39 мектепте 13 390 оқушы білім алса, олардың 9 772-сі жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылуда. Әсіресе, әлеуметтік жағынан осал топтағы балалардың демалысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Мектеп жанындағы лагерьлер 1–26 маусым аралығында жұмыс істейді. Онда балалар үшін спорттық жарыстар, ұлттық ойындар, танымдық және шығармашылық бағдарламалар, кітап оқу сағаттары, сондай-ақ экологиялық және патриоттық бағыттағы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да жүргізіледі.
Мектеп жанындағы жазғы лагерьлер балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Жазғы маусым барысында оқушылар қызықты демалыспен қатар, жаңа білім мен пайдалы тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады.