ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ НАР ТҰЛҒАСЫНА АТ МІНГІЗІП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, композитор, өнер зерттеуші, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановтың 90 жасқа толуына арналған «Сарысу төріндегі сырлы саз» атты көріністі, әдеби сазды кездесу кеші өтті.
Кешке ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, өнер және мәдениет қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Шара шымылдығы «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымының «Шашу» биімен ашылды. Мұнан соң әдеби композицияда өлеңдер оқылып, «Сарысу» халықтық театрының «Ән болып жаралдым» көрінісі қойылды.
Сарысу мақтанышының шығармашылығына арқау болған шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі: — Үстіміздегі жылдың 6 мамырында сонау батыстың атырапты алқабы Атырау өңірінде бастау алып, осыдан бір апта бұрын Тараз қаласында жалғасқан Қазақстанның Еңбек Ері, даңқты тұлға, жерлесіміз — Илья Жақанов ағамыздың 90 жасқа толу мерейтой салтанатының қоңыраулы керуені бүгін қасиетті Қаратау бөктерінде туған жерінде жарасым тауып отыр.Қадірлі Илья аға, Сізді барша сарысулықтар атынан тоқсанның төріне шыққан бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық пен отбасы амандығын тілейміз, — деп Илья Жақановтың иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар, жуырда ауданымызда өткен «Сырлы жүрек сазы» атты Созақ, Талас, Сарысу аудандары аралығында байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар тапсырылды. Мұнан соң ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов пен аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков те сөз сөйлеп, кештің маңыздылығына тоқталып, Илья Жақанов пен жары Тиышкүл апамызға арнайы сый- сияпат табыстады.
Кеш концерттік бағдарламаға ұласып, Жамбыл облыстық филармонияның әншілері Илья Жақановтың әуендерін әуелете шырқаса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Әсіресе «Жайлаукөл кештері» әні шырқалғанда тебіренбеген жан болмады. Қазақ өнерінің алдаспанына арналған шара осылайша сән — салтанатпен өтті. Кештен соң қадірменді қонақтар арнайы әзірленген мерекелік дастарқаннан дәм татып, өнер иесіне ақжолтай тілектерін ағытты.
******

Қазақстанның Еңбек Ері, жерлесіміз Илья Жақановтың 90 жас мерейтойына арналған дүбірлі шара аудандық мәдениет үйінің алаңында жалғасын тапты. Алаңда даңқты тұлғаның «Жайлаукөл кештері» әні шырқалып тұрды. Илья Жақановпен бірге келген қадірменді меймандарды аудан жұртшылығы алаңда ыстық ықыласпен қарсы алды.

Қазақы киім киген қыздар Илья Жақанов пен жұбайы Тиышкүл апаға гүл шоқтарын ұсынды. Аудандық кітапхана қызметкерлері сазгердің қолынан салынған сурет көрмелерімен таныстырды. Аудан әкімі Сәкен Мамытов Илья Жақановқа ат мінгізіп құрмет көрсетті. Айтыскер ақын Алик Бекмұсаев Сарысудың мақтанышына айналған аңыз тұлғаға жыр толғауын арнады. Ыстық ықыласқа толы шараны тамашалаған қонақтар аудандық мәдениет үйіне көңілді леппен беттеді.
Comments (0)
Add Comment