АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысандарды аралады.
Алдымен министр Тараз қаласындағы «Тараз қант зауыты» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Қант зауыты 25 жылдан кейін қайта жаңғыртылуда. Бүгінгі күні жабдықтар мен металл құрылымдарын бөлшектеу толығымен аяқталып, негізгі өндірістік нысандардың іргетасы қаланып, құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға аяқталып отыр. Зауытқа негізгі технологиялық жабдықтар мен арнайы техникалар толық жеткізілген.
Зауыт биылғы жылы 250 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін болады. Осыған байланысты қант қызылшасының қалдықтарын орналастыру үшін Жамбыл ауданынан арнайы жер телімі бөлінген.
Одан кейін Айдарбек Сапаров «TRZ AGRO» ЖШС-нің көкөніс қоймасының жұмысымен және ет комбинатының құрылысымен танысты.
Жақында пайдалануға берілген жаңа көкөніс сақтау қоймасының сыйымдылығы 12 мың тоннаны құраса, жобаның құны 1,8 млрд.теңгені құрайды. Қойма заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұндағы қондырғылар Нидерланд, Италия және Ресей Федерациясынан жеткізілген. Қойманың ерекшелігі мұнда көкөніс өнімдерінің сапасын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін голландиялық технология негізіндегі еден асты желдету жүйесі қолданылады. Қазіргі уақытта қоймаға 10 тоннаға жуық картоп дақылы сақтауға қойылған.
Сондай-ақ, министр серіктестіктің заманауи етті терең өңдеу кешенінің құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Бүгінгі күні нысан құрылысының шамамен 80 пайызы аяқталған. Жоба іске қосылғанда шикізат толық кәдеге жаратылып, өндіріс қалдықсыз технология қағидатымен жүзеге асырылады. Кешен құрамында мал сою және бөлшектеу алаңы, шұжық өндіру, консервілеу цехтары, сондай-ақ қайта өңделген өнім негізінде үй жануарлары мен балықтарға арналған жем шығаратын цех жұмыс істейтін болады.
Comments (0)
Add Comment