ALTYNSARIN INSTITUTE-НЫҢ «СЕРПІНДІК» ТҮЛЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ КӨМЕГІМЕН САБАҚ ЖҮРГІЗЕДІ

68

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтын соңғы бес жыл ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 700-ге жуық түлек тәмамдады.

«Серпін» бағдарламасы жас талапкерлер үшін оқу, жұмыс, болашақ ұғымдарымен сипатталады. Жалпыұлттық, қоғамдық маңызға ие жоба еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың біріне айналған. Аталмыш бағдарлама индустриалды-инновациялық жобаларға мамандарды даярлап, жұмыс күші мол аймақтардағы жастарға сұранысқа ие кәсіби білім беруді ұйымдастырады. Сәйкесінше, жастардың әлеуеттік және жұмыссыздық мәселелерін шешеді.

Altynsarin institute 2019 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасы аясында талапкерлерді оқуға қабылдай бастаған. Нәтижесінде бітіруші «Серпіндік» түлектер Қостанай облысының түкпір-түкпіріндегі мектептерде және білім беру ұйымдарында жұмыс атқарып келеді.

Өздеріңіз білетіндей, әлеуметтік бағдарламаның талаптарына сәйкес гранттық негізде оқуға түскен студентті 4 жылдық білімнен кейін сол өңірде жұмыспен өтеу міндеттері күтеді.

Бүгінде Торғай топырағында педагогикалық мамандыққа оқуға түскен «серпіндік» мұғалім мамандарын Арқалық қаласындағы мектептерден көптеп кездестіруге болады. Солардың бірі «Жаратылыстану және ақпараттандыру» факультеті, «6В01501 – Математика» білім беру бағдарламасының 2021 жылғы түлегі Умарбеков Абудаллах Даниярович. Ол 2017 жылы Түркістан облысындағы мектептің 11 сыныбын аяқтап, «Серпін» бағдарламасы арқылы солтүстік өңірге мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен. Ал, қазір қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясында математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

«Серпін» бағдарламасының талаптары бойынша жұмыспен өтеу 3 жыл болса, Абдуллах бүгінде соның үшінші жылында еңбек етіп келеді. Ең бастысы, институт түлегі меңгерген теориялық білімі мен тәжірибелік дағдалырын ұштастыра отырып, заман талап ететін сандық мұғалім талаптарын толық қанағаттандырып отыр.

Ол сабақтарында соңғы инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдануды мықтап қолға алып, соңғы кездері беделге ие жасанды интеллектінің көмегімен сабақ жүргізудің қыр-сырын меңгерген. Мектеп қабырғасында оқушылармен математиканың әртүрлі аспектілері мен оның қолданылуы және процесстерді оңтайландыру, деректерді талдау, нақты мәселелерді шешу үшін математикалық модельдерді әзірлеу сияқты тақырыптарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шәкірттерімен бірге ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген.

Одан бөлек, «Физика-математиканы оқытудың нәтижеге бағытталған жаңа модельі – кәсіби маман даярлаудың негізі» тақырыбында өткен халықаралық семинарда баяндама жасап, «Жаңа оқу жылында пәндерді оқытудың ерекшеліктері және мұғалімдердің құзыреттіліктерін арттыру» шеберлік сыныптарын өткізген. Сондай-ақ, «STEM технологиясындағы жасанды интеллектінің мүмкіндіктері» тақырыбында коучинг ұйымдастырып, «Педагогикалық идеялар фестивальі» жас мамандар арасында өткен байқауда І орынды иеленген.

Өз сөзінде: «Институтта білім алып жүрген кездің 3-4 курсында мен дуалды оқыту бойынша екі бірдей мектепте жұмыс жасау мүмкіндігін алдым. Профессор-оқытушылар үйреткен әдістемелік сүймелдеудің нәтижесінде оқушылармен тез тіл табысып кеттім. Оқу жылының соңында педагогтерге арналған «Ұлттық біліктілік тестілеуінен» жоғары ұпай жинап, қаладағы мектеп-гимназияға орналастым. «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен уақыттан бастап жайлы студенттік жатақханаға орналастым. Барлық назарымды оқу мен үйренуге салғанымнан болар, жұмысқа орналсуда қиындық туындаған жоқ», — деді институт түлегі.

Айта кетейік, Абдуллах жақында ғана отбасын құрып, «Серпін» бағдарламасының жұмыспен өтеу міндеттемесі аяқталғаннан кейін де осы өңірде тұрақтағысы келетіндігін жеткізді. Оңтүстіктен келген жастардың солтүстік аймақта орнығуы – бағдарламаның жүзеге асып жатқандығына және жемісін бергендігіне дәлел болып отыр.

Altynsarin institute

Маркетинг және коммуникация бөлімі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.